Accessibility links

Сарыағаштағы 5 жасар қыздың өлімі: сот пробация қызметкерін екі жылға соттады


Сарыағаштағы 5 жасар бүлдіршіннің қазасы. Пробация қызметкері сотталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:57 0:00

Сарыағаштағы 5 жасар бүлдіршіннің қазасы. Пробация қызметкері сотталды

Сарығаштағы бес жасар қыздың былтырғы өліміне қатысты тағы бір үкім шықты. 13 ақпанда сот пробация қызметкерін бас бостандығы шектелген адамды қадағаламады деп екі жылға соттады. Оған алдыңғы қылмысы үшін жеңіл жаза беріп, бостандыққа жібергендер жауапқа тартылған жоқ.

Полицей пробация қызметкері Тұрарбек Тілдахановтың қолына кісен салып, сот залынан алып кетті. Сот шешімі бойынша, ол қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемесінде екі жыл жазасын өтейді. Бұған қоса оған мемлекеттік лауазымды қызметте істеуге 2 жылға тыйым салынды. Cудья оны Қылмыстық кодекстің “Салғырттық” бабымен (371-бап) кінәлі деп тапты.

Тілдаханов Жібек жолы ауылындағы 5 жасар қыздың өліміне кінәлі деп өмірлік түрме жазасына кесілген 48 жастағы Сайдолим Гаийбназаровты бұдан бұрын бас бостандығы шектелген кезде бақыламай, “қызметіне салғырттық танытты” деп танылды.

Судья Жасұлан Орынбаев пробация қызметкереріне қатысты сот үкімін оқып тұр. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 13 ақпан, 2024 жыл.
Судья Жасұлан Орынбаев пробация қызметкереріне қатысты сот үкімін оқып тұр. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 13 ақпан, 2024 жыл.

Тілдаханов үкімді түсіндірген судьяға “Мен не үшін бұлай жазаландым? Сонда саясаттың құрбаны болғаным ба?” деп сұрақ қойды. Оның адвокаты апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

Былтыр 13 шілдеде болған бұл қылмыс Түркістан облысын ғана емес, бүкіл елді дүрліктірген. Жібек жолы ауылында ойнап жүрген бес жасар қыз жоғалып кетіп, артынан көрші үйден денесі табылған. Басқа қылмысы үшін бас бостандығы шектелген Гаийбназаров қызды зорлап, өлтіргенін мойындаған. Сол тұста оған жеңіл жаза беріп, бостандыққа жібергендерді жазалау туралы мәселе көтерілген. Іске Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та араласып, бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне оқиғаның мән-жайын тексеруді тапсырған. Гайибназаровтың өзінен бөлек нақты жаза алып тұрған жалғыз адам – Тілдаханов.

Ол қандай қылмыс жасады? Рецидивистің қайта заң бұзбауына ол жауапты ма еді? Бас бостандығы шектелген адамның іс-әрекетін бақылау Тілдахановтың міндетіне кіре ме? Өзінің айтуынша, жұмыста жіберген қателігі үшін оған тәртіптік шара қолданылған, ал оның салғырттығын дәлелдейтін бірде-бір айғақ жоқ.

Қорғаушы Зайниддин Сұлтанмұратов Тілдаханов өз міндетін заңды, бұйрыққа сай істеді дейді.

"ӨЗ МІНДЕТІНЕ ҰҚЫПСЫЗ ҚАРАҒАН..."

39 жастағы Тұрарбек Тілдаханов – отбасының жалғыз асыраушысы. Кәмелетке толмаған екі баласы бар. Зағип әкесімен бірге тұрады. Пробация қызметінде 13 жылдан бері жұмыс істеген.

Сотталушы пробация қызметкері Тұрарбек Тілдаханов сот залында тұр. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 13 ақпан, 2024 жыл.
Сотталушы пробация қызметкері Тұрарбек Тілдаханов сот залында тұр. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 13 ақпан, 2024 жыл.

Прокурор Дастан Мырзағали жарыссөзде жергілікті пробация қызметінің жұмысын сынады. Ол сәбидің өлімі жергілікті пробация қызметінің жылдар бойы шешілмеген мәселелерін әшкереледі дейді.

Оның айтуынша, 2023 жылғы 25 мамырда Сарыағаш аудандық пробация бөліміне аудандық соттың үкімімен Қылмыстық кодекстің “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру” бабымен (106-бап) айыпталып, бас бостандығы 3 жылға шектелген Сайдолим Гаийбназаровтың ісі түскен. Іс пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы Тұрарбек Тілдахановқа жүктелген. Гаийбназаров қайта қылмыс жасауға бейім адам ретінде есепке алынған. Бірақ ешбір профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, әлеуметтік көмек көрсетілмеген.

– Жаза өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзған Гаийбназаровқа қатысты бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына өзгертуге жеткілікті уәж болғанымен, [Тілдаханов] сотқа тиісті ұсыныс жолдамаған. Тілдаханов өзінің салғырттығынан Гаийбназаровтың азғындық және антисанитарлық өмір салтын ұстанғанынан, маскүнемдікке салынғанынан бейхабар болған. Өз міндетіне ұқыпсыз қарап, абайсызда ауыр зардаптарға әкелетін қоғамға қауіп тудырған іс-әрекет жасаған, – деді прокурор сот жарыссөзінде.

Гаийбназаровтың ісі пробация қызметіне түскенде Тілдахановтың қарауында 47 сотталушы болған. Олардың 10-ы қайта қылмыс жасауға бейім адам ретінде тіркелген. Прокурор Тілдахановтың оларды заң талабына сай бақылауға уақыты мен мүмкіндігі болды деп санайды.

Жарыссөзде прокурор Тілдахановты 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырып, 3 жылға мемлекеттік лауазымды қызметте істеуге тыйым салып сот залынан қамауға алуды сұраған.

Десе де Тілдаханов прокурордың айыптауы негізсіз деп санайды. Ол: “Өз жұмысымды өз деңгейімде істедім. Қылмыстың алдын алу, жолын кесу менің міндетім емес. Әділ шешім шығарып, ақтауды сұраймын” деді.

Тілдахановтың адвокаты Зайниддин Сұлтанмұратов "айып ойдан құрастырылған, дәлелсіз, бұрмаланған" деп санайды: "Полиция мен пробация қызметі – міндеті бөлек екі түрлі мекеме. Қылмыстың алдын алу, болдырмау полицияның міндетіне кіреді".

Қазақстанның "Пробация туралы заңында" пробация қызметкерінің міндетіне қылмыскерді әлеуметке қосу, бейімдеу, оңалту, медициналық көмек көрсету, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, психологиялық демеу арқылы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу екені жазылған. "Мысалы, оған күштеп медициналық көмек көрсеткізуге, жұмысқа орналастыруға құқы жоқ. Бұл сотталушының Конституциялық құқын бұзады, жұмысқа бара ма, жоқ па, оны өзі шешеді. Ал бұрын сотты болған адамды тұрғылықты мекен-жайы бойынша учаскелік полиция қызметкері апта сайын тексеріп отыруы керек. Осыны прокурор ескермеген" деді адвокат.

Сотта адвокат келтірген тағы бір дерек өте маңызды: Сұлтанмұратовтың айтуынша, Гаийбназаров ісінде оның бұдан бұрын 2006 жылы "Адам өлтіру" бабымен он жылға сотталғаны мүлде көрсетілмеген. Пробация қызметі оның қоғамға аса қауіпті адам екенін өз бетінше анықтай алмаған. "Үкімде соттылығы жөнінде жазылса тексеріп, сотқа ұсыныспен шыға алатын еді" дейді адвокат. Алдыңғы үкімдегі салғырттық я ақпаратты жасыру болжамы бойынша да әрі қарай нақты ештеңе айтылмады. Бұған кім жауапты? Бұл судьяның кінәсі ме, әлде прокурордың ба? Бұл сұрақтар жауапсыз.

КІНӘЛІ ТЕК ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ МЕ?

Іс бойынша жәбірленуші деп танылған марқұм 5 жасар қыздың анасы Индира Ерімбетова сот үкімімен келіседі. Бірақ ол оқиғаға қатысы бар басқа қызметкерлердің де заңды жазалануын талап етеді;

– Гаийбназаровқа [бұдан бұрынғы қылмысы үшін] жеңіл жаза берген судья жұмыстан шығарылды. Жеңіл жаза бергенін көре тұра қарсылық білдірмеген прокурор жұмысын ауыстырды деп естідім. Олардың да заң шеңберінде жазалануын талап етемін, – деді Ерімбетова Азаттыққа.

Былтыр 7 қыркүйекте Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Гаийбназаровты "Адам өлтіру" және "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бабымен кінәлі деп тауып, өмір бойына түрме жазасын кесті.

Сот үкімі күшіне енгеннен соң сотталушыға химиялық кастрация жасалатын болған. Сот бұған қоса, оны жәбірленуші жаққа 100 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеген. Айыпталушы жазаны жеңілдетуді сұраған.

Бірақ бұдан отбасының қайғысы жеңілдемеді. 5 жасар қыздың ата-анасы үкіммен келісетінін, бірақ бұрын сотталушыға жеңіл жаза беріп босатқан судья мен сот шешіміне қарсылық білдірмеген прокурорды жауапқа тартуды сұраған еді.

Қаза болған бес жасар қыздың ата-анасы пробациялық қызметкерге қатысты сот процесінде. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 6 ақпан, 2024 жыл.
Қаза болған бес жасар қыздың ата-анасы пробациялық қызметкерге қатысты сот процесінде. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 6 ақпан, 2024 жыл.

Оқиғадан соң Жоғарғы сот Гаийбназаровты жеңіл жазалаған Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Нұрқазы Шетеновті қызметінен босату туралы Жоғарғы сот кеңесіне ұсыныс берген. 6 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Шетенов Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылған. Көп өтпей ол судья қызметінен де кетті.

Ал Гаийбназаровқа жаза тағайындауға қатысқан прокурор да, оның тәртібін бақылауы тиіс болған басқа қызметкерлер де жауапқа тартылғаны туралы ресми түрде айтылған жоқ.

2023 жылдың 13 шілдесінде түсте Жібек жолы ауылында өз үйінің ауласында ойнап жүрген 5 жасар қыздан ата-анасы әп-сәтте көз жазып қалған. Қызды әуелі туыстары, кейіннен бүкіл ауыл іздеп шығып, кешке көрші үйдің шатырынан өлі күйінде тапқан. Бұл суыт хабар ауылды дүр сілкіндіріп, ашу-ызаға булыққан тұрғындар күдіктіні өздеріне беруді талап еткен. Ауылға полиция кіргізіліп, екі күн интернет ажыратылған.

Марқұмды туыстары 14 шілде күні жерледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG