Қазақстанның солтүстік және батыс өңірлері бұрын-соңды болмаған алапат су тасқынымен бетпе-бет келді. Мыңдаған үй суда қалды, 120 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қырылған малдың санында есеп жоқ. Зардап шеккендерге ел болып жылу жинап, көмек көрсетіп жатыр. Жанашыр азаматтар қол қусырып отырмай, еріктілер қатарына қосылып, адам мен малды құтқарып, азық-түлік тасып, ас-су әзірлеп, өзен жағасында бөгет тұрғызуға кірісіп кетті. Азаттық Қазақстанның түрлі өңіріндегі еріктілермен сөйлесіп, әңгімесін жазып алды.
Дарья Хрупина, тәуелсіз ерікті, Петропавл
Су тасқыны басталған кезде құрбым әрі әріптесім Екатерина Башкатова екеуіміз зардап шеккендерге арналған гуманитарлық көмек қабылдайтын орталыққа барып, еріктілер қатарына қосылдық. Көмекке жіберілген заттарды іріктеп, қап тасып, сағаттап аяғымыздан тік тұрдық, басқа да ұсақ-түйек жұмыстармен айналыстық. Бірақ ол жұмыс көңілімізден шықпады, себебі біз жылдам әрекет етіп, шешім қабылдап үйреніп қалған адамбыз. Содан болар, ешқандай пайдамыз тиіп жатпағандай өзімізді біртүрлі сезіндік.
Сондықтан бір күннен соң жапа шеккендерге шұғыл көмек көрсетейік деген ниетпен жеке орталық аштық. Екатерина – агенттік иесі, іс-шараларды ұйымдастырушы. Өзім болсам хабар жүргізушімін, ел алдында жүрген адаммын. Петропавлда өз аудиториямыз бар, олар бізге сенеді. Содан шығар, әлеуметтік желілерде көмек көрсету орталығын ашайын деп жатқанымызды хабарлағанымызда көбі қолдай кетті. 8 шаршы метр бөлме тауып алып, жұмысты бастап кеттік, орталығымыз айналасы бірер сағатта гуманитарлық көмекке лық толды. Біз оларды жапа шеккен адамдарға тарата бастадық.
Жұмыс істеген уақытта көмекке келген заттарды сыйғызатын көлемі үлкендеу бөлме таба алмадық. Алайда ең қиыны ауызсу мәселесі болды. Өйткені бүкіл қала бойынша су тапшы еді: адамдарға да, өзімізге де суды басқа жерден іздеп табуға тура келді. Әлеуметтік желілер арқылы көмек сұрадық, кәсіпкерлер, достарымыз, таныстар, жазылушыларымыз су әкеліп берді… 2-3 күннен кейін басқа қалалардан "Газель" көлігімен Петропавлға су жеткізіле бастады. Бұл мәселе солай шешілді.
Тағы бір қиын жері, көмек алуға келген адамдар еріктілер орталығының алдына ұзын-сонар кезекке тұрды. Алайда біз оларды ең қажетті деген заттармен толық қамтамасыз ете алмадық. Өйткені мұқтаж жандар өте көп еді.
Билікпен ешқандай байланыс орнатпадық. Олар бізге қолдау танытпады. Петропавлға еліміздің түкпір-түкпірінен келіп түскен қажетті заттар мен азық-түлікті жөнелтетін ресми орталық өзімізде ғана бар деп, біздің пунктке ешқандай гуманитарлық көмек бермей қойды. Біздің орталық арқылы үлестірілген гуманитарлық көмектің бәрі достарымыздан, кәсіпкерлерден, Instagram желісіндегі оқырмандарымыздан келді.
Петропавлда біз сияқты басқа да тәуелсіз еріктілер орталықтары болды. Бірақ кім қайда, не істеп жатқанын білуге мұршамыз болмады. Тек кейінгі күндері ғана бірнеше еріктілер ұйымымен байланыс орната алдық. Біз солардың біріне макарон, жарма, ұн жіберсек, олар бізге су әкеліп берді.
Алла Писаренко, Қазақстан халқы Ассамблеясының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша гуманитарлық көмек көрсету мен адамдарды құтқару штабының басшысы
Петропавлға аса үлкен су келе жатыр деген хабарлама түсе сала еріктілер әскерилер мен қала халқына қосылып бөгет тұрғыза бастады. Бұл бөгеттердің қатты екпінмен келген суға шыдас бермейтінін, адамдарды апат пен өлімнен құтқару үшін қауіпсіз жерге көшіру керегін бәрі жақсы білді. Әкімдіктегілер эвакуациялау жөнінде шешім қабылдағанда еріктілердің жедел бригадасы да жұртты көшіруге барынша атсалысты. Адамдарды, дүние-мүлікті жүк көлігі мен жеңіл көліктерге тиеп құтқардық.
Бөгетті су бұзып кетер алдында түнде алғаш су астында қалған Петропавлдың Хромзауыт ауданындағы халықты қауіпсіз жерге көшірдік. "Газель" көлігінің рөлінде өзім отырдым. Су басқан аймақтан адамдарды алып шығып бара жатқанымызда көлік бұзылып, бізді толқын алып кетті. Тасқын аймағынан шыққан соңғы жүк көлігі болмағанда құтыла алмаушы едік. Ол біздің көлікті сүйреп шығарып, құтқарып қалды. Су екпінінің қатты болғаны сонша, тіпті "Газель" көлігін шайқап жіберді. Көлікті су қанша соққыласа да, әйтеуір ебін тауып, қалған адамдарды алып шықтық.
Подгорада (Петропавлдағы ықшамаудан – ред.) бөгет тұрғызғанда халық ауданды сақтап қалатынына сенді. Өйткені бұл аймақта соңғы рет 1941 жылы су тасыған. Бірақ ол кезде су ағыны мұндай қатты болмапты. Хромзауыт жақтан екпіні қатты су келгенде адамдар қолға түскенді үстіне іле сала тауға қашты. Құжаттарын, ешқандай затын ала алмай, жалаңаяқ қаша жөнелді. Қас пен көздің арасында жолындағысын жайпап жеткен су өте көп еді. Бөгетке жақын маңда тұрған үйлерді екі-ақ сағаттың ішінде шатырына дейін су басты.
Кешке құтқарушыларымыздың жедел тобы суға шықты, мен ТЖ штабында қалып, олардың жұмысын ұйымдастырып отырдым. Еріктілер ТЖ қызметкерлерімен бірге адамдарды, малды, аман алып қалуға болатын дүние-мүлікті құтқарды. Менің еріктілерім әлі күнге дейін су басқан аудандар мен эвакуация орталықтарында қалған адамдарға гуманитарлық көмек жеткізумен айналысып жүр.
Біздің орталықта 15-17 жастағы қыз-жігіт көп, бірақ олар ересек адамдармен бірдей жұмыс істеп жатыр. Еріктілер, зейнеткерлер, су басқан ауданда тұратын адамдар көмекке келіп, жерлестеріне қол ұшын беруге тырысып жүр. Күн демей, түн демей жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені жұмыс өте көп. Отбасымды көрмегеніме де тура үш апта болды. Себебі үнемі осында, гуманитарлық көмек көрсету орталығында жүрмін.
Біз қазір көбіне гуманитарлық жүк қабылдап, соны үлестіріп отырмыз. Тек бізге бөлінген аудан тұрғындарын ғана емес, көмекке мұқтаж басқа адамдарды да қамтамасыз етуге тырысамыз. Адамдар әбден қалжырап, жүйкесі сыр бере бастады. Қолындағы бар дүниесінен айырылып қалды. Ертеңгі күні олардың жағдайы қалай болатынын бәріміз біліп отырмыз: табанынан таусылып, әкімдіктен көмек сұрап сенделеді, әкімдіктегілер оларды құрғақ уәдемен шығарып салады. Ақырында су тасқынынан кейін олардың ауласын біз, еріктілер тазартамыз. Өйткені көмек көрсету үшін біз олардан ешқандай құжат сұрамаймыз, апаттан зардап шеккенін дәлелдеу үшін ары-бері сандалтып, бос әуреге салмаймыз. Біз, еріктілер ғана, қай жерге көмекке шақырса да барамыз.
Қолдан келгенше аянбай көмек беріп отырған Қазақстан халқына алғысым шексіз. Олар ерекше құрметке лайық.
Мира Тінәлиева, тәуелсіз ерікті, Орал қаласы, Батыс Қазақстан облысы
Мен Теңізде вахтамен жұмыс істеймін. Құлсарыға (Атырау облысындағы қала, үш мыңға жуық үйді су басып, халқының жартысын қауіпсіз жерге көшіруге тура келді – ред.) су кіре бастағанда ауысым аяқталып, үйге қайтуым керек болатын. Бірақ судың көптігінен жұмыстан шыға алмай қалдым. Ақпарат іздеп, Оралда не болғанын көрдім де, тасқын су бізге де келетінін түсіндім. Instagram-дағы қала пабликтерінің біріне "Құлсарыны су басқанда Оралда неге бейқам жатырсыңдар? Қане, бірігіп, көмектесейік!" деп жаздым. Сол постымның астына адамдар толассыз пікір жазып, менің телефон нөмірімді және қалай көмек бере алатынын сұрап жатты. Артынан WhatsApp-та топ ашып, еріктілер тобын құруға кірістік. Екі күн ішінде тобымызға 1025 адам ерікті боламыз деп қосылды. WhatsApp-тағы топқа бұдан артық адам сыймайды екен.
15 адам белсенді болып, суырылып шықтық. Олардың бірі геодезист, бірі инженер-жобалаушы, енді бірі құрылыс компаниясының жетекшісі еді. Әрқайсысы әр саладан. Командамызды "Парыз" деп атадық. Сөйтіп жүргенде Оралда су деңгейі көтеріле бастады дегенді естіп, ақша жинауға кірістік, кім қалай көмектесе алатынын талқылап, ақылдаса бастадық. Ең аяғында тек ас-су әзірлеумен айналысатын болдық. Өйткені басқаша көмектесудің реті келмеді, қолымыздан келгені сол болды. Оралға бүкіл Қазақстаннан көмек келіп жатса да, еріктілерге ешкім қайық, етік берген жоқ.
7 сәуірден бастап 15 сәуірге дейін азық-түлікті өз қаражатымызға сатып алдық. Оралдағы мейрамханалардың көп көмегі тиді. Кейін ресурсымыз түгесіліп, бізге гуманитарлық көмектен азық-түлік бөліне бастады. Күніне 600 адамды тамақтандырдық. Олардың көбі – қап тасып, адамдарға көмектесіп, бөгет тұрғызып жүрген өзіміз сияқты еріктілер.
Билік өкілдерімен тек гуманитарлық көмек алған кезде ғана байланыс орнатамыз. Әкімдік бізге жақсы қарайды. Қазір олар келіп түскен көмекті үлестіріп үлгермей жатыр. Сол үшін бізбен күш біріктірді, әйтпегенде біз сияқтыларға пысқырып та қарамас еді. Қазір олар біздің көмегімізге зәру. Қаншама адамды тамақтандыруы керек, азық-түлікті сатып алып, жеткізіп, тазалап, ас-су әзірлеп, тамақ таратуға қаншама күш-қайрат керек?!
Мәдина Кәрімова, Құлсары қаласы, Атырау облысы
Волонтёр болып жүргеніме де бір жылдан асты. Еріктілерден құрылған үлкен командамыз бар. Су тасымай тұрып-ақ Құлсарыға көмек керек дегенді естіп, жиналып, қол ұшын беруге сол жаққа бардық.
Көбіне бөгет тұрғызған жұмысшыларға көмектестік: бәрімен бірге құм тасып, қап толтырдық, басқа еріктілерді шақыру үшін әлеуметтік желілерге пост жаздық. Туған қалаңның алапат су астында қалғанын көру – қорқынышты әрі ауыр екен.
Құлсарыны шамамыз келгенше құтқаруға тырысып бақтық. Өкінішке қарай, ол мүмкін болмады. Өзім көпқабатты үйде тұрамын. Ол жаққа су барған жоқ. Бірақ туыстарымның үйі су астында қалды.
Қазір Құлсарыда жағдай ақырын тұрақталып келеді. Адамдар үйіне қайтып, жөндеуге болатын тұсын ретке келтіріп, жинап, шығынын есептей бастады. Біз, еріктілер, әлі де көмектесіп жүрміз. Дәл қазір мен гуманитарлық көмек штабы орналасқан мектепте отырмын. Көмекке келген заттарды осы жерден үлестіреміз. Ол, негізінен, азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар.
Құлсарыдан су толық кеткен жоқ, сондықтан жұмыс әлі жалғасады: мұнда біздің көмегімізге мұқтаж адам өте көп.
ПІКІРЛЕР