Ауғанстан халқы ежелден тойлап келген көктем мерекесі – Наурызға бойкот жариялауға шақырған онлайн-науқан жұртшылықтың наразылығына тап болды. Олар соғыстан титықтаған елде фундаменталистік Ислам идеологиясының күшейіп бара жатқанын айтады.
Исламға дейінгі дәуірде парсыларда қалыптасқан көктемнің келуін ел болып атап өтетін бұл жаңа жыл мейрамын Ауғанстанның консерватор діндарлары мен қарулы топтары "Исламға қайшы" санап, оны тойлатпауға тырысып келеді.
Наурызға қарсы науқанды ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде көбіне мұсылмандар мекендейтін елде Наурызды тойламауға үндеген анимациялық суреттер тарата бастады.
Жетінші ғасырда Ислам діні келгенге дейін аймақта зороастр діні кең тараған еді. Наурыз - сол діннің біздің заманымызға дейін жеткен әдет-ғұрыптарының бірі саналады. Наурызды Орталық Азия, Кавказ және Таяу Шығыстың бір бөлігі тойлайды.
Карикатуралардың бірінде діни киім киген, қолына "Мен Наурызды тойламаймын" деген жазу ұстаған адам бейнеленген.
Суреттегі кейіпкердің қасында: "Мынау - Абдул Рахман. Ол Наурызды тойламайды. Абдул Рахман Наурыз – сиқыршылардың айт мерекесі екенін біледі" деп, зороастризмді тұспалдайтын жазу бар.
Мәтінде "Абдул Рахманның тек екі айт мерекесі бар" деп жазылған. Сол арқылы карикатура авторы мұсылмандардың ең басты екі мейрамы – Ораза айт пен Құрбан айтты ғана тойлау керек деген ой айтады.
Екінші суретте қолына Құран-кәрім ұстап, төмен қарап отырған қара киімдегі кішкентай қыз баланың бейнесі бар.
Суретке "Мынау – Фатима. Фатима Наурызды тойлаудан өзі бас тартып қана қоймай, басқа әпке-сіңлілеріне де ескертеді. Себебі Наурызды тойлау – зороастризм дәстүрін жаңғыртады. Фатима дін жоралғыларының барлығына сақтықпен қарайды" деп жазылған.
Бұл суреттер қоғамда Ислам консерватизмінің күшеюіне наразы жұрттың ашу-ызасын туғызды. Ауғандықтардың көбі үшін ең басты мереке саналатын Наурызды халық жұмыла қолдады.
Белгілі карикатурашы әрі саяси сатирик Самай Хамед наурыздың 9-ында Facebook әлеуметтік желісінде: "Абдул Рахман Исламның экстремистік ағымы – ваххабизм дүниеге келген Сауд Арабиясына барып, Дональд Трамптың алдында қылыш биін билесін" деп жазды. Эр-Риядты қолдайтын АҚШ президенті 2017 жылы Сауд Арабиясына барған сапарында дәстүрлі сауд биін тамашалаған.
Кабул тұрғыны Хабиб Мұхамади 10 наурызда Facebook желісінде қазіргі кезде ауған әскеріне қарсы соғысып жатқан экстремистік ұйымдар – "Талибан" қозғалысы мен "Ислам мемлекеті" тобының радикалды идеологиясын еске салып, "Той тойлап, бақытты ғұмыр кешудің орнына Абдул Рахман сындылар жанкешті болып бомба жарып, адамдарды қырып жатыр" деп жазды.
"Талибан" қозғалысы елді қатаң тәртіппен басқарған 1996-2001 жылдары Ауғанстанда Наурыз мейрамына тыйым салған болатын.
Әйткенмен дүре соғу, түрмеге қамау тәрізді жазаларға қарамастан ауғандар ежелден жалғасып келе жатқан төл мерекесі - Наурызды үйлерінде тойлауды жалғастыра берген.
2001 жылы Ауғанстанда "Талибан" билігі құлаған соң Наурыз қайтадан мемлекеттік мереке болып жарияланған.
"Талибан" жасақтары мерекені тойлаушыларға үнемі ескерту жариялап отырады. Билік Кабул мен Мазар-и-Шариф тәрізді ірі қалаларда адам көп жиналатын Наурыз тойы кезінде қауіпсіздікті барынша күшейтеді.
"Талибан" мен "Ислам мемлекеті" сынды экстремистік ұйымдардың ықпалы, фундаменталдық идеялардың тарауы кесірінен кей шағын топтар Наурыз тәрізді мерекелерді тойлауға қарсылық білдіріп жатады", - дейді Кабул университетінің оқытушысы Әли Амири.
Ғалым әрі ауғанның белгілі жазушысы Хабибулла Рафидың айтуынша, Наурыздың зороастризммен діни байланысы жоқ.
"Бұл аймақтың тұрғындары Наурызды мыңдаған жылдар бойы тойлап келеді. Бұл – ұлттық және мәдени мереке, Наурызға қарсы тұру ақылға сыймайды", - деді ол Азаттықтың Ауған қызметіне берген сұхбатында.
Ауғанстанда Наурыз ресми мейрам ретінде 20-21 наурызда атап өтіледі. Кей тұрғындар мерекені екі апта бойы тойлайды.
ВИДЕО: Ауғандардың дәстүрлі бузкаши (көкпар) ойыны
Наурыз мерекесі кезінде адамдар гүл отырғызып, мешіттерде намаз оқиды, дәстүрлі бузкаши (көкпар) ойындарын тамашалайды және көктемнің келгенін айғақтайтын тағамдар дайындайды.
(Фруд Бежан мен Мұстафа Сәруардың мақаласы ағылшын тілінен аударылды)