Accessibility links

Еуроодақ Орталық Азиядан қашқан белсенділерді неге депортациялап жатыр?


Мухсинжон Ахметовті (оң жақта) тергеу изоляторынан қарауыл алып барады, Өзбекстан.
Мухсинжон Ахметовті (оң жақта) тергеу изоляторынан қарауыл алып барады, Өзбекстан.

Франция мен Германия өзбек, тәжік азаматтарын депортациялау туралы шешім шығарып, белсенділердің сынына қалды. Олар тұтқындағы азаматтар туған жерінде азаптауға ұшырайды деп алаңдайды. Сарапшылар Еуроодақ босқын мәртебесін сұраған адамдарды жиі депортациялай бастағанын айтады.

2020 жылы сәуірде Францияның Монтерей қаласында түсірілген видеода бір топ адам өртке оранған көпқабатты үйдің үшінші қабатына көтеріліп, балконда қалып қойған қарт кісіні құтқаруға тырысады.

Құтқарушылардың бірі қара түтіннің арасына қойып кіріп кетіп, зейнеткерді көтеріп шығады. Қалғандары оны өрт тимеген көрші балконға өткізеді.

Осының бәрін сырттай бақылап тұрған халық пен өрт сөндірушілер қуана қол соғады.

Сол күні құтқару тобының қатарында өзбек азаматы Мухсинжон Ахметов те болған.

14 қарашада Франция билігі оны Өзбекстанға депортациялады. Экстремизм бабы бойынша айыпталған Ахметовті туған жерінде түрме жазасы күтіп тұр. Белсенді бұл айып ойдан құрастырылған дейді.

Енді Ахметов 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

7 желтоқсанда Францияның әкімшілік істер жөніндегі жоғарғы конституциялық соты Conseil d'etat депортация туралы үкімді заңсыз деп тауып, билік Ахметовті елге қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, өтемақы төлеуі керек деген ұйғарымға келді.

Бірақ конституциялық сот шешімі кеш шықты.

Ахметовтың ісі сарапшылар «трансұлттық қуғын-сүргін» деп атайтын Еуропа елінің билігі ықпал еткен ең таң қалдыратын істердің бірі ретінде есте қалатын шығар.

— Депортация саны күрт өсті. Швеция тамызда 83 өзбекті депортациялады. Арасында қырғыз азаматтары да бар. Бұл Еуроодақтың жауапсыздығын көрсетеді және Орталық Азиядағы радикализацияға әсер етуі мүмкін, — дейді Орталық Азиядағы адам құқықтары қауымдастығының (AHRCA) төрағасы Надежда Атаева.

Надежда Атаева 2011 жылы Брюссельдегі Еурокомиссия ғимаратының алдындағы митингіде ұсталған өзбек құқық қорғаушыларын қорғау қажеттігін айтып тұр.
Надежда Атаева 2011 жылы Брюссельдегі Еурокомиссия ғимаратының алдындағы митингіде ұсталған өзбек құқық қорғаушыларын қорғау қажеттігін айтып тұр.

13 желтоқсанда Атаеваның ұйымы норвегиялық Хельсинки комитеті және Адам құқықтары жөніндегі халықаралық серіктестікпен бірге “Франция Ахметовті депортациялау арқылы Адам құқықтары жөніндегі Еуропа конвенциясын бұзды” деп мәлімдеді.

Аталған құқық қорғау ұйымдарының дерегінше, кейінгі үш жылда Өзбекстанның тергеу изоляторларында 12 адам азаптаудан көз жұмған.

ФРАНЦИЯҒА ЖОЛ

Ахметов өзбек эмигранты, кәсіби құқық қорғаушы Атаевамен 8 жылдан бері таныс.

Олар 2015 жылы танысқан. Өз елінде ағаш ұстасы болып жүрген Ахметов әйелі мен екі баласынан ажырап, 10 жылға елден кетуге мәжбүр болған.

Сол жылы Рамазан айында полиция Ахметовтің үйіне басып кіріп, өзін ұстап әкеткен. Оны бірнеше күн бойы азаптап, тергеп, ешкіммен сөйлестірмей қойған.

Полиция Ахметовтен Өзбекстанда экстремистік ұйым саналатын «Хизб ут-Тахрир» ислам тобының мүшесі екенін мойындауды талап еткен.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың тұсында дінге жақын азаматтар қудалауға жиі ұшырайтын. АҚШ мемлекеттік хатшысы Өзбекстандағы дін еркіндігінің жайына алаңдаушылық білдірген. Өзбекстан дін еркіндігін шектейтін ел мәртебесінен қазіргі президент Шавкат Мирзияевтің тұсында ғана арылды.

Ахметов полицияның талабын орындамаған. Ақыры қалағанына қол жеткізе алмаған полиция әбден азапталған тұтқынды жайына жіберген.

Ахметовтің анасы ұлының денесіндегі жарақаттарды көріп, прокуратураға арыз беруді ұсынады. Полиция бұған жауап ретінде Ахметовке қарсы экстремизм бабы бойынша іс қозғайды.

Атаеваның айтуынша, айыптауға тергеу кезінде Ахметовтің телефонынан табылған видео негіз болған.

Ахметов “видеоны полиция жүктеген” дейді.

Видеода «Хизб ут-Тахрир» ұйымына қатысы болмаса да, Каримовты биліктен тайдырып, ислам мемлекетін құрмақ болғаны үшін «экстремистік» атанған «Өзбекстанның ислами қозғалысы» тобымен байланысты Тахир Юлдашевтің сөзі бар.

Юлдашев 2009 жылы дүние салған. Тергеушілер радикалдарға әлдеқашан қайтыс болған адам қаһарман бола алмайтынын ескермеген.

Адвокаттың өзі Ахметовке қашуға кеңес берген.

Ол әуелі Санкт-Петербургке барған. Ташкент өзін тұтқындауға ордер шығарғанын естіген соң, батпақты даламен жүріп отырып, Эстония шекарасына өткен. Сол жақта ұсталып, бір жарым жыл бойы Еуроодақтың депортациялық орталығында отырған.

Эстония билігі оған жұмыс істеуге рұқсат еткенімен, босқын мәртебесін бермеген. Сондықтан 2019 жылы Ахметов Германия мен Францияға барады. Парижге жақын Монтерей қаласында шешен эмигранттармен бірге ескі үйден орын тауып, ара-тұра шақыратын жұмысқа тұрады.

Өрт кезінде қарт кісіні құтқарғаны үшін ақпарат құралдарына шығып, Монтерей мэрінен медаль де алған. Тұрғындар зейнеткерді құтқарған эмигранттарға Францияда тұрақты қалып, жұмыс істеуге рұқсат беруді талап етіп, петиция жариялаған. Құжатқа 30 000 адам қол қойған.

Бірақ билік Ахметовтің босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қанағаттандырмай, оны Франция мемлекетіне қауіп төндіретін тұлғалар тізіміне қосты.

Ахметов үш ай қамауда отырғаннан кейін ұзақ уақыт полицияның бақылауында болды.

Өз елінде “халық жауы” атанған Орталық Азия азаматтарының Еуропадан заңды құжат алуына ұзақ уақыт кетеді. Легализация процесі аяқталғанша, көші-қон заңнамасын бұзуға болмайды.

Венадағы «Еуразия үшін бостандық» үкіметтік емес ұйымының төрағасы, заңгер Лейла Назгүл Сейітбек Батыс елдері босқын мәртебесін сұраған диссидентке тағылған айыптың астарына үңіліп жатпайды дейді.

— Олар [ықтимал] экстремистік немесе террористік қылмысты көреді де, экстрадиция, депортация процесін бастап жібереді, — дейді Сейітбек.

Орталық Азия елдері шығарған, Интерпол растаған экстремистік айыптар бірден Шенген ақпараттық жүйесіне енеді. Сондықтан мұндай айып тағылған азаматтарға босқын мәртебесін алу қиын.

Бірақ экстремизм бабы Орталық Азия мен Еуропада екі түрлі қолданылады. Құқық қорғаушы бұған мысал ретінде Словакиядан депортациялануы мүмкін тәжік азаматының хикаясын айтып берді.

Орталық Азияда адамдарды Facebook-тегі “Тәжікстан билігі тозақ отына жансын!” деген жазбасы үшін де “экстремист” деп айыптауы мүмкін.

— Мұндай жазба жағымсыз болса да, экстремизм не терроризмге жатпайды, — дейді Сейітбек.

Кейінгі жылдары тәжіктердің көбі билікті сынап, белсенді болғаны үшін экстремист атанып, Еуропада жүрген жерінен экстрадицияланып, ұзақ жылға түрмеге жабылған.

Өткен аптада «Группа 24» оппозициялық тобы белсенді Біләл Құрбанәлиев көші-қон ережесін бұзды деген айыппен елге жеткізілгенін хабарлады. Ол – биыл Берлиннен Тәжікстанға депортацияланған екінші саяси белсенді.

Германиядан Тәжікстанға депортацияланған Біләл Құрбанәлиев. 2023 жылы Берлин Душанбеге Абдулла Шамсиддинді де берген.
Германиядан Тәжікстанға депортацияланған Біләл Құрбанәлиев. 2023 жылы Берлин Душанбеге Абдулла Шамсиддинді де берген.

Freedom House ұйымының трансұлттық қуғын-сүргін мәселесі бойынша ғылыми қызметкері Грэди Вонның сөзінше, Германия Құрбанәлиев пен қаңтарда депортацияланған белсенді Абдулла Шамсиддиннің ісін қарау кезінде Тәжікстанның қуғында жүріп ұсталған белсенділерді қалай жазалайтынын ескермей, оларды елден шығармау принципін бұзған.

Құрбанәлиев қыркүйекте Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Берлинге ресми сапары кезінде президентке қарсы наразылыққа шықты. Осыдан кейін биліктің белсендіге кескен жазасы тым қатаң болуы мүмкін.

Сарапшылар трансұлттық қуғын-сүргінге ұшыраған мигранттардың тағдырын шешуде оларға тағылған айыптардың астарына үңілуге, халықаралық полиция ұйымы — Интерполды реформалауға шақырады. Францияның Лион қаласында орналасқан халықаралық полиция ұйымына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан да мүше.

Интерпол саяси асыра сілтеушілікке жол бермеу үшін ішкі процестерді жақсартуға тырысқанымен, бұл реформаның тиімділігін бағалау қиын. “Өйткені Интерпол деректерді жариялауға ашық емес”, — дейді Вон.

АХМЕТОВ ІСІНДЕ ҮМІТ БАР МА?

Қазір Өзбекстанның Ферғана облысында қамауда отырған Ахметов — туған жеріне оралғаннан кейін сот шешімімен депортациясы заңсыз деп танылған бірінші азамат емес.

2020 жылы Австрияның жоғарғы соты Вена билігінің оппозициялық белсенді Хизбулло Шовализоданы депортациялау туралы шешімін жарамсыз деп тапты. Ол Душанбеге депортацияланып, экстремизм бабымен 20 жылға қамалған еді.

Сот шешімі Тәжікстандағы жағдай туралы ескі ақпаратқа негізделген деген қаулы Шовализоданы босатуға көмектесе алмады.

2019 жылы Ресейден күштеп әкетілген тағы бір тәжік белсенді жаппай наразылықтан кейін Нидерландыға қайтарылды.

2020 жылы Австриядан Тәжікстанға депортацияланған Хизбулло Шовализода өз елінде "экстремизм" айыбы бойынша 20 жылға қамалды.
2020 жылы Австриядан Тәжікстанға депортацияланған Хизбулло Шовализода өз елінде "экстремизм" айыбы бойынша 20 жылға қамалды.

5 желтоқсанда АҚШ сенаты халықаралық қатынастар жөніндегі комитетінің төрағасы Бен Кардиннің Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға хат жазғаны белгілі болды. Хатта комитет төрағасы Тәжікстан президентін саяси қарсыластары мен діни азшылық өкілдеріне қарсы ішкі және трансұлттық қуғын-сүргін шараларын қолданбауға шақырған.

Тәжікстан бұл хатқа жауап бермеді.

Ахметов Франциядағы соңғы айын депортациялық орталықта қамауда өткізген. Атаеваның айтуынша, Ахметовтің ұсталуына өзі тұрып жатқан аумақтан ұзап шықпау туралы ережені бұзуы себеп болған.

Француз полициясы оны Палестинаны қолдауға арналған демонстрациялардан кейін Парижде тексеру жүргізіп жатқанда ұстаған.

Франция билігінің Ахметовке қатысты неден күдіктеніп отырғаны белгісіз. Адвокат Люси Саймон қорғауындағы азаматтың ісімен таныса алмаған.

Атаева “Ілік болар ештеңе жоқ, олар Ахметовті депортациялау үшін оның қателескенін күтті”, — дейді.

23 қарашада Саймон өз блогына “экстрадиция Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотының екі қаулысын бұзды, онда Ахметовті Өзбекстанда не күтіп тұрғаны анық көрсетілген еді” деп жазды.

Саймонның пікірінше, Франция билігінің сот қаулысын бұзып, жедел әрекет етуі көші-қон саясатындағы өзгерісті көрсетеді.
Адвокат дерегінше, Франция билігі 7 қарашада депортациялық орталық күзетшілері камерадағы жағдайға шағынған Ахметовті матамен қылқындырған деген арызға жауап бермеген. 14 қарашадағы депортация шамамен бес сағатқа созылған.

Францияның ішкі істер министрлігі сот процесінің жедел өтуін Арраста мектепке шабуыл жасалуымен және ХАМАС тобының (Еуроодақ пен АҚШ экстремистік ұйымдар тізіміне қосқан) Израильмен соғысқа байланысты “ашу-ыза күндерін” жариялауымен түсіндірді.

— [Ахметов] бұрын-соңды террористік акт жасағаны үшін сотталмаған. Оған тіпті, мұндай айып та тағылмаған. Не ХАМАС-ты, не Аррастағы террористі танымайды. Саяси дискурсты қорқынышпен безендіру — қауіпсіздік сылтауымен еркіндігімізден айырудың амалы, — дейді Саймон.

XS
SM
MD
LG