BizBirgemiz Qazaqstan еріктілер қорының жетекшісі Перизат Қайрат Instagram әлеуметтік желісінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тасқын кезіндегі жұмысын сынаған жазба қалдырып, бірер сағаттан кейін постын өшіріп тастады. Ол кеше, 15 сәуірдегі жазбасында "апат кезінде еріктілер емес, президент көш бастауы керек" деп, кейін "эмоциямен жазып жіберіппін" деп кешірім сұрады.
Азаттық радиосы Перизат Қайраттан мән-жайды білуге тырысқан, бірақ ол жауап беруден бас тартты.
— Өтініш, ештеңе айтпай-ақ қояйыншы, — деді волонтер Азаттық тілшісіне бүгін, 16 сәуірде телефон арқылы.
Ерікті президентке бағыттаған бірінші жазбасында "мемлекеттік органдардың ісі сылбыр", "Атырау облысында жоғалған екі адамды құтқарушылар дереу іздемеді", "қаржылай көмекті халық қана жинап жатыр" деген.
"Өткен аптада халыққа үндеуіңізде адамдарды эвакуациялауға ұлттық ұлан, әскер және басқа күштер қатысты деп айттыңыз. Мұны естіген Атырау облысының тұрғындары аң-таң, өйткені Құлсары қаласының халқы өздігінен эвакуацияланған болатын. Сіз айтқан "күштер" жағдай шиеленіскенде ғана келді. Сіз өзіңізге берілген ақпаратты ғана айтып, жағдайды жеке қадағаламайтын секілдісіз, дей тұрғанмен 21-ғасырда өмір сүреміз, ақпараттың бәрі смартфонда тұрғаны белгілі. Демек, өзіңіз тағайындаған шені үлкен шенеуніктер сізге әлі істелмеген, тек жоспарда тұрған жұмыстарды айтып есеп беретін секілді" деп жазылған Перизат Қайраттың өшірілген жазбасында.
Постының толық мәтінін Instagram әлеуметтік желісіндегі Batyr Jamal медиажобасы жариялады.
Кейін пост авторы "эмоциямен жазып жібергенім үшін кешірім сұраймын" деген жазба қалдырып, бірнеше сағат өткенде оны да жойды.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт волонтер жазбасының өшірілуіне билік ықпал етуі ықтимал екенін айтады. Бірақ Перизат Қайраттың өзі бұл туралы пікір білдіруге келіспеді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанда сөз бостандығы шектеледі деп есептейді, бірақ ел билігі мұнымен келіспейді.
BizBirgemiz Qazaqstan еріктілер қоры халықтан жылу жинап, қиын жағдайда қалған адамдарға көмектеседі. Ұйым биылғы тасқында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Абай облыстарында зардап шеккендерге қаражат жинап берген. Бұл үкіметтік емес ұйым, бірақ бұл қордың билікшіл бірлестік екені айтылады.
Наурыздың ортасынан бері Қазақстанның он облысы өзендердің тасуы мен қар суынан зардап шегіп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің 16 сәуірдегі ақпараты бойынша, тасқын басталғалы бері 113 693 адам, оның ішінде 39 922 бала үйлерін тастап кеткен. 16 сәуірдегі жағдай бойынша 5 708 жеке үй мен 1 609 аула су астында.
ПІКІРЛЕР