Орталық Азияда тұратын, қылмыс әлеміне қатысы бар адамдарға биыл "оңай" болған жоқ.
Қырғызстанның қауіпсіздік қызметі елдегі атышулы қылмыстық авторитетті өлтіріп, қарақшыларды ұстай бастады. Бірнеше аптадан соң, Өзбекстан да көршісінің ізімен қылмыстық топтарды қудалауға көшті.
Өзбекстан билігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресі 40 күнге жалғасады. Науқан аясында қылмыс әлемінде едәуір салмағы бар тұлға ұсталды.
Сәлімбай немесе Салим Богатый деген лақап атпен белгілі Сәлім Әбдуалиев өзбек халқына жақсы таныс. 2017 жылдан бері Өзбекстан ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті болды. Спорттың дамуына қосқан үлесі үшін мемлекет оны бірнеше рет марапаттады. 2006 жылы АҚШ-тың әшкере болған дипломатиялық телеграммаларында Әбдуалиев “Ташкент мафиясының бастығы” деп аталады. Ол шенеуніктерге жоғары лауазымдарды сатып, кәсіпорындарға тиімді мемлекеттік келісімшарттар алуға көмектескен.
Әбдуалиев президент Шавкат Мирзияевтің тұсында көзге түсе бастады. Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов 1990-жылдардың басынан 2016 жылға дейін мафияға қарсы күрес жүргізіп келді.
Ташкент полициясының 5 желтоқсандағы мәлімдемесіне сәйкес, Әбдуалиев заңсыз қару-жарақ сақтау бабы бойынша тергеуге алынған. Бұл жаңалық қоғамды дүр сілкіндірді.
Полиция хабарламасымен бірге жарияланған суретте 73 жастағы Әбдуалиев әдеттегідей қымбат пиджак пен таза аяқ киім емес, капюшоны бар қарапайым жейде киіп отыр. Ресми ақпаратта Әбдуалиевтің ұсталғаны туралы дерек жоқ. Кейінірек Азаттықтың ақпарат көздері Әбдуалиевтің бірнеше күннен бері үйіне бармағанын айтты.
"АҚША БОПСАЛАУШЫЛАР ИМПЕРИЯСЫ"
Әбдуалиев шынымен түрмеде болса, жалғыз қалмайтыны анық. Өйткені мемлекеттің «40 күндік ереуіл» науқаны аясында Ташкент қаласы мен облыстарда кемі 200 кәсіби қылмыскер ұсталған.
— Бұл шаралардың тиімділігін көру үшін екі-үш жыл уақыт керек, — дейді саясаттанушы, британдық Central Asia Due Diligence зерттеу компаниясының басшысы Әлішер Ильхамов.
Рейд кезінде Әбдуалиевтен басқа танымал тұлғалардың да аты аталды.
Ташкент полициясының дерегінше, Бахтиер Кудратуллаев пен оның екі сыбайласы ірі көлемде ақша бопсалау айыбымен ұсталған.
Кудратуллаевтың жүргізушісі мен басқа да ақпарат көздерінің айтуынша, ол 2018 жылы Ресей мен Қазақстандағы қылмыстық топ өкілдерін Ташкентке шақырып, іскерлік байланыстары туралы сөйлескен. Көбі мұны батыл қадам деп бағалап, Мирзияевтің тұсында қылмыстық авторитеттер күш ала бастады десті.
Ильхамовтың пікірінше, соңғы рейд кезінде ірі көлемде ақша бопсалау бабына ерекше мән берілген. Бұл инвесторларға мемлекет мұндай бассыздыққа жол бермейді деген месседж беру үшін әдейі ұйымдастырылған болуы мүмкін.
2021 жылы Мирзияев елдегі базарлар қылмыстық авторитеттерге ақша төлеп отырғанын, бұл заңсыздыққа тыйым салу керегін айтқан еді.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы науқан туралы 21 қарашада белгілі болды.
25 қарашада Ташкентте болған жағдай қуғын-сүргінге жол ашып берді. Бұл күні кешкісін рэп концертке барған адамдардың бір бөлігін жалған билетпен келгені үшін сыртқа шығарып жіберген. Олар бұған келіспей, концертте жаппай тәртіпсіздік басталған.
Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, тағы бір авторитет Гафур Рахимовты ұстауға ордер берілген. Бірақ полиция Рахимовтың ұсталғанын растаған жоқ.
Әбдуалиев сияқты Рахимов та ұйымдасқан қылмысқа қатысы барын жоққа шығарады.
Бұрынғы ішкі істер министрі Зокир Алматов аталған екі азаматты да мақтаған. Экс-министр 2019 жылғы сұхбатында оларды “спортсүйгіш патриоттар” деп атайды.
10 жыл бұрын АҚШ-тың қаржы министрлігі Рахимовты трансұлттық қылмысқа қатысы бар, Еуразияда заңсыз есірткі саудасымен айналысатын “Бауырлар шеңбері” желісіне мүше деп тапты. Рахимов ол кезде Лозаннадағы Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) басшысы еді. 2018 жылы Рахимов аталған қызметке тағайындалғаннан кейін AIBA мен Халықаралық олимпиада комитеті арасында шиеленіс күшейді. Бір жылдан кейін Рахимов отставкаға кетті.
"СЫЙЛЫ ҚАРАҚШЫЛАР"
Рахимов өзін Ресейдің жақтасы санайды. Ол 2014 жылы қысқы олимпиада ойындарын Сочиде өткізу үшін дауыс беру нәтижесіне ықпал еткенін айтып, мақтанады.
Ресей қауіпсіздік қызметінің бұрынғы офицері Александр Литвиненконың (2000 жылдары мемлекет қысымынан кейін шетелге қашуға мәжбүр болған, 2008 жылы Кремльді сынағаны үшін Ұлыбританияда уланған оппозиционер) айтуынша, Рахимов Мәскеудің ықпалды тұлғаларына басқа да қызмет түрлерін ұсынған. Литвиненко «Лубянская преступная группа» кітабында ресейлік шенеуніктердің сөзіне сүйеніп, Гафур атты кісі басқаратын «өзбек командасы» Санкт-Петербург мэрінің орынбасары, болашақ президент Владимир Путинге заңсыз ақша жеткізумен айналысқанын жазады. Путин Литвиненконың бірде-бір айыптауын мойындамады.
Өзбекстанда Рахимов Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті болған. Кейін бұл қызметке Әбдіуәлиев келді. Қазір Рахимов — ұлттық бокс федерациясы басшысының орынбасары.
Бірнеше апта бұрын Ташкентте өткен бокс турнирінде Рахимов Мирзияевтің ұлы Миралишер Мирзияев және президенттің күйеубаласы Отабек Умаровпен бірге суретке түскен. Бұл шараға Майк Тайсон да қатысқан.
Көбі Өзбекстан билігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы науқанын Каримовтың 1990-жылдардағы күресімен салыстырады.
Жақында Қырғызстанда да осыған ұқсас рейд жүрді.
2020 жылы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет басшысы Қамшыбек Ташиев бандиттерге «жазасыз жүретін күндерің аяқталды» деген ескерту жасап, күлкіге қалған.
Ол кезде ұйымдасқан қылмысты жою идеясы ойдан шығарылған, жүзеге аспайтын мақсат болып көрінетін. Оның үстіне Ташиев пен одақтасы Қырғызстанның қазіргі президенті Садыр Жапаровтың билікке келуіне қылмыстық топтар көмектескен деген жорамал бар.
Үш жылдан кейін Ташиев сөзінде тұрған сияқты.
4 қазанда Қырғызстанның қауіпсіздік қызметкерлері АҚШ санкциясына іліккен, «Бауырлар шеңбері» желісімен байланысы бар, Коля қырғыз деген атпен белгілі Қамшыбек Көлбаевты Бішкектің қақ ортасында атып өлтірді.
Кейінгі бірнеше аптада ұсталған қылмыскерлер көбейді. Қауіпсіздік қызметкерлері мафияға қатысы бар адамдарды ғана емес, олармен байланысты кәсіпкерлерді де ұстады.
Қылмыс әлемінің ықтимал өкілдері үкіметті қолдап, заңсыз жолмен ақша табуға болмайды деген видео түсіре бастады.
Өзбекстандық сарапшы Ильхамов пен қырғыз саяси шолушысы әрі журналист Бөрібек Құдаяров "ұйымдасқан қылмысты жеңдік" деп дабыл қағуға әлі ерте дейді. Сарапшының сөзінше, Қырғызстанда ұйымдасқан қылмыс саясат пен сот жүйесін жемқорлық ошағына айналдырған.
Құдаяровтың болжамынша, Көлбаев саясаткерлермен бірге жиі көзге түсе берген соң, Қырғызстан билігі саяси жүйеге қылмыскерлер ықпал етіп отыр деген сөзден қорқып, белді тұлғаның көзін жоюға бел буған.
— Жапаров пен Ташиев ұйымдасқан қылмысты түбірімен жойғысы келеді дегенге сенбеймін. Олар Қазақстандағыдай модель болғанын қалайды. Ол жақта да ұйымдасқан қылмыс бар, бірақ қылмыс әлемінің көшбасшылары көзге түспейді, саясатқа аса ықпалы жоқ, — дейді Құдаяров.