Accessibility links

Алматыда белгісіз біреу әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап еткен белсендінің пикетіне кедергі жасамақ болды


Алматыда Вероника Фонова әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап етіп, пикет өткізіп тұр. 3 ақпан 2024 жыл.
Алматыда Вероника Фонова әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап етіп, пикет өткізіп тұр. 3 ақпан 2024 жыл.

3 ақпанда Алматыда "ҚазФем" қозғалысының белсендісі Вероника Фонова 8 наурызда әйелдер шеруін өткізуге рұқсат беруді талап етіп, пикет өткізді. "Власть" сайтының хабарлауынша, белгісіз ер адам Фонованың плакатын тартып алмақ болып, пикетке кедергі жасағысы келген.

Сайттың жазуынша, Фонова сенбі күні күндіз жалғыз адамдық акция өткізген, әріптестері шараны камераға түсірген. Белсенді акцияның мақсатын түсіндіріп, талаптарын айтып бола бергенде маска таққан ер адам жүгіріп келіп, оның плакатын жұлып алмақ болған. Ер адам жанындағы адамдарды полиция шақыруға үгіттеген. Оқиғаның барлығы видеоға түсірілген.

"Власть" сайты жариялаған видеода Фонова акцияның рұқсат етілген шара екенін айтып, өкінішке қарай кедергі жасағандардың заңды білмейтініне қынжылады.

Оқиға орнына келген полиция ер адам мен Фонованың арызын қабылдаған. Арызда белсенді өзінің плакатын жұлып алмақ болғанын баяндаған.

Бұған дейін феминистер әкімдік шеруге рұқсат етпесе, жалғыз адамдық пикеттер өткізетінін мәлімдеген. Алғашқы пикетті 2 ақпанда белсенді Лия Берген өткізген.

1 ақпан күнгі баспасөз жиынында әйел құқығын қорғаумен айналысатын ұйым белсенділері Алматы әкімдігі 8 наурызда шеру өткізуге рұқсат бермей отырғанын айтқан. Олардың сөзінше, жергілікті билік белсенділерге бейбіт жиынға бөлінген орындарда "мәдени шара өтеді", "шеру қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді" деген себептерді алға тартып, рұқсат бермеген.

Былтыр феминистер "қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді" деген негізге келіспей, әкімдікті сотқа беріп, жеңіліп қалған.

  • Қазақстанда жұрт бейбіт митинг өткізу үшін жергілікті әкімдікке алдын ала ескертуі тиіс. Бірақ билік көбіне түрлі себеппен бейбіт митингілерге рұқсат бере бермейді. Рұқсат етпеген митингіге шыққандар 10-15 күнге қамалуы я айыппұл төлейді.
  • Былтыр жыл соңында Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейту мәселесі қайта талқылана бастады. Нүкенованың қазасына оның күйеуі, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев күдікті ретінде қамауға алынған. Белсенділер мен құқық қорғаушылар тұрмыстық-зорлық зомбылықты "фемицид" деп танып, қылмыстық жаза тағайындауды талап етеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG