Accessibility links

International Press Institute Қазақстанды шетел БАҚ-тарын аккредитациялау туралы түзетулерден бас тартуға үндеді


International Press Institute (IPI) Қазақстан парламентінде қаралып жатқан "Масс-медиа туралы" заң жобасы елдегі сөз бостандығына кері әсер етуі мүмкін деп санайды. Штаб-пәтері Венада шоғырланған халықаралық топтың айтуынша, аталған жоба қазіргідей күйде қабылданса, Қазақстандағы шетел ақпарат құралдарының жұмысын айтарлықтай шектейді және онлайн-басылымдарды үкіметте тіркеуге міндеттейді. Аталған ұйым Астананы даулы түзетулерден бас тартуға шақырады.

Өткен аптада парламент мәжілісінің депутаттары "Масс медиа туралы" заңға бірнеше өзгеріс енгізуді ұсынған. Ол бойынша сыртқы істер министрлігі "ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді" деп тапса, журналиске аккредитация беруден өз бетінше бас тарта алады. Ал аккредитациясы жоқ журналистердің жұмыс істеуіне тыйым салынады. Кейбір медиа сарапшылары бұл түзету осы күйде қабылданса, "ақпарат құралдарын шектейтін құралға айналуы мүмкін" деп қауіптенген.

Аталған даулы түзету Азаттық журналистеріне аккредитация берілмей отырған шақта талқыланып жатыр. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 36 тілшісіне аккредитация бермей келеді немесе аккредитация мерзімін ұзартпай жатыр. Олардың арасында 2022 жылдан бері аккредитациясы ұзармаған журналистер бар.

IPI директорының орынбасары Скотт Гриффен жобадағы "ұлттық қауіпсіздікке қатер" туралы пунктің бұлыңғыр тұстарына және шетел ақпарат құралдарын аккредитациялау туралы жаңа нормаларға "ерекше алаңдап отырғанын" мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл ұсыныстар "тұтас алғанда Қазақстанда шетел журналистерінің жұмыс істеуіне тыйым салуға немесе кәсіби қызметі үшін қудалануына жағдай туғызуы мүмкін".

Гриффен Азаттық кейсін алға тартып, редакцияның ондаған журналисі 2022 жылдың қазан айынан бері аккредитацияларын күтіп отырғанын, ал заң бойынша Қазақстан СІМ олардың өтініштерін екі айдың ішінде қарауға тиіс болғанын еске салады.

Алматыда тұратын британ журналисі Джоанна Лиллис IPI-ге берген комментарийінде аталған түзетулер шетел ақпарат құралдарының Қазақстандағы оқиғалардан хабар тарату мүмкіндігін шектеуі мүмкін деп айтқан. Ол "ұлттық қауіпсіздікке қатер" туралы тармақтың бұлыңғыр жазылғандығын алға тартады. Журналистің пікірінше, аталған тармақ сыни репортаж жариялайтын ақпарат құралдарын елге жібермеу құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Гриффен "онлайн-басылымдарды реттеу озық халықаралық тәжірибеге сәйкес жүргізілуге тиіс": "билік органында тіркеуді қосымша опция ретінде ұсынуға болады, бірақ ол міндеттелмеуі керек" деп есептейді.

Бұған дейін қазақстандық баспасөз қорғау ұйымдары "Масс-медиа туралы" заң жобасындағы бірқатар нормаларға және оның парламентте асығыс қаралуына алаңдаушылық білдірген. Жұмыс тобына кірген медиа сарапшылар пікірлерінің ескерілмегенін, жобаны талдап, дәлел-дәйек әзірлеуге жеткілікті уақыт берілмегенін айтқан.

Шетел ақпарат құралдарын аккредитациялау туралы ұсыныс енгізген депутаттар оларды орынды деп санайды және жекелеген ақпарат құралдарына бағытталмағанын айтады.

Жобаны әзірлеген үкімет түзетулерде оң өзгерістер барын, мысалы телеарналар мен радиостанцияларды қазақ тілінде көбірек хабар таратуға міндеттейтін тармақтар барын алға тартады.

XS
SM
MD
LG