27 наурызда Ақтөбе облысының әкімдігі ғимаратына жиналған бір топ адам Қазақстан өнеркәсіп және құрылыс министрінің автөлік "утилизация алымының сомасы өзгермейді" деген пікіріне қарсылық білдірді.
– Біз әкімдікке Шарлапаевтың "утильалым өзгермейді" деген сөзінен соң жиналдық. Қанат Шарлапаев утилизация алымы мен алғашқы тіркеу жарнасын түбегейлі жоюды талап етуші қазақстандықтардың қытығына тиіп, оларды арандатып отыр. Әзірше талабымызды ішкі саясат басқармасы мен аппарат өкілдері тыңдады. Бірақ біз оған қанағаттанбай, кемінде облыс әкімінің орынбасары шығуын талап етіп тұрмыз, – деді наразылардың бірі Еркебұлан Құлбасов Азаттық тілшісіне.
Келгендерді тыңдаған әкімдік өкілі автокөліктің утилизация алымы мен алғашқы тіркеу жарнасы Ақтөбе әкімдігінің құзырында емес деп, өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне хабарласуға кеңес берді. Наразылар бұл жауапқа қанағаттанбады. Бейбіт митинг өткізетінін айтып, қала әкімдігіне тағы да хабарлама жолдауға келісті. Әкімдік ғимараты жанында тұрып, Қазақстан үкіметіне видеоүндеу жазды.
27 наурыздағы мәжіліс отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтан автокөліктердің утильалым қашан төмендейтінін сұраған. Министр "бұл сұрақ бүгін талқыланатын тақырыпқа қатысы жоқ" деп жауап берген. Жиыннан соң министрге бұл сауалды журналистер де қойды.
– Қазіргі таңда утилизация алымына қатысты ешқандай өзгеріс жасамаймыз. Мен – өнеркәсіп және құрылыс министрімін. Менің жұмысым – кәсіпорындарды дамыту және олардың қуатын арттыру. Қазір Қазақстанда екі көлік зауытын салып жатырмыз. Көлік өндірісі саласында қаншама адам жұмыс істейді. Оны ешкім санамайды. KIA көліктерін шығаратын зауыт құрылысын 2025 жылдың ортасында аяқтаймыз. Алматы қаласының маңында қуаты 90 мың көлік өндіруге жететін тағы бір зауыт салып жатырмыз. Ондағы жұмыс орындарын кім сақтайды? Мен депутаттарға осы сұрақты қойғанмын. Сіз көліктің бағасын басқа елдермен салыстырыңызшы. Түркияда және тағы басқа елдерде көліктің бағасы біздегіден сәл жоғары не бізбен тең. Сондықтан Қазақстандағы зауыттардың жұмысын қамтамасыз ету үшін және жаңа жұмыс орындарын сақтау үшін бізге протекционизм жасау қажет, – деді министр.
Жыл басынан бері Қазақстанның бірнеше өңірінде утилизация алымын арзандатуды талап еткендер президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Ақпан айында Орал қаласында шамамен 70 адам халыққа қызмет көрсету орталығы маңына жиналып, утилизация алымын 200 мың теңгеге дейін азайтуды талап етті. Оған дейін Ақтөбеде үш жүздей адам шетелден әкелінген көліктердің алғашқы тіркеуіне төленетін ақша мөлшерін және утилизация алымын азайтуды талап етіп, биліктің келісімі бойынша митинг өткізді.
- Қазақстанда автокөлікті утилизациялау шығынын жабу мақсатында шетелден келген көлікті рәсімдегенде бір рет утилизация алымы алынады. Бұл қаражат осы мақсатқа құрылған компания шотына түседі.
- 2022 жылғы халық наразылығынан соң автокөлік утилизациясының алымы екі есе төмендеді. Қазір көліктің қозғалтқыш көлеміне байланысты оның көлемі 276 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін жетеді. Бұл елдегі автокөлік бағасына қатты әсер етеді дейді тұрғындар.
- 2015-2022 жылдар аралығында автокөліктердің утильалымын экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға қатысы бар "Оператор РОП" ЖШС алып келген. 2020 жылдың басындағы дерек бойынша, үш жылда шотына 220 миллиард теңге түскен. Қанды Қаңтар оқиғасынан соң президент Тоқаев "Оператор РОП" компаниясының жұмысын тоқтатуды бұйырды. Артынша оның атқарып келген міндеті "Жасыл даму" компаниясына өтті.
- 2023 жылы Астана соты "Оператор РОП" компаниясының бұрынғы басшылары мен бұрынғы экология министрінің орынбасарын 7 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыруға үкім шығарған.
ПІКІРЛЕР