ҚазТАГ ақпарат агенттігі өздеріне DDoS-шабуыл қайта үдегенін мәлімдеп, президент әкімшілігі мен бірқатар құзырлы органдарға бағыттап, ашық мәлімдеме жасады.
Сайттың хабарлауынша, бұрын шетелден шабуыл жасалған кезде редакция Қазақстан аумағынан тыс жердегі IP-адрестердің барлығын жауып амалын тапқан. Редакцияның айтуынша, 4 қаңтарда сайтқа DDoS-шабуыл қайта үдеген. Бұл жолы шабуылдардың "түп-төркіні" Қазақстан аумағындағы IP-адрестер болып шыққан.
ҚазТАГ-тың түсіндіруінше, ең қарқынды шабуылдар "92.46" сандарынан басталатын IP-адрестен келіп жатыр.
"ҚазТАГ сайтына DDoS-шабуыл жасап жатқан "92.46" цифрынан басталатын барлық қазақстандық ІР-адрестер мына мекенжайда орналасқан: Алматы қаласы, Панфилов көшесі, 129 үй – бұл "Қазақтелеком" АҚ ғимараты" деп жазылған редакцияның мәлімдемесінде.
"Қазақтелеком" компаниясының баспасөз қызметі Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында мұны жоққа шығарды.
"Көптеген операторларда ірі контент-провайдерлердің осыған ұқсас кешені Қазақстанның барлық аумағында орналасқан және бұл контент сапасын жақсарту үшін қажет" деп жазылған компания хабарламасында.
Бұған қоса, компания "IP-адрестің белгілі бір аумақта орналасқаны жайлы ақпарат" оның дәл сол нысанда екенін білдірмейді, негізінен тіркеу орны ретінде ғана көрсетіледі деді.
Компания өкілдерінің айтуынша, "Қазақтелеком" мамандары аталған кешендегі серверлерге түскен салмақты тексеріп, әдетте DDoS-шабуылға тән болатын "ерекше трафик" байқалмағанын айтқан.
Сайттардың DDoS шабуылға ұшырауы және бұғатталуы – Қазақстанда жиі кездесетін құбылыс. Әлем елдеріндегі интернет-цензураны бақылайтын Open Observatory of Network Interference (OONI) коммерциялық емес ұйымының талдауы Азаттықтың Қазақ қызметінің сайттары (www.azattyq.org және rus.azattyq.org) Қазақстан аумағында бұғаттаудың жымысқы әдісіне ұшырағанын көрсеткен. OONI ұйымының талдауында Азаттық сайттарының ашылуына қойылған шектеуді сипаттау үшін "троттлинг" деген ұғымды қолданады. OONI сарапшылары 2022 жылы Қазақстандағы президент сайлауы кезінде троттлингке "Настоящее Время" сайты да ұшырағанын анықтаған.