Accessibility links

Әблязов, "артқы аула" және АЭС. Франция елшісі Азаттық сұрақтарына жауап берді


Францияның Қазақстандағы елшісі Дидье Канесс
Францияның Қазақстандағы елшісі Дидье Канесс

Франция Қазақстанды шынымен Ресейдің "артқы ауласы" деп есептей ме? Париж Мұхтар Әблязовтің экстрадициясына неге араласпайды? Француз әйелдері аборт жасатуға құқығын Конституцияға қалай енгізді? Жандармдар қай кезде наразыларға оқ ата алады? Францияның Қазақстандағы елшісі Дидье Канесс Азаттықтың осы және өзге сұрақтарына жауап берді.

"УКРАИНАНЫ ҚОЛДАУ – БЕЙБІТШІЛІК СҮЙГІШ ЕЛДЕРДІҢ БОРЫШЫ"

– "Крокустегі" терактіден бастайық. Наурыздың басында АҚШ-тың барлау қызметі Ресейде теракт болуы мүмкін деп ескертті. Путин мұны "ашық түрде бопсалау" деп атады. 140 адам қаза тапқан теракт үшін жауаптылар аталса да, Кремль әлі күнге қылмыстың артында Украина тұр деп отыр. Бұл теракт Батыс елдерінің Украинаны қолдауына қалай әсер етуі мүмкін?

Франция "Ислам мемлекеті" [экстремистік тобының] өңірлік тобы "Хорасан уәлаяты" мойнына алған Мәскеудегі терактіні үзілді-кесілді айыптайды. Бұл шабуылдың Украинамен байланысын растайтын бірде-бір дерек жоқ. Ресейдің болжамдары – тұнып тұрған манипуляция. Терактіні "Ислам мемлекеті" ұйымдастырған.

Бұл шабуыл Украинаны қолдау саясатымызға еш әсер етпейді. Франция Ресей бастаған басқыншылық соғысты айыптап, Украинаға өзін қорғауға бұрынғыша көмектесе береді. Мұнда Украинаның тәуелсіздігі мен еркіндігі ғана емес, бүкіл Еуропа құрлығының қауіпсіздігі сөз болып отыр. Украинаны тұрақты қолдау арқылы заң үстемдігі мен БҰҰ принциптерін құрметтеуге негізделген халықаралық тәртіпті қорғап жатырмыз. Олай жасамасақ, зорлық пен әділетсіздік жеңіп кетуі мүмкін. Сол себепті, Ресей соғыста жеңбеуге тиіс. Бұл үшін бейбітшілік сүйгіш елдердің бәрі Украинаны қолдауы керек.

– Ақпанның аяғында Парижде сөйлеген сөзінде президент Эммануэль Макрон болашақта НАТО елдері Украинаға әскер жіберуі мүмкін деді. Бұл мәлімдеме, әсіресе, Ресейде қызу талқыланды. Француздар Макронның сөзін қалай қабылдады?

Кейінгі айларда Ресейдің Еуропа мүдделеріне қайшы әрекеттері күшейгенін байқап отырмыз. Бұл киберқауіпсіздік пен ақпарат саласында қаттырақ білінді. Сонымен қатар Ресей басшылары "ядролық қару қолданамыз" деп жиі қауіп төндіреді. Олар осылай еуропалықтарды қорқытып, сырттай бақылаушы кейпіне түсірмек.

Шын мәнінде әрекетсіздік қатері нақты ұстаным білдіру тәуекелінен қауіптірек. Өйткені Ресей қарсыластарының әлсіздігінен күш алады.

Украинаға әскер жіберуіміз мүмкін деу арқылы Франция президенті Ресейге қарсы тұру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын екенін көрсетті.

– 2023 жылы күзде Франция президенті Макрон Қазақстанға барды. Осыдан кейін Bloomberg "Макрон Путиннің артқы ауласына қонды" деген тақырыпта мақала жариялады. Қазақстанды "Путиннің артқы ауласы" деп таныстыру кей адамдарға ұнамады. Бұл реакцияға қалай қарайсыз?

Президент Макрон осы сапары арқылы Франция көрші мемлекеттерге қауіпті, неоимпералистік, агрессияшыл саясат ұстанатын Ресеймен салыстырғанда, Қазақстанның тәуелсіздігі мен территориясының тұтастығын қолдайтынын көрсеткісі келді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Франция басшысы Эммануель Макрон "Этноауыл" ұлттық көрмесінде. Астана, 1 қараша 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Франция басшысы Эммануель Макрон "Этноауыл" ұлттық көрмесінде. Астана, 1 қараша 2023 жыл.

Украинадағы соғысқа келсек, президент Эммануэль Макрон Ресейге салынған санкцияларға ерекше мән беріп отырғанымызды атап өтті.

Күн тәртібінде екіжақты әріптестікті нығайту мәселесі де болды. Президент Макронмен бірге француз компанияларының өкілдері де барды. Сапар барысында 300 адам қатысқан бизнес форум өтті.

– Халықаралық басылымдар Макрон Орталық Азияға Францияның энергетикалық қауіпсіздігін нығайту үшін барды, бірақ мақсатына жете алмады деп жазды. Макронның мақсаты не еді? Франция президенті көздегеніне қол жеткізе алды ма?

Президент Макронның былтыр қарашада болған сапарында шартты бір мақсат жоқ. Ресми сапардың мәні – екіжақты қарым-қатынасымызға жоғары деңгейде шолу жасап, стратегиялық әріптестігімізді нығайтуға ниетті екенімізді көрсету. Тағы да қайталаймын, бұл серіктестік энергетикалық мәселеден де көп саланы қамтиды.

ФРАНЦИЯ ҚАЗАҚСТАНДА АЭС САЛСА НЕ БОЛАДЫ?

– Қазақстан — Францияға уран жеткізетін ірі экспортерлердің бірі. Франциядағы электр энергиясының 70 пайызын АЭС өндіреді. Бұл әріптестік 1996 жылы басталған. Orano Mining — Франция мен Қазақстан бірлесіп құрған "КАТКО" тау-кен кәсіпорны акциясының бақылау пакетіне ие. Қарашада "КАТКО" Оңтүстік Төртқұдықтағы жаңа учаскеден уран өндіруге лицензия алды деген хабар тарады. Жартылай Франция үкіметіне тиесілі Orano SA — уран байытып, толық циклды ядролық отын дайындау саласындағы ірі халықаралық ойыншы. Қазақстан мен Франция уран саласында 30 жылдан бері серіктес болып келе жатыр. Бірақ неге бұл серіктестік өндірістен әрі аспайды?

Екі жыл бұрын Франция мен Қазақстанның уран өндірісі саласындағы әріптестігіне 25 жыл толды. Уран өндірісіндегі қос көшбасшы – "Орано" мен "Қазатомөнеркәсібі" арасындағы серіктестікті мақтан тұтамыз және байланысымызды одан әрі дамытқымыз келеді. Жақында ғана "КАТКО" бірлескен кәсіпорнының нысандарына барып қайттым. Нысан инновациялық, экологияға қауіпсіз технологиялармен жабдықталған, ал жобаны жүзеге асырып жатқан ерлер мен әйелдер оның сәтті жұмыс істеуі үшін барын салып жатыр.

Француз атом өнеркәсібі қазақстандық серіктестерімен амбицияға толы жобаларды қазірдің өзінде-ақ әзірлеп жатыр не әзірлеуге дайындалып жүр. Framatome (ядролық реактор шығаратын франциялық компания – ред.) "Қазатомөнеркәсібімен" бірге ядролық отын жинау саласындағы әріптестігін дамытып жатыр. EDF (Électricité de France S.A. – электр энергиясын өндіретін компания, Франция үкіметіне тиесілі – ред.) Қазақстанда электронды-ядролық бағдарлама бастау үшін билікпен тұрақты диалог жүргізіп отыр. Халықаралық ядролық энергия институты (I2EN) қазақстандық мамандарды дайындау бойынша ұсыныстар жасады. Көріп отырғаныңыздай, бұл саладағы серіктестігіміз бұрыннан жалғасып, жылдан-жылға кеңейіп келе жатыр.

– Азаттық зерттеуі ресейлік "Росатомның" Қазақстанның уран саласындағы үлесі біршама өскенін көрсетті. Франция энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан бұл жағдайды қалай бағалайды?

– Қазақстан – экономикалық серіктестерін таңдауға келгенде тәуелсіз мемлекет. Сондықтан бұған қатысты пікір білдіру орынсыз.

Францияға табиғи уран жеткізуге келсек, бұл шикізат көздерінің әртүрлігіне байланысты. Уранды Қазақстан, Өзбекстан, Австралия, Канада, Намибия, Нигер және басқа да мемлекеттерден сатып аламыз. Бұл бізді Нигердегі мемлекеттік төңкерістен кейін басталған дағдарыс сияқты саяси тұрақсыздықтан қорғайды.

– Қазақстанға атом электр станциясын салуда Франция Ресейге қарағанда жақсырақ серіктес бола ала ма?

– Франция президенті алдағы ондаған жылға елдің энергетикалық стратегиясын бекітіп қойған. Бұл стратегияға сәйкес, Франция атом энергиясына сүйеніп, көмірсутексіз энергетикалық балансқа ұмтылады. Осылай жақында Францияда қуаты үлкен, 6 жаңа реактор салу жоспарланып отыр. Осындай тағы 8 энергоблок құрылысын бастау үшін сараптама жүргізіледі.

Францияның жаңа электр станцияларын салу бастамасы атом станциясына арналған жабдықтар шығаратын компанияларға болашаққа жоспар құрып, өндіріс қуатын арттыруға көмектесті. Франциядағы атом өнеркәсібінің белсенділігі Қазақстан сияқты атом энергиясын дамытқысы келетін басқа елдерге мүмкіндік береді. Қазақстан реакторларын француз технологиясымен саламыз деген ұйғарымға келсе, осы өндіріс қарқынына ілесіп кетсе болады.

АЭС салқындату мұнаралары. Францияның Бельвиль-сюр-Луар коммунасы. 2021 жылғы қазан айы.
АЭС салқындату мұнаралары. Францияның Бельвиль-сюр-Луар коммунасы. 2021 жылғы қазан айы.

Франция Қазақстанға болашақ инженерлерін еуропалық стандарт бойынша дайындауға көмектесіп, басқа салалардағы әріптестікке жол ашады. АЭС салуға Францияны таңдау арқылы Қазақстан халықаралық әріптестігін әртараптандырып, энергетикалық қауіпсіздігін арттырады.

"ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ АБОРТ ЖАСАТУ ҮШІН АТА-АНАНЫҢ РҰҚСАТЫ КЕРЕК ЕМЕС"

Қазақстанда "ақша жымқырды", "адам өлтірді" деп айыпталған бұрынғы банкир әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов Францияда тұрып жатыр. Франция оған саяси босқын мәртебесін беріп, кейін оны қайтарып алды. Қазақстан билігі Әблязовті елге экстрадициялауға барын салып жатыр. Әблязовтің ісі Қазақстан мен Францияның қарым-қатынасына қалай әсер етуі мүмкін?

Францияда билік тармақтарының тәуелсіздігі қатаң сақталады. "Әблязов ісін" сот жүйесі қарайды. Атқарушы билік оның ісіне араласа алмайды. Мұны Қазақстан билігі де түсінеді.

– Франция — аборт жасату құқығын Конституцияға енгізген алғашқы мемлекет. Еуропаның көп мемлекеті мен АҚШ-тың кей штаттарында абортқа тыйым салып жатыр. Францияның шешіміне не түрткі болды?

Еуроодақ [әйелдің] ерікті түрде аборт жасату құқығын мойындайды. Бірақ аборт шарты әр елге байланысты өзгеріп отырады. Францияда ең либерал заң жұмыс істейді. [Бала бойға біткеннен бастап] 14-аптаға дейінгі мерзімде аборт жасатуға болады, шығынды 100 пайыз мемлекет төлейді. Аборт жасату анонимді түрде жүргізіледі, жасөспірімге ата-анасының рұқсатын алу шарт емес.

Былтыр АҚШ Жоғарғы соты федералды деңгейде аборт құқығын енгізу бастамасын қолдамады. Осыдан кейін Франция азаматтары әйелдің аборт жасату құқығын ешкім шектей алмайтындай етіп Конституцияға тиісті бап енгізуді талап етті.

Енді Францияның негізгі заңында "Ешкімді ерікті түрде аборт жасату құқығынан айыруға болмайды" деген бап бар. Бұл өзгеріс 8 наурыз күні күшіне енді. Мұның символикалық мәні бар. Францияда 8 наурыз — әйелдер мен аналар мейрамы емес, әйел құқығын қорғауды көздейтін саяси іс-қимылдар күні.

– Батыс елдері Қазақстанда азаматтық құқықтар, сөз бостандығы мен бейбіт жиын өткізу еркіндігі жиі шектеледі деп "алаңдаушылық" білдіріп отырады. Қазақстан билігі бұған қалай қарайды? Ресми және бейресми кездесулерде қандай реакция білдіреді?

– Қазақстан адам құқықтары мен демократиялық еркіндіктерді сақтайтыны жөнінде халықаралық міндеттемелер алған. Сондықтан бұл мәселелерді талқылау әбден заңды. Екіжақты түрде, БҰҰ мен Еуроодақ сияқты көпжақты құрылымдар аясында осы тақырыпты талқылаймыз. Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы жан-жақты серіктестік туралы келісімде адам құқықтары жөніндегі диалог та қарастырылған.

Иә, алаңдаушылық білдіріп отырғанымыз рас. Бұл әсіресе, бейбіт жиын өткізу, бірлестік құру, азаматтық қоғам өкілдеріне алалап қарау, азаптаудың алдын-алу және күресуге байланысты. Менің ойымша, бұл диалогқа оң көзбен қарау керек. Мақсатымыз — "масқара" деп ұялту емес, прогреске жету үшін бірге жол іздеу.

Полиция Республика алаңының іргесінде ер адамды ұстап әкетіп барады. Алматы, 2021 жылғы қаңтар.
Полиция Республика алаңының іргесінде ер адамды ұстап әкетіп барады. Алматы, 2021 жылғы қаңтар.

Бірақ өзгерістер процесін бастау үшін бір ғана дипломатия жеткіліксіз. Виктор Гюго "Тірілердің күресі бітпейді!" деп жазды. Бұл әлі де өзекті. Құқықтар мен еркіндік үнемі күрестің арқасында келеді, бұған Франция тарихы жақсы мысал бола алады. Осы сөзім арқылы қазақстандық азаматтық қоғамның рөлі маңызды екенін айтқым келеді. Олар күш біріктіріп, шешуші қадамдарға жиі барған сайын, демократиялық стандарттарға жету жолындағы прогресс жиілейді.

"АЛДЫҢДА АЗАМАТТАР ТҰРҒАНЫН ЕШҚАШАН ҰМЫТПАУ КЕРЕК"

Францияда наразылық көп болады. Демонстранттар қоғамдық мүлікті бүлдіріп, көшедегі көліктерді өртейді. Авторитар елдерде мұндай жаңалықты мемлекеттің әлсіздігі етіп көрсетеді. Бұған не айтасыз? Мұндай жағдайда Франция үкіметі наразылықты күшпен баса ала ма? Президенттің ескертусіз оқ атуға бұйрық беруі мүмкін бе?

– Францияда қоғамдық тәртіпті полиция мен жандармның арнайы жасағы қамтамасыз етеді. Олар қалың халық нөпірін бақылауда ұстауға үйренген. Құқықтық мемлекетте аса қажет болған жағдайға, пара-пар күш қолдануға болады. Бұл — алтын ереже. Сот осы норманың сақталуын жіті қадағалайды. Асыра күш қолданған адамдарды бірден жауапқа тартады. Тағы бір ереже: қарсы алдыңда азаматтар тұрғанын ұмытпау керек. Иә, кейде адам ашуға беріліп, зомбылық іс-әрекетке барып, көлік өртеп, біреудің дүние-мүлкін бүлдіруі мүмкін. Бірақ қылмыстық кодекс бойынша жазаланатын ондай әрекеті оларды полицияның жауына немесе террориске айналдырмайды.

Францияда полиция жасағы зейнет реформасына қарсылық шеруі кезінде демонстрантты ұстап жатыр. 2023 жылғы қаңтар.
Францияда полиция жасағы зейнет реформасына қарсылық шеруі кезінде демонстрантты ұстап жатыр. 2023 жылғы қаңтар.

– Жыл сайын 300-400 қазақстандық түлек Францияға оқуға түседі деген дерек бар. Олардың көбі француз тілінде тегін білім алады. Франция үкіметі француз тілін насихаттап, қазақстандық студенттерді қабылдауға қаншалық мүдделі? Қандай бағдарламалар бар? Қазақстандағы орта білім үш тілге негізделген және оған француз тілі кірмейтінін ескерсек, француз тілін тереңдетіп оқытатын қазақстандық мектептермен байланысып тұрасыз ба?

Француз тілі – әлемде кең таралған бес тілдің бірі. 350 миллион адам француз тілінде сөйлейді. 29 елде ресми тіл ретінде қолданылады. Француз тілін меңгеру франкотілді мәдениетке жол ашады. Франция – шетелдік студенттер саны жағынан әлемде 6-орында тұр. Жыл сайын 400 000 шетел азаматы Францияға оқуға түседі.

Мемлекеттік білім беру мекемелерінде Франция мен Еуропа студенттеріне оқу тегін. Еуроодаққа кірмейтін елдердің азаматтары оқу ақысының үштен бірін ғана төлеп, білім ала алады. Магистратураның бір жылы 3000 еуро тұрады. Диплом сататын кейбір университеттерге қарағанда, Франция университеттерінде шетел студенттері үшін бөлек топтар жоқ. Олар француздармен бірдей ортада оқиды. Оларды емтиханда да бөліп-жармаймыз.

Өкінішке қарай, қазақ мектептерінен француз тілін толықтай алып тастады. Қынжылатын нәрсе. Қазір Қазақстанда бір ғана француз мектебі (Астанадағы "Шарль де Голль – Мирас") бар. Астана мен Алматыда 2 француз халықаралық мектебі ашылғалы жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG