Биыл Қазақстанда қазақтың жаңа жылы – Наурыз мерекесі "Наурызнама" деген атпен жаңа форматта он күн қатарынан тойланып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі әр күнге атау беріп, соған сай республика бойынша түрлі іс-шара өтіп жатыр. Он күннің ішінде "Қайырымдылық", "Ынтымақ", "Шаңырақ" сияқты сияқты тақырыптар бар. Бұл бастаманың сыры неде? Он күн бойы той тойлау халыққа не береді? Мұны қоғам қалай қабылдайды?
Биыл 13 наурызда Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев тарихқа сүйеніп, бұрын қазақ халқында Наурызды тойлау 8-9 күнге жалғасқанын, оны "Наурызнама" деп атағанын айтты.
- 14 наурыз – "Көрісу күні - Амал мерекесі"
- 15 наурыз – "Қайырымдылық күні"
- 16 наурыз – "Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні"
- 17 наурыз – "Шаңырақ күні"
- 18 наурыз – "Ұлттық киім күні"
- 19 наурыз – "Жаңару күні"
- 20 наурыз – "Ұлттық спорт күні"
- 21 наурыз – "Ынтымақ күні"
- 22 наурыз – "Жыл басы"
- 23 наурыз – Тазару күні
"Бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашғари, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған" деді ол. Барлыбаевтың сөзінше, Наурыз мерекесін жаңа форматта Қазақстанның бүкіл өңірінде өткізу – Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы.
Биыл қаңтарда Тоқаев "Егемен Қазақстанға" берген сұхбатында Қазақстанның өз жаңа жылы – Наурызға көп мән беретінін айтып, "төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек" деген.
"БЕКІТІЛІП, ДАЙЫНДАЛЫП ЖАТҚАН" ТҰЖЫРЫМДАМА
Бұл күндері не болатыны атауларынан шамамен түсінікті. Жер-жерде осы форматқа сәйкес түрлі шара өтіп жатқаны байқалады. Әсіресе ұлттық киім киіп, түрлі челлендж жасап жатқандар бар. Бірақ жұрт арасында "тек батыс аймақта тойланатын Амал мерекесінің қажеті қанша?" деген сауал тастағандар, кей күндерді совет заманындағы "халықтар достығы", "сенбілік", "ынтымақ мерекесі" сияқты науқандық шараларға ұқсатқандар да бар. Совет кезінде түрлі тақырыптарда онкүндік өткізу дәстүрі болғаны белгілі.
Азаттыққа комментарий берген мәдениет және ақпарат министрлігі 19 наурыз "Жаңару күні" деп аталғанын, ол күні "көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылғанын" айтты. Ал "Тазару күніне" қатысты Барлыбаев: "Жаңа жылды тұтас ел болып, жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз Тазару күні болып жарияланады. Бұл күні Қазақстанның барлық аймағында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді" деді.
Бірақ іс жүзінде Наурыздың жаңа форматы ұлттық жаңа жыл мерекесін қаншалық мазмұнды ете түседі? Оның қаншалық ғылыми негізі бар, ғалымдар мен сарапшылардың ой-пікірі қаншалық ескерілді? Ол кезекті той-думан болып қалмай ма? Баспасөз жиынына келген журналистердің осы сияқты сұрағы көп болды. Тілшінің "Бұл мерекенің бұрынғысынан айырмашылығы не?" деген сауалына Барлыбаев "Бұған дейін бұл тақырыптар нақты бекітілімей, әр өңір әртүрлі өткізіп келген. <…> Айырмашылығы – әр күнді бір тақырыпқа арнаймыз" деп қысқа қайырды.
Азаттықтың осы жөніндегі сауалдарына министрлік жауабы да Барлыбаевтың баяндамасын қайталайды. Ең қызығы, "Наурызнаманың" тұжырымдамасы "бекітіліп, дайындық жұмыстары жүріп жатыр", бірақ құжаттың өзі әлі жарияланбаған. Ал оны әзірлеуге министрлік жанындағы "Қазақстанның қоғамдық даму институтының ғалым-сарапшылары көп ат салысқан". Бірақ шенеунік ешкімнің аты-жөнін атамады, тұжырымдама қандай ғылыми сараптамадан өткені белгісіз.
БҰЛ ШЫНЫМЕН ЖАҢА ФОРМАТ ПА?
Мәдениеттанушы Серік Ерғали Наурызды бірнеше күн тойлау идеясын қолдайды, бірақ бұл – "менің тұжырымдамам" дейді. Ол бұл форматты ресми органдарға 15 жыл бойы ұсынып жүргенін айтады.
– Мұны Қазақстан билігіне 2009 жылдан бері ұсынып келемін. Оны Түркі академиясынан бастап бірталай ғылыми ортада ұсындым, талқыға салдым. Тарихшылар, этнографтар, мемлекет қайраткерлері – бәрі қабылдады. Менің форматымда 14-22 наурыз аралығы, яғни тоғыз күн болған. Бұлар 23 наурыз күнгі демалысты қосып, он күн дей салған. Мендегі әрбір күннің саны, оның мазмұны есептелген. Бәрі логикаға, артефакттарға, аргументтерге, ғылыми негізге сүйенген, – дейді Серік Ерғали.
Ол биыл қаңтарда Тоқаевқа хат жазып, Наурызды жаңаша өткізу тұжырымдамасын қайта ұсынған. Оның жобасына сәйкес, 14 наурыз – "Шуақ күні" ("Мүшелдік жыл басы – Ұлыстың ұлы күні"), 15 наурыз – "Жаңару күні", 16 наурыз – "Жайнау күні", 17 наурыз – "Шаттық күні", 18 наурыз – "Береке күні", 19 наурыз – "Тағзым күні", 20 наурыз – "Өркен күні", 21 наурыз – "Ұлы күн", 22 наурыз – "Бастаңғы" деп аталған.
Оның айтуынша, өз жобасындағы 9 күннің әрқайсының мән-мағынасы тәптіштеп түсіндірілген, негізделген, бәрінің арасында қисынды байланыс бар, тіпті әр датаның түсі мен эмблемасына дейін жасалған.
9 күндік Наурыз мерекесінің "жаңа тұжырымдамасын" осыдан төрт жыл бұрын, 2020 жылы "Рухани жаңғыру" орталығының жетекшісі Жанар Бұқанова сол кездегі Нұр-Сұлтан қаласында, орталық коммуникация қызметінде таныстырған. Ол жиынға ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидолла Оспанқұлов пен ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков те қатысқан. Ол жобаның атаулы күндері мынадай:
- 14 наурыз – Көрісу (Амал) күні
- 15 наурыз – Шежіре күні
- 16 наурыз – Жайлау күні
- 17 наурыз – Игі істер күні
- "18 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні
- 19 наурыз – Зияткерлік күні
- 20 наурыз – Жоралғы күні
- 21 наурыз – Ұлттық тағамдар күні
- 22 наурыз – Бұқара күні
Қазіргі "жаңа" деп жарияланған форматтың көп тұсы осы нұсқаға өте ұқсас, кейбірінің атауы сәл өзгерген. Бірақ 9 күн неге 10 күн болып кеткені, оның неге бұлайша редакцияланғаны түсініксіз. Министрліктің неге "ескі нұсқа өзгертілді" деп айтпай, мұны "жаңа формат" деп таныстырғаны да жұмбақ. 2020 жылдан бастап ел ішінде Наурызды бұл форматпен атап өту басталып та кеткен, тек коронавирус пандемиясына байланысты барлығы кідіріп қалған. Кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев кезінде дәріптелген оның өз жобасы – "Рухани жаңғыру" аяқталды, Қаңтардан соң өзі биліктен толық кетті.
"ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫҢ НАУРЫЗҒА НЕ ҚАТЫСЫ БАР?"
Этнограф Аманжол Қалыш мұндай жаңа формат та, Наурызды ұзақ тойлау да қажет емес деп санайды. "Қазақтар, Орталық Азия халықтары Наурызды 21-22 наурыз күндері тойлап жатырмыз. Оның қандай жаңа форматы керек? Ол баяғыдан қалыптасқан. Бұрынғының бәрін өздерінше жаңғыртып жатыр" дейді этнограф.
Ол жаңа формат бойынша он күнге бөлінген шараның бәрін 21-22 наурыз күндері жасау керек дейді.
– Неге біз оны наурыз айының әрбір күніне арнайы қоюымыз керек? Оны жыл сайын сақтамаймыз ба? Бізде кілең көзбояу. Он күннің ішінде ұлттық киімімізді бір күн киеді, қалған күндері кимесе, жаңартқанымыз осы ма? Тазалық, кешірім, конаққа шақыру, көмектесу деген деген жыл бойы болуы керек. Соның бәріне күн қойып не істейміз? – дейді Аманжол Қалыш.
Серік Ерғали Наурыздың жаңа форматты дайындауға этнограф, ғалым қатыспаған сияқты дейді. Оның сөзінше, қазіргі күндер тізбегінің қисыны жоқ.
– 15 наурыз – "Қайырымдылық күні" дейді. Оның Наурызға қандай қатысы бар? Менің тұжырымдамамда қайырымдылық акциясы бар. Ол "Тағзым күніне" келеді. Ол — қариялар күні, о дүние мен бұ дүниенің құрметтесу күні. Ол күні иіс шығарып, қайырымдылық жасайды, бұрын байлардың шүлен тарату дәстүрі болған. Ал мына жерде кәдімгі "Қайырымдылық күні" дейді. Оның өз атын атап керегі жоқ, ол бір іс-шараның мазмұны болуы керек, – дейді Серік Ерғали.
Жаңа формат бойынша, 18 наурыз – "Ұлттық киім күні". Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаевтың айтуынша, "Наурызнаманың" онкүндігінде Қазақстанның барлық өңірінде ұлттық киімді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шара өтеді. Серік Ерғали бұған келіспейді, ол этнографияның Наурызға еш қатысы болмауы керек дейді.
– Өз тұжырымдамамды жасағанда Наурызды этнографиядан құтқарғым келді. Себебі Наурызды мемлекеттік мереке, азаматтық мереке ретінде атамай, этнографияға айналдырып жібергеніміз оған нұқсан келтіріп жатыр. Күнтізбеде Жаңа жылды мерекелегенде ешбір этнос өзінің этнографиясын ала жүгірмейді. Наурызда тұсаукесер, беташар, қыз ұзату ғұрыптарын жасаудың қажеті жоқ, ол күнделікті болып жатқан нәрсе. Кез келген Қазақстан азаматы Наурызға "менің мерекем" деп кірісуі керек. Наурыз мемлекеттік мереке деп бекітілгенімен, оның мазмұнын дұрыстай алмай отырмыз, – деді мәдениеттанушы.
"ХАЛЫҚТЫ БІРІКТІРЕТІН МОДЕЛЬДЕР"
Саясаттанушы Берікбол Дукеевтің айтуынша, Наурызды он күн тойлау бастамасы "әсіресе постсоветтік мемлекеттерде болатын жүйеленген, біріздендірілген мерекені" еске түсіреді.
– Мерекелік іс-шара – халықтікі. Халық оны қалай түсінеді, қандай мағына береді, ұлттық ойын өткізе ме, әлде түнгі клубқа бара ма, көшет отырғыза ма я шетелге барып демала ма, өзі шешеді. Әркімнің Наурызға берген өз мағынасы болады, – дейді сарапшы.
Дукеевтің ойынша, мемлекеттің ұлтты ұйыстырып, бірегейлігін қалыптастыруға ұмтылуы дұрыс, бірақ бұған үкімет қаншалық сауатты араласады, басты мәселе сонда. Оның айтуынша, бұл он күн қалай анықталды, олар неге негізделді, сол жағы түсініксіз.
– Шетелдік теорияларда мемлекет басқа бір нәрсені жасырып, жүрт көзінен тығу үшін арнайы орын алып, мерекені атап өтеді деген нұсқа бар. Сонда бұл 1 желтоқсанды (Нұрсұлтан Назарбаев тұсында "тұңғыш президент күні мереке ретінде аталып өткен – ред.) я 17 желтоқсанды (1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы атап өтілетін күн – ред.) алып тастау ма, әлде Қаңтарды халық жадынан өшіру әрекеті ме? – деп сауал тастайды Берікбол Дукеев.
Оның айтуынша, көше сыпыру, аула тазалау сияқты қоғамдық шаралар тек Совет одағында емес, басқа мемлекеттерде де бар:
– Совет одағында болған дәстүрлерді қайталап, өзімізге бейімдеп ала аламыз. Көше сыпыру, жапырақ өртеу сияқты істер адамдар, қауымдар арасында түсіністік тудыру үшін пайдалы. Бірақ ол климаттың өзгеруімен күрес, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру сияқы жаһандық идеялармен қаншалық сәйкес келеді, мұны Қазақстандағы билік өкілдері қаншалық ескеріп отырғанын білмеймін" дейді саясаттанушы. Оның айтуынша, көшет отырғызу – өте игі іс, бірақ оны "зорлықпен ұйымдастыратын болса, пайдасынан зияны көп болуы мүмкін.
Берікбол Дукеевтің айтуынша, Қазақстанда көп этнос өкілдері өмір сүретінін ескеру керек. Мұндай қоғамда "тәңіршілдік, ислам сияқты дискурстардың орнына қайырымдылық, түсіністік сияқты халықты біріктіретін модельдерді бейтарап формада қалыптастыру әрекеті өте қызық. Бірақ оны адамдар қалай түсінеді, сол тұрғыдан қарау керек" дейді саясаттанушы.
Қазіргідей үш күн ғана емес, он күнді де демалыс деп жариялап, мереке ұйымдастыру керек деп санайтын мамандар да бар. Өнертану докторы Молдияр Ергебековтің айтуынша, қазір Қазақстан қоғамына " өте үлкен фестиваль керек":
– Бұл фестивальдің орнын Наурыз толтыра алады. Тіпті наурыз айында он күндік демалыс болса тіпті жақсы. Өйткені адамдар осылайша Наурыз мерекесінің атмосферасында бір-бірін құттықтап, тойлайды, – дейді ол. Ергебековтің айтуынша, осындай ұзақ мерекенің арқасында "қоғам мүшелері арасында бір-біріне деген бауырмалдық, ынтымақ сезімдері оянады".
ҚАЗАҚТА "АМАЛ МЕРЕКЕСІ" БОЛҒАН БА?
Биыл 15 наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты Көрісу күнімен құттықтады: "Ең алдымен баршаңызға Көрісу күні құтты болсын дегім келеді. Қыстан аман-есен шыққан туған-туыс, ағайын бір-бірімен қауышып жатыр. Ел арасында Көрісу күні еліміздің батыс аймағына тән мереке деген түсінік бар. Бірақ бұл қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз тұтас ел болып, Наурыз мейрамын осы күннен, яғни Көрісу күнінен бастап тойлағанымыз жарасымды болары сөзсіз" деді президент.
Азаттық сөйлескен сарапшылар бұл күннің Көрісу күні, Амал мерекесі деп аталып, Наурыздың басы болып тұрғанын құп көрмейді. Әрқайсының өз уәжі бар.
Этнограф Аманжол Қалыштың сөзінше, қазақта "Амал мерекесі" болмаған, ал 14 наурыз тек "Көрісу күні" деп аталуы керек. Себебі, "амал" сөзі арабтың "хамаль" деген жұлдыз атауынан алынған. Оның айтуынша, ұлттық мерекеге діни атауды қосуға болмайды.
Этнограф Тәттігүл Қартаева Facebook-тегі постында: "Көрісу күнін қазақтың иемденуі, қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығымен де байланысты. Қыстан мал-жаны аман шыққан қазақ бір-бірімен қауышып, мейірімін құшақ айқастыру арқылы бекіткен. Қазақтың дәстүрінде, "ойын-той" құндылығында "амал мерекесі" деп аталған мереке болған жоқ!" деп жазады.
Ал жазушы-этнограф Болат Бопайұлы "Амал" деп аталған мереке бар дейді: "Наурыз айы кіргеннен кейін 9-ы күні "мәз" дейтін амал кіреді. Сосын ол 15-і күні түнде шығады. Батыста 14 наурыз күні "мәз" амалын "Амал мерекесі" деп өткізіп, 21-іне дейін дайындық көретін болған. Көктем амалының алғашқы кезі болған соң "ескі кетпей, жаңа келмейді" деп, жұрт ескі дүниелерін тастап, қыс қырынан серпіліп, үлкендермен амандасып, өлгендерге дұға бағыштап, бара алмаған жерлеріне барып, демалып, кездесетін болған" деді Болат Бопайұлы.
Болат Бопайұлы Наурызды жаңа форматта он күн тойлау бастамасын қолдайды. "Бұл – ұлттар мен ұлыстарға қазақты танытатын, басқа елдерге мемлекеттің беделін көрсететін үлкен мейрам. Бұл жай мереке емес, дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениет, этнография, мифология – бәрін жаңғыртатын ғажайып мереке. Оны әлемдік деңгейге шығаруымыз керек. Оған 1-2 күн жетпейді. Наурызды 10 күн тойлайды. Бірақ он күнге бөлгенде бағдарламасы дұрыс бағытта, қызықты болуы керек" дейді ол.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратынша, биыл Наурыз бойы Қазақстан бойынша 10 мыңнан аса іс-шара өтеді, оның ішінде көрме, фестиваль, жәрмеңке, әдеби-музыкалық кеш, дөңгелек үстел, тарихи-танымдық сабақ пен кино көрсетілімдері жоспарланған.
Қазақстанда наурыз айының 21, 22 және 23-і күндері мемлекеттік мереке – Наурыз мейрамы болып белгіленген. Биыл 23 наурыз сенбіге сәйкес келіп, демалыс күні 25 наурызға ауыстырылды.
2010 жылы 10 мамырда қабылданған БҰҰ Бас ассамблеясының қарарына сәйкес, 21 наурыз "Халықаралық Наурыз мейрамы" деп белгіленген. Бас ассамблеяның қарарында "Наурыз көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағы мен Кавказда, Орталық Азияда және Таяу Шығыста тойланған" деп жазылған.
Наурыз мерекесіне Қазақстанда 1926 жылы діни мейрам ретінде тыйым салынған. Ал 1988 жылдан бері қайта тойлана бастаған.
ПІКІРЛЕР