"Шекарасыз тілшілер" (RSF) халықаралық ұйымы жыл сайын әзірлейтін Баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан бірден сегіз саты төмендеп, 134-орыннан 142-ге сырғыған. 3 мамырда жарияланған зерттеуде Қазақстан рейтингте Эфиопия мен Ливия арасында тұр.
Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы әлемдегі баспасөз бостандығы ахуалы туралы жаңа есебін жариялады.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ШАБУЫЛ, БҰҒАТТАУ МЕН ЦЕНЗУРА
Баяндамаға жүгінсек, Қазақстан үкіметі ақпарат кеңістігіне, соның ішінде Интернетке бақылауды күшейтуге тырысқан. RSF интернетті тәуелсіз қазақстандық басылымдар ойын еркін білдіре алатын жалғыз орын деп атайды.
"Шекарасыз тілшілердің" тұжырымы бойынша, Қазақстан билігі 1997 жылдан бері жүргізіп келе жатқан "репрессияшыл реформалар" кесірінен елде пропаганда қанат жайып, санаулы ғана тәуелсіз БАҚ қалған (баяндамада "Власть" интернет-басылымы, "Уральская неделя" газеті, "Республика" порталы және ҚазТАГ агенттігі аталған). Сондай-ақ ұйым үкіметшіл ақпарат құралдарына балама көзқарастағы ақпарат тарататын әлеуметтік желідегі жобалар деп ProTenge, "За нами уже выехали" және "Гиперборей" жобаларын атаған.
Үкіметтің ұстанымы мен ресми пропаганданы қолдаған БАҚ қана мемлекеттен тікелей қолдау көреді деп жазады RSF. Мемлекеттік қаражаттан қағылған тәуелсіз ақпарат құралдары тек жарнамаға ғана арқа сүйеп, бұл алаңда үкіметшіл БАҚ-тармен бәсекеге түседі, ал олар жарнама бағасын арзандатуға бейіл.
Елде қабылданып жатқан БАҚ туралы заң баспасөзді мемлекеттің бақылауын одан сайын күшейтуі мүмкін деп болжайды халықаралық ұйым. Сыртқы істер министрлігі шетелдік ақпарат құралына "түрлі себептермен" әрі "өз ұйғарымымен" аккредитация беруден бас тарта алады. Өткен айда мәжіліс қабылдап, сенатқа жіберген "Масс-медиа туралы" заң жобасында сыртқы істер министрлігі "шетелдік ақпарат құралдарының өкілдіктері мен олардың журналистеріне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес аккредитация беруден бас тартуға хақылы" деп жазылған.
"Билік 2022 жылғы қаңтарда елді дүрліктірген үкіметке қарсы наразылық сияқты үлкен оқиғалардан хабар таратуға кедергі келтіру үшін ұстау, шабуылдау, телекоммуникация мен интернетті ажырату сияқты қолында бар әдістердің барлығын қолданады" делінген баяндамада.
"Ақпаратқа қолжетімділік шектелген", ал журналистер "үкімет брифингтерінде цензураға тап болады" делінген RSF есебінде.
"Үкімет режим пропагандасын таратқаны үшін жекеменшік БАҚ-тарға ақша төлейді және мемлекеттік әрі өз бақылауындағы ақпарат құралдарына бас редактор тағайындау ісін қадалағайды. Ақпарат министрлігі БАҚ-ты бақылау функциясын атқарады" делінген баяндамада.
Сайтындағы Қазақстан туралы бетінде "Шекарасыз тілшілер" елде ресми түрде цензураға тыйым салынғанымен, ол "әлі бар" деп жазады. Ақпарат дереккөзін құпия сақтау құқығы сот шешімімен оңай бұзылады. Елде жала жабу қылмыс қатарынан шығарылғанымен (2020 жылы "Жала жабу" қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске ауыстырылған), "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік әлі де бар.
Халықаралық ұйымның тұжырымы бойынша, Қазақстан қоғамында журналистерге сенім аз. Азаматтар көбіне блогерлер мен әлеуметтік желідегі аноним дереккөздерге сенеді. Үкіметтің және жеке мекемелердің қауіпсіздік қызметі өкілдері БАҚ өкілдеріне жиі күш қолданады делінген баяндамада.
"Кей БАҚ-тар кибершабуылға ұшырайды, ал журналистер жұмысына байланысты қоқан-лоқы көріп, әсіресе әлеуметтік желіде шабуылға тап болады. Көп жағдайда репортажда аталған адамдар қоқан-лоқы көрсетеді. Материалдарында үкіметтің көзқарасын қолдамағандарға қамау қаупі төніп жатады. Pegasus жобасы көрсеткеніндей, олардың кейбірі электрондық шпионаж құрбаны болуы ықимал" деп жазады "Шекарасыз тілшілер".
КРЕМЛЬ ЫҚПАЛЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН ШЫҒЫС ЕУРОПА
Сөз бостандығы деңгейі жөнінен Орталық Азия елдері арасында Қырғызстан әлі де алда тұр (120-орын). Ал Түркіменстан (175-орын) әлемдегі сөз бостандығы ең нашар он елдің қатарында. Зерттеушілердің пікірі бойынша, Түркіменстан президентінің өкілеті кең болғаны сондай, ол "кез келген ақпаратқа тыйым сала алады".
Рейтингте тек Иран, Солтүстік Корея, Ауғанстан, Сирия мен Эритрея ғана Түркіменстаннан артта. Рейтингте көш бастап тұрған елдер: Норвегия, Дания, Швеция, Нидерланд және Финляндия.
Соғысқа қарамастан, Украинада сөз бостандығы ахуалы жақсара түскен. Бір жылда бұл ел баспасөз бостандығы рейтингінде 18 орынға көтерілген. Баяндама авторларының пікірі бойынша, бұған БАҚ жұмысына саяси ықпалдың азаюы әсер еткен. Сонымен бірге, елде кісі қолынан қаза тапқан журналист саны азайған.
Режим "эстремизммен күресті сылтау етіп", журналистерді қудалайтын Беларусь 167-орында тұр. Ал 162-орындағы Ресей "тәуелсіз журналистикаға шабуылын әлі жалғастырып жатыр". Украинаға соғыс ашқалы Ресейден 1500-дей журналист кетіп қалған.
"Үкімет "шетел агенті" не "жағымсыз" деп айдар таққан журналист пен БАҚ тізімі ұлғайып барады, ал журналистерді негізсіз қамау жалғасып жатыр" делінген RSF есебінде.
Грузия рейтингте бірден 26 саты төмендеп, 103-орынға түскен. Билік партиясы "қоғамды екіге бөліп, Мәскеумен жақындасуды насихаттап, сөз бостандығына қарсы саясатты үдетіп келеді". 164-орындағы Әзербайжан "президент сайлауы қарсаңында БАҚ-қа шабуылды үдеткені үшін" барлық параметрлер бойынша кері кеткен.
Зерттеу авторларының ойынша, Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы жалпы ахуал нашарлай түскен. Бұл аймақта сөз бостандығына кепіл жоқ, бұқаралық ақпарат құралдары жалған ақпарат тарату мақсатында жиі пайдаланылады делінген баяндамада.
Баяндама авторлары "Кремльдің зардапты саяси ықпалын" да атап өткен. "Аймақтың көп елді Ресей үлгісін өздерінде қайталап жатыр" дейді авторлар.
Ресей ықпалы Сербияға дейін жеткен. Бұл ел рейтингте 7 саты төмендеп, 98-орын алған. Мұнда үкіметті жақтайтын БАҚ-тар "Ресей пропагандасын трансляциялайды, ал билік қуғындағы ресейлік журналистерге қоқан-лоқы жасайды". RSF сарапшыларының ойынша Мәскеу Еуроодаққа да ықпал етіп жатыр. Мәселен премьер-министр Виктор Орбан Еуропа одағы елдері арасындағы Ресейге ең жақын саясаткер саналатын Венгрияда (67-орын) "биліктегі көпшілік партиясының әрекеттері кесірінен" баспасөз бостандығы "қатты сынға түсіп жатыр".
ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАНДАЙ?
RSF есебінде бүкіл әлемде сөз бостандығына билік тарапынан қысым болып жатқаны айтылады. Есеп авторлары үкімет журналистиканы қорғауға шамасы жетпей отыр деп санайды. Олардың пайымдауынша, әлемде сөз еркіндігіне, қоғамның ашық, тәуелсіз, жан-жақты ақпарат алуына жағдай жасамай отырған елдер көбейіп барады.
"Мемлекет және басқа саяси күштер саяси көзқарасы әркелкі болғанына қарамастан, баспасөз еркіндігін қорғаудағы рөлін азайтып барады. Мемлекеттер өз міндетін атқармай, кейде тіпті медианы қудалауға, дезинформация таратуға пайдаланды" дейді RSF редакциялық директоры Анн Бокандэ.
RSF дерегінше, көп елдің билігі желілердің жұмысына кедергі келтіріп, аккаунттарды бұғаттап, жаңалықтарды алып тастап, әлеуметтік желі мен интернетті бақылауды күшейтті.
Есепте Вьетнамда (174-орын) желіде өз ойын айтқан журналистер "жүйелі түрде" түрмеге қамалатыны айтылады. Ал Қытайда (172-орын) билік саяси цензура мен аңду арқылы ақпарат тарататын арналарды қатаң бақылап отырғаны, бұл ел "қамалған журналистер саны бойынша көшбасшысы" екені көрсетілген.
2023 жылы қазанда ХАМАС радикалдарының шабуылынан соң Газада басталған соғыстан соң журналистерге қауіп күшейді. Палестиналық жүзден аса журналист қаза тапты, олардың ішінде 20-дан астам тілші қызметте жүріп көз жұмды.
Ауғанстан саяси көрсеткіштер бойынша 44 саты төмендеді. Есепте 2021 жылы тамызда билікке тәліптер оралған соң журналистерге кедергі әлі жалғасып жатқаны айтылды.
Құқық қорғаушылар мәтін мен ақпаратты құрастыра алатын жасанды интеллектің жұмысының реттелмей жатқанына алаңдайды. Есеп авторлары жасанды интеллект дипфейк көмегімен демократиялық сайлаудың өту барысына әсер етуі мүкін дейді.
RSF мысал ретінде Словакиядағы (12 саты төмендеп, 29-орында тұр) парламент сайлауы кезінде журналист Моника Тодованың "аудиодипфейк құрбанына" айналғанын көрсетеді. Бұл шабуылдың мақсаты демократиялық сайлауға әсер ету болған дейді есеп авторлары.
"Шекарасыз тілшілер" құжатта биыл халықаралық қауымдастық әлемде журналистика принциптерін қорғау үшін жеткілікті әрекет етпеді деп есептейді.
ПІКІРЛЕР