Азаттықтың Орыс қызметі – Радио Свобода тілшілері журналистік зерттеулер Ресей президенті Владимир Путинге теліп жүрген "Шехерезада" яхтасына барып қайтпақ болды. Түсірілім тобы Италиядағы Каррара қаласының портына жете бергенде Еуропа одағы санкция салып, тұтқындаған, құны шамамен 700 миллион доллар тұратын 140 метрлік "Шехерезада" кемесінің палубасынан дрондар ұшып шығып, журналистерді бақылай бастады. Кеме экипажы су шашатын өрт сөндіру құралдарын ұстап отыра қалды. Осы кезде Азаттық радиосының журналисі мен операторы отырған қайықты италиялық полиция тоқтатып, түсірілім жасауға, тіпті дрон ұшыруға рұқсат берді. Оқиға қалай аяқталды, тілшілер Каррара портынан не көрді?
ШЫНЫМЕН ИЕСІ МЕ, ӘЛДЕ СОНЫКІ ДЕГЕН АТЫ ҒАНА МА?
Италия билігі "Шехерезаданы" 2022 жылғы 5 маусымда, Ресей Украинаға басып кіргеннен үш ай өткен соң тұтқындаған. Бұл туралы хабарламада Италия қаржы гвардиясының тергеуі яхта бенефициарының "Ресей үкіметі өкілдерімен және Украинаның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттерге байланысты Еуроодақ санкциялары тізіміне енген басқа субъектілермен" экономикалық және іскерлік байланыста екенін анықтағаны айтылды.
Бір айдан кейін "Шехерезаданың" ресми иесі "Роснефть" компаниясының бұрынғы президенті Эдуард Худайнатов екені белгілі болды. Фиджиде тұтқындалған тағы бір яхта — Amadea-ға қатысты істі тергеп жатқан америкалық соттың құжаттарында оның есімі яхтаның иесі ретінде көрсетілген. Сондай-ақ АҚШ билігі Amadeа яхтасының іс жүзіндегі иесі Америка санкциясына іліккен ресейлік миллиардер Сүлейман Керимов деп есептейді. 2022 жылғы 3 маусымда Худайнатов та Еуропаның санкция тізіміне енді.
11 наурызда америкалық The New York Times газеті аты аталмаған дереккөздерге сілтеме жасай отырып, АҚШ билігінің пайымдауынша, "Шехерезаданың" шын иесі Владимир Путиннің өзі деген мәлімет берді. 2022 жылғы 21 наурызда Ресейдің оппозициялық саясаткері Алексей Навальныйдың командасы яхтаға қатысты зерттеу жүргізіп, оның экипажы Ресей Федерациясының федералдық күзет қызметі (ФКҚ) өкілдерінен құралғанын айтты. Көп ұзамай Азаттық радиосы "Шехерезаданың" яхта қазынашысы Сочи теңіз портындағы яхта айлағының иесі және тек ФКҚ үшін ғана емес, сонымен қатар Ресей қорғаныс министрлігі үшін яхталар және қайықтар жеткізумен айналысатын әйгілі компанияға қатысы бар әйел екенін анықтады.
2023 жылы сотта Amadea яхтасын қорғауды қолға алған Эдуард Худайнатовтың адвокаттары АҚШ үкіметінің өкілдері америкалық прокурорлардың "бұл кәсіпкер осы яхтаның да, "Шехерезаданың" да шын иесі емес, номинал иесі" деген пайымын әшкерелейміз деп қорқытқанын айтты.
"Шехерезада" екі жылға жуық уақыт бойы Италияның Каррара қаласының портында тұр. Құр тұрмай, яхта модернизациядан өтіп жатыр. Бұған 2023 жылы тамызда алғаш болып Financial Times басылымы назар аударды. Кейінірек Каррараға бірнеше мәрте келіп, "Шехерезаданы" дронмен видеоға түсірген блогер және яхта сарапшысы Теренс Уорд анықтағандай, яхтаның артқы жағында жүзу платформасы кеңейтіліп жатыр. Financial Times сонымен қатар кемеге техникалық қызмет көрсетіп, жаңарту жұмыстарын жүргізуге Италия билігі рұқсат бергенін, ол үшін оның иелерін санкция режимінен шығарғанын жазды.
2023 жылдың қыркүйегінде "Шехеразада" тіпті шағын саяхат жасады. Ол қызмет көрсетуші әрі жаңартушы Italian Sea Group компаниясына тиесілі құрғақ доктан шығып, Каррараға жақын маңдағы маринаға дейін жүзіп барды. Тұтқындалғалы бері яхтаның экипажы да өзгерген. Қазір онда Ұлыбритания азаматтары бар. Ал яхта капитаны – ағылшын Гай Беннетт-Пирс. 2022 жылы 22 наурызда оның анасы британдық Telegraph газетіне сұхбат беріп, Ресей президентін "қылмыскер" деп айыптаған және ұлының ешқашан Путинге жұмыс істемейтінін айтқан. Бұған дейін Беннетт-Пирстің өзі New York Times журналистеріне Путин "Шехеразаданың" иесі емес және ешқашан болмағанын айтты. Бірақ ол Азаттық радиосының сауалдарына жауап берген жоқ.
ҚҰПИЯ ЕМЕС ҚҰПИЯ АГЕНТ
"Шехерезаданы" Каррара портының аумағына кірмей жатып-ақ көресің. Жағалауда тұрған екі бес қабатты үйдің көлеміндей кемені жасыру мүмкін емес. Яхта тіпті Google панорамасына да түсіп қалған.
Соған қарамастан, "Шехеразаданың" иесі оны сырт көзден жасыруға тырысқан. Мысалы, былтырдың өзінде Теренс Уордтың бір видеосында Каррара билігі толқынды басқыштың бойына төселген, Italian Sea Group компаниясының доктары мен "Шехеразада" көрініп тұратын жаяу жүргіншілер жолын жөндеуге жауып тастағаны айтылды. Бірақ Уорд бірнеше ай бойы бақылап, тақтайшаны қайта жөндеуге қатысты нақты жұмыс жасалып жатқанын байқамаған.
Біз Каррараға 24 қаңтарда келдік. Маринадан шағын қайықты жалға аламыз деп алдын ала келісіп те қойғанбыз. Пирске жақындай бергенімізде, "Шехеразада" тып-тыныш тұрғандай болды. Палубадағы бірнеше адамнан өзге ешкім жоқ. Яхтаның сол жағын бойлай жүзе бастағанымыз сол еді, жағдай өзгеріп сала берді.
Палубадағы адамдар әрлі-берлі жүгіріп, яхтаны сумен қамтамасыз ететін жүйеден қысым түсіруге арналған спринклерлер іске қосылып кетті, экипаж мүшелерінің бірі ме, әлде күзетші ме, әйтеуір біреу түсірілім тобымызға дүрбімен үңіліп қарай бастады.
Көп ұзамай қайығымыздың төңірегінде үздіксіз айналып дрон ұшып жүргенін көрдік. Тек ол кезде әлгі дрон "Шехерезададан" ұшырылды ма, әлде басқа кемеден ұшып шықты ма, біле алмадық.
Бір кезде яхта палубасында өрт сөндіру құбыртүтіктерін ұстаған адамдар пайда болып, олар теңізге су атқылай бастады. Терренс Уорд Азаттық радиосына айтқанындай, мұндай жағдай өрт сөндіру жаттығулары кезінде ғана болуы мүмкін, дегенмен сарапшының айтуынша, жаттығу кезінде әдетте түтіктерге су жіберілмейді.
Маринада әдетте "Шехерезада" жағалап, көршілес Специя қаласындағы La Lince күзет компаниясының қайығы жүреді. La Lince-тегілер тілшінің қызметке кім тапсырыс берді деген сұрағына жауап берген жоқ.
Көп ұзамай біздің қайықты маринаға кірген Италия қаржы полициясының (Guardia di Finanza) қайығы тоқтатты. Полицейлер "Шехеразада" командасының шақыруымен келгенін айтып, тексеру үшін Азаттық радиосының журналисі мен операторының құжатын сұрады. Сондай-ақ төбемізде ұшып жүрген дронды олар емес, яхта экипажы ұшырғанын мәлімдеді. Кейін бізге әрі қарай видео түсіруге, тіпті өз дрондарымызды іске қосуға рұқсат етілді.
Өз дронымызды ұшырып едік, "Шехерезаданың" тікұшаққа арналған алаңқайынан қайтадан дрон ұшырылды (оның алдында ол яхтаға аз уақытқа оралған еді – батареясын ауыстырған болар). Дронымызды ұшыра бергенде бірден күтпеген кедергіге тап болдық: дронмен арада байланыс жоғалып кетті. Дрон яхта жаққа қарай ұшып кеткен еді. Кейінірек байланыс қалпына келді. Бірақ бұл неден болғанын сол күйі біле алмадық.
Сәлден соң Азаттық радиосының түсірілім тобы полицияның рұқсатын алып, көздерінше дронды тағы да ұшырып көрді. Бұл жолғысы еш кедергіге ұшыраған жоқ. Дегенмен "Шехерезададан" шыққан дрон ауада қалықтап тұра берді, тіпті біздің ұшатын аппараттың кадрына да түсіп қалды.
Кеңейтіліп жатқан яхтаның артқы палубасы қазір шатырмен жабылған. Біз түсіре алған кадрлардан "Шехерезаданың" кей жерлерінің сыры ұша бастағанын көруге болады.
Әуе түсірілімі кезінде The Italian Sea Group докында бұрын тұтқындалған тағы бір яхта тұрғанын байқадық. Ол – 76 метрлік Ebony Shine яхтасы. 2016 жылдың желтоқсанында шамамен 100 миллион доллар тұратын кемені Швейцариядағы соттың өтініші бойынша Нидерланды билігі тұтқындаған. Ол Экваторлық Гвинея президентінің ұлы, кіші Теодор Обиангке тиесілі, ал оған дейін Ocean Victory деген атпен ресейлік миллиардер Виктор Рашниковтың меншігінде болған. Қазір Швейцарияда кіші Обиангке қарсы экваторлық Гвинеяның бюджет қаражаты мен мемлекеттік мүлкін ұрлау ісі тергеліп жатыр. 2023 жылдың қаңтарында яхта сатылымға шығарылды.
ҚОРҒАНЫСЫ БЕРІК ПЕ?
Ресейлік шенеуніктердің Батыстағы активтерін бақылаумен айналысатын журналистер мен белсенділер "Шехерезаданың" әлі күнге Каррарада тұрғанына көз жеткізгенімен, бір күні кеме Италия портынан жоқ болып кете ме деп қорқады.
2022 жылдың жазында Италияның Сардиния аралындағы порттан "Уралхим" компаниясының иесі, ресейлік миллиардер Дмитрий Мазепинге тиесілі екі яхта белгісіз бағытқа жүзіп кеткен. Украинада соғыс басталғаннан кейін көп ұзамай Мазепин Еуроодақтың санкция тізіміне енді.
Ең алдымен жоғалған, құны миллион еуроға жетеғабыл 22 метрлік "Алдабра" яхтасы 2022 жылы наурызда Ольвия портында ұсталды. Билік иесі Мазепин екенін ресми растағаннан бір-екі сағат қана бұрын кеме ол жерден жоқ болып кетті. Сардинияның қаржы полициясындағы британдық Guardian басылымының ақпарат көзі Мазепин яхтаны порттан алып кетіп үлгеру мақсатында оның иесі кім екенін анықтау процесін соза түсуге тырысқанын айтты. Ресейлік кәсіпкер бұл іске шетелдік компанияны жалдаған. Ал ол жалдаған италиялық капитан әлгі яхтамен Сардиниядан жүзіп шыққан делінеді. Біраз уақыттан кейін яхта Бизерта портына (Тунис) кіреді. Содан кейін қайда кеткені белгісіз. Мазепиннің дәл осылай аталатын, бірақ басқа елде тіркелген екінші яхтасы да Италиядан із-түзсіз жоғалып кетті.
Италиядан тұтқындалған яхталар ғана емес, адамдар да жоғалып кетіп жатыр. 2023 жылы наурызда Красноярск өлкесінің бұрынғы губернаторы Александр Усстың ұлы Артем Усс Миландағы үйқамақтан қашып кетті. Мұның алдында ғана Италия ақша жымқыру, банктік алаяқтық жасау және санкцияға қарамастан Венесуэла мұнайын тасымалдау ісі бойынша Уссты АҚШ-қа беруге келіскен еді.
2023 жылдың қарашасында "Досье" тергеу орталығы Владимир Путин пайдаланады деген тағы екі суперяхта тапты. Олар – 71 метрлік "Виктория" және онымен бірге жүретін 38 метрлік "Орион". "Виктория" яхтасын "Досье" "Қара теңіз флотилиясының Владимир Путинге тиесілі флагманы" деп атады. Бұл кеме қазір Түркияның Стамбұл қаласы маңындағы Тузла портының докында жөндеуде тұр деген ақпарат бар.
Дегенмен бұл яхталардың бірде-бірі көлемі жағынан да, құны жағынан да "Шехерезаданың" шаңына ілеспейді. Болашақта оны қазіргі иесі Эдуард Худайнатовтан тәркілеп, Еуроодақтың 12-ші санкция пакеті қарастырғандай, одан түсетін қаражатты Украина қажеттіліктеріне жұмсауға мүмкіндік бола ма? Әзірге бұл сұрақты тек АҚШ қойып отыр: қаңтардың соңында АҚШ сенатының тиісті комитеті осы жөніндегі заң жобасын қолдады. Бұған дейін Ресей де өз активтерінің шетелде бұғатталуына немесе тәркіленуіне қарсы өз еліндегі кемі 288 миллиард долларға бағаланған "дос емес елдердің" активтерін тартып ала алатынын айтқан.
Ол не айтса да Хорватия соты қаңтар айының соңында Украинаның бұрынғы депутаты әрі Владимир Путиннің досы Виктор Медведчуктың Royal Romance яхтасын Украинаға беру туралы шешім қабылдады. Құны анықталғаннан кейін яхта ашық саудаға шығарылады. Ал сатылымнан түскен қаражат Украина мемлекетінің қажетіне жұмсалады. 2022 жылдың наурызында тұтқындалған яхтаның құны – шамамен 200 миллион доллар.
ПІКІРЛЕР