Мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТК+ тақырыбындағы Selftanu.kz сайтын бұғаттады.
Ведомствоның интернет-ресурстарды тексеретін парақшасында сайт "баланың денсаулығына, рухани және адамгершілік тұрғысынан дамуына зиян келтіретін ақпарат жариялағаны үшін" бұғатталғаны жазылған.
"Балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан халқы арасында ЛГБТ қозғалысы идеясын тарататын интернет ресурсты бұғаттады. Бұл шешімді шығарғанда балаларды психологиялық жасының ерекшелігі, балалар ақпараттардың теріс әсеріне әлсіз екені, Қазақстан қоғамы мен мемлекеттің мәдениеті, дәстүрі ескерілген. Бұған қоса, балаларды дұрыс әрі толық тәрбиелеу мақсатында сайтқа шектеу қойылды" деп жазылған министрлік түсіндірмесінде.
Министрлік "Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы", "Бала құқықтары туралы" заңдарға, сондай-ақ "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңдарға сілтеме жасайды. Ведомствоның хабарлауынша, "сайт заңға қайшы деп танылған мақалаларды өшірсе, қайта жұмысын жалғастырады".
2015 жылы "Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы" заң қабылданды. Онда балаларға ЛГБТ-ға ұатысты ақпарат көрсетуге тыйым салынған. Заңға президент қол қоймай тұрып, Конституциялық кеңес бұл жоба негізгі заңға сай келмейді деп тапты.
2024 жылы қаңтарда ашылған Selftanu.kz сайты жастарға денсаулық, қарым-қатынас, жыныстық бағдар туралы қазақша және орысша ақпараттар жариялаған. Жоба авторлары — Саша Казанцева мен Мүтәлі Москеу. Олар бұғаттау бойынша 13 ақпанда баспасөз жиынын өткізетінін хабарлады
2018 жылы ақпарат және коммуникация министрлігі "ақпараттық өнімді жас ерекшеліктеріне бөлу қағидалары мен әдістемесін бекіту" деген заң жобасын ұсынған. Заң жобасында 18 жасқа дейінді балаларға "ЛГБТ қауымдастығы мәдениетін көрсететін" ақпараттарға тыйым салу нормасы болған. Бірақ құқық қорғаушылар, журналистер мен белсенділердің және халықаралық құқық қорғау ұйымдары, БҰҰ бөлімшелерінің қарсылығынан соң бұл норма заң жобасынан алынды.
2021 жылы мәжіліс депутаты болған Бекболат Тілеухан 8 наурыз Әйелдер маршынан соң "жыныстық азшылық насихатынан" сақтайтын заң нормаларын парламентке енгізуді қарастыруды сұраған.
2022 жылы халыққа келін туралы фильмдерімен танылған актер Нұртас Адамбай "Базза Лайтер" мультфильмін "ұлттық құндылықтарға қайшы, ЛГБТ белгілері бар" деп, оны көрсетуге тыйым салуға шақырған. Осыдан соң мәдениет министрлігі бұл мультфильмге тыйым салған.
2023 жылы сәуірде мәжіліс депутаты Ардақ Назаров елде "ЛГБТ насихатына тыйым салуды" ұсынған еді.
Құқық қорғаушылар мен белсенділер "ЛГБТ насихатына қарсы" деп қабылданатын заңдар мен шараларды, айтылатын сөздерді адам құқығын бұзу және қоғамды екіге жару әрекеті деп санайды. Олар мұндай бастамалар адам құқығындағы "жеке өмірге араласпау" деген негізгі принципті бұзатынын айтады. Құқық қорғаушылар мемлекеттің мұндай әрекеттері ЛГБТИК+ өкілдерін қоғамнан шеттетуге әкеп соғады және Қазақстанның зайырлы мемлекет деген статусына, халықаралық аренадағы беделіне әсер етеді дейді.
ПІКІРЛЕР