Accessibility links

Балаларға ақша аудару, декларация, 85 мың теңге жалақы. 2024 жылы қазақстандықтарды не күтіп тұр?


Ұлттық қордан балаларға ақша аудару, 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге өсетін ең төменгі айлық, футболшылардың Еуропа чемпионатына шығу мүмкіндігі. Қазақстан азаматтары үшін 2024 жылғы маңызды оқиғалар қандай болмақ?

ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН БАЛАЛАРДЫҢ ШОТЫНА АҚША АУДАРЫЛАДЫ

Биылдан бастап Ұлттық қордан балалар шотына ақша түсе бастайды. Жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы кәмелет жасына толмаған қазақстандықтардың арнайы шотына аударылады. Үкіметтің айтуынша, бұған құжат тапсырудың қажеті жоқ, бәрі автоматты түрде мәліметтер базасынан алынады. Дегенмен әрбір ата-ана Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе egov порталынан баласының мәліметі дұрыс көрсетілген бе, жоқ па, соны тексергені жөн.

Шотқа жылына бір мәрте ақша түседі. Азаматтар жиналған қаржыны 18 жасқа толғаннан кейін баспана не білім алуға қолдана алады. Егер қаржыны алмаса 10 жыл бойы шотта сақталады. Бұл уақытта да қолданбаса ақша зейнетақы қорына аударылады. Қайтыс болса, мұраға қалдырылады.

Шанасын есекке жеккен балалар қыс мезгілінің қызығын тамашалап жүр. Қарасаз ауылы, Алматы. 2021 жылғы желтоқсан.
Шанасын есекке жеккен балалар қыс мезгілінің қызығын тамашалап жүр. Қарасаз ауылы, Алматы. 2021 жылғы желтоқсан.

Әр баланың шотына қанша ақша түсетіні әзірге белгісіз, үкімет ақшаны ақпанда аудара бастайтыны айтылды. Ресми дерек бойынша, елде 18 жасқа толмаған 6,7 миллионнан астам бала бар.

"Ұлттық қор – балаларға" жобасын президент Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі сайлауалды жолдауында ұсынған. Бірақ сарапшылар бір баланың қорына түсетін ақша айтарлықтай көп болмайтынын айтқан. Бұған қоса, экономистер Қазақстанда Ұлттық қор қаражаты тиімсіз жұмсалып жатқанын жиі сынайды. Кейінгі жылдары ел билігі бюджет дефицитін осы қордың есебінен жауып келген.

Zertteu Research Institute қоғамдық қорының сарапшысы, экономист Шолпан Әйтенова бұл бастаманы популистік деп бағалап, жоба кеш жарияланды деп санайды. Сарапшы мұны 20 жыл бұрын мұнай бағасы қымбат болған кезде айтқанда маңызы болар еді деген пікірде.

– Қазір ешкім инвестиция кірісіне нақты кепілдік бере алмайды, 18 жасқа толғаннан соң балалар қанша ақша алатыны белгісіз. 3,5 мың доллар жиналуы мүмкін деп болжады, бұл азғантай ғана соманың білім беру ақысы не тұрғын үй төлеміне айтарлықтай әсер етуі екіталай. Алайда бұл бастаманың басты артықшылығы бар, енді азаматтар Ұлттық қордан ашықтықты талап ете бастайды. Әлі күнге дейін Ұлттық қордың жеке сайты мен инвестиция қызметі бойынша егжей-тегжейлі есебі жоқ, – дейді Әйтенова.

МАҢЫЗДЫ 9 АЗЫҚТЫҢ БАҒАСЫН "НАРЫҚ РЕТТЕЙДІ"

Биылдан бастап үкімет маңызды тоғыз азық-түліктің бағасын реттемейді. Үкімет шекті баға белгілемейтін тамақтарға нан, сүт, тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, картоп пен жұмыртқа жатады.

Сауда және интеграция министрлігінің сауда комитеті бұл тауарларды отандық өндіріс 100 пайыз қамтып отыр, енді оларға бағаны нарық қояды дейді.

2025 жылға қарай маңызды он азықтың бағасын да нарық реттемек. Олардың арасында сәбіз, пияз, қырыққабат, күнбағыс майы сияқты тауарлар бар.

2022 жылдың елде инфляция көрсеткіші 20,3 пайыз болған. Бұған бірінші кезекте азық-түлік қымбаттағаны (бір жылда 25,3 пайыз қымбаттаған) ықпал еткен. 2023 жылы ақпанда сауда және интеграция министрі Серік

Жұманғарин азық бағасы арзандайды деген. Бірақ жыл бойы елде азық-бағасы тек өсумен болды.

ДЕКЛАРАЦИЯНЫҢ ҮШІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛАДЫ

Биылдан бастап Қазақстанда жеке кәсіпкерлер, бизнес орындары, компаниялардың басшылары және олардың жұбайлары кірісі мен мүлкi жөнінде декларация тапсыруға тиіс.

Олар кейінгі бір жыл ішінде елдегі және шетелдегі мүлкін, шетелдегі субъектіге үлесін, шетелдік банктердегі есеп-шотында жатқан ақшасын (+1000 АЕК, яғни 3 млн 450 мың теңгеден аса сома), Қазақстанда және шетелде тапқан табысын, тұрғын үйдегі үлесін, бағалы қағазы, цифрлы активтері мен салық шегерімдерін көрсетуі керек.

Кіріс декларациясы 2021 жылы басталды. 2024 жылы кәсіпкерлер мен оның жұбайлары декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсыру қажет. Бірінші рет құжат өткізбеген жандарға ескерту беріледі, ал заңды бір жылда қайта бұзғандарға 51750 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады.

Қазақстан өкіметі 2024 жылы жеке кәсіпкерлерді табыс декларациясын тапсыруға міндеттеп қана қоймай, олардың мобильді банктегі аударымдарын да қадағаламақ.
Қазақстан өкіметі 2024 жылы жеке кәсіпкерлерді табыс декларациясын тапсыруға міндеттеп қана қоймай, олардың мобильді банктегі аударымдарын да қадағаламақ.

Үкімет декларация тапсыру салық саласына толық бақылау орнатады, коррупциямен күрестің тиімділі артады, көлеңкелі экономика азаяды деген. Елде 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер, шенеуніктер мен олардың әйелдері декларация тапсыруды бастаған. Бірақ олардың декларациясы ашық жарияланбайды.

Қоғамдық мәселелерді анализдеу орталығының директоры, экономист Меруерт Махмұтова шенеуніктер декларация тапсырғанымен, одан әзірге ойдағыдай нәтиже шықпады, елдегі көлеңкелі экономика төмендеп жатқан жоқ деп санайды.

Меруерт Махмұтова.
Меруерт Махмұтова.

– Шенеуніктер табысы қанша екенін ешкім анықтаған жоқ. Декларация жарияланбады. Оған тек жалақыны жазады, бірақ қарап отырсақ, олар жалақысынан емес, жемқорлықтың арқасында байып жатыр. Ал оның бір мүмкіндігі – мемлекеттік сатып алу. Мемлекеттік қызметкерлердің декларация тапсырғанынан ашықтық болды деп айта алмаймын, – деді экономист.

Жоспар бойынша, 2025 жылдан бастап бүкіл халық декларация тапсыруға тиіс.

ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ – 85 МЫҢ ТЕҢГЕ

Былтыр Тоқаев Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі еңбекақы мөлшері көбейетінін мәлімдеген. 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңге (бұрынғысы 70 мың теңге), ал айлық есептік көрсеткіш 3692 теңге (бұрынғысы 3450 теңге) болады.

"2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға сәйкес, ең төменгi зейнетақы 57 853 теңгеге (бұрынғысы 53 076 теңге), базалық зейнетақы 28 215 (бұрынғысы 24 341 теңге) теңгеге дейін өсті.

Алайда экономист Меруерт Махмұтова елдегі ең төмен жалақы биыл өскеннің өзінде де бәрібір аз екенін айтады.

– Ең төменгі жалақыны көтерсе, азаматтардың күн көру жағдайын жақсартуға мүмкіндік бар. Бірақ 70 мың мен 85 мың теңге арасы жоқтан бар сияқты. Оның орнын инфляция толтырып отыр, бағалар өсіп жатыр, ол әлі де өседі. 85 мың теңге өте аз, халықтың күн көруіне аса әсер ете қоймайды, – деді сарапшы.

АДАМ ПАПИЛЛОМА ВИРУСЫНА ҚАРСЫ ЕКПЕ

2024 жылы Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцинация басталады. Екпе 11 жастағы қыздарға салынады. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, вакцинация науқаны 2024 жылдың үшінші тоқсанында, елдің барлық өңірінде бір мезгілде басталады деп жоспарланып отыр. Екпе ерікті түрде ата-анасының не қамқоршысының келісімімен салынады.

Адам папилломасы вирусының микроскоппен қарағандағы түрі.
Адам папилломасы вирусының микроскоппен қарағандағы түрі.

Адам папиллома вирусы – әлемде ең көп тараған вирус. Ол жанасу арқылы жұғады. Вирус заттардың беткі қабатында ұзақ өмір сүре алмайды. Сондықтан көбіне жыныстық жолмен тарайды.

2013-2015 жылдары Қазақстанның бірнеше өңірінде қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынды. Елде бұл екпеге қарсы пікір көбейген соң бағдарламаны тоқтатуға тура келді.

ГАЗБЕН ЖҮРЕТІН КӨЛІККЕ АРНАЙЫ БЕЛГІ

1 қаңтардан бастап газбен жүретін көлік иелері арнайы сары түсті белгі жапсыруы керек. Сауда және интеграция министрлігі жаңа белгі "газбен жүретін көліктерді бақылауға және жабық тұрақтарға кіруге тыйым салуға мүмкіндік береді" дейді. Ведомство бұл шешім азаматтардың қауіпсіздігі үшін қабылданғанын айтады. Себебі газ қолданатын көліктер жабық тұрақта тұрса, жарылуы қаупі бар.

Газбен жүретін көліктерге арналған белгілер. Біріншісі көлікті газбен жүретінін білдіреді, екіншісі газбен жүретін көліктерге кіруге тыйым салатын белгі.
Газбен жүретін көліктерге арналған белгілер. Біріншісі көлікті газбен жүретінін білдіреді, екіншісі газбен жүретін көліктерге кіруге тыйым салатын белгі.

Қазақстанда автогазға сұраныс көп. Бензинмен салыстырғанда арзан әрі тиімді болғандықтан автокөліктеріне газ құрылғысын орнатып алатындар бар.

100 МОБИЛЬДІ АУДАРЫМ

Биылдан бастап банк шотына үш ай ішінде ай сайын 100 не одан көп мобильді аударым алған мемлекеттік мекеме, квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметкерлері және олардың жұбайлары бақылауға алынады. Бұл — телефон арқылы төлем қабылдайтын және аударым жасайтын кәсіп иелеріне салық салудың жаңа тәртібі.

Былтыр қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев кәсіппен айналысатын Қазақстан азаматтарын аударымдар үшін арнайы шот ашуға үндеген еді.

Билік бұл бақылауды кезең-кезеңімен енгізбек. Жоспарға сай, 2025 жылы жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары, 2026 жылдан бастап барлық халықтың мобильді төлемдері бақыланады.

Банк мобильді қосымшасындағы QR-кодпен төлеу әдісі Қазақстанда кең тараған. Мамандардың айтуынша, билік мобильді төлемдер мен аударымдарды бақылауға алған соң, көлеңкелі экономика күшеюі мүмкін дейді.
Банк мобильді қосымшасындағы QR-кодпен төлеу әдісі Қазақстанда кең тараған. Мамандардың айтуынша, билік мобильді төлемдер мен аударымдарды бақылауға алған соң, көлеңкелі экономика күшеюі мүмкін дейді.

Кейінгі жылдары Қазақстанда екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары қатты дамып, халықтың көбі төлемдерді банк қосымшалары арқылы жасауға көшкен. Үкімет бұл салық түсіміне кері әсер етіп жатқанын бірнеше рет айтып, кәсіпкерлерге мобильді қосымша арқылы төлем қабылдамауға шектеу қоюға тырысқанымен, бұдан нәтиже шықпады.

ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫ МЕН ЕУРО-2024

Биыл жанкүйерлер асыға күтіп жүрген маңызды жарыстар өтеді. 2024 жылы Қазақстан спортшылары Париж олимпиадасына қатысады. Былтыр шілдеде Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) Қазақстанға Париж олимпиадасына ресми шақырту жіберді. Жазғы олимпиада 2024 жылы 26 шілде – 11 тамыз аралығында өтеді. Қазақстан Токио-2020 олимпиадасында бірде-бір алтын ала алмай (8 қола жүлде) алғаш рет жазғы ойындарда алтынсыз қалған.

Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасының ашылу рәсімінде. 23 шілде 2021 жыл.
Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасының ашылу рәсімінде. 23 шілде 2021 жыл.

Бұған қоса Қазақстан футбол құрамасы биыл жазда Германияда өтетін Еуропа чемпионатына Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы жолдама алуға мүмкіндігі бар. 21 наурызда Қазақстан Грекиямен ойнайды, егер жеңсе, Грузия-Люксембург арасындағы матчтың жеңімпазымен Еуро-2024 жолдамасына таласады. Еуропа чемпионаты 14 маусым – 14 шілде аралығында Германияда өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG