Accessibility links

Макронның Қазақстанға сапары және Батыстың "Орталық Азиядағы белсенділігіне шамданған" Ресей


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Франция басшысы Эммануель Макрон. Астана, 1 қараша 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Франция басшысы Эммануель Макрон. Астана, 1 қараша 2023 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Франция президенті Эммануэль Макрон Қазақстан мен Өзбекстанға не үшін келіп кеткенін талдады. Сонымен қатар Батыс елдерінің аймақтағы белсенділігі мен Орталық Азияны «өз жағына тарту әрекеті» Ресейдің шамына тигенін жазды. Одан бөлек «АрселлорМиттал Теміртау» кәсіпорнын мемлекет меншігіне қайтару кеніштердегі қауіпсіздік мәселесін шеше ала ма дегенге үңілді.

МАКРОННЫҢ САПАРЫ: УРАН ЖӘНЕ ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙДІҢ ЫҚПАЛЫНА ҚАРСЫ ТҰРУ

Батыстағы бірқатар басылым Франция президенті Эммануэль Макронның осы аптада Қазақстан мен Өзбекстанға жасаған сапарын талдады.

BBC сайты бұл сапар Еуропа үшін аймақтың ядролық және қазба отын тасымалдаушы ретінде маңызы арта түскенін көрсетеді деп жазды.

Мәскеу Украинаға басып кіргелі Ресей мұнайының Еуроодаққа экспорты күрт қысқарды, ал Қазақстан Норвегия мен АҚШ-тан кейін Еуроодаққа ең көп мұнай жеткізетін үшінші елге айналды.

Мақала авторы Идо Воктың жазуынша, Францияны ерекше қызықтыратын нәрсе – уран, Францияда 60 пайыздан астам электр энергиясын атом электр станциялары өндіреді. Ел ішінде атом электр энергиясын дамытуға ұмтылған Қазақстан француз технологияларына ынтық. Ал Францияның мемлекеттік EDF компаниясы Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салғысы келетін үміткерлердің қатарында.

Францияның Шампань өңіріндегі атом электр станциясы. 2022 жыл.
Францияның Шампань өңіріндегі атом электр станциясы. 2022 жыл.

Франция уранның айтарлықтай бөлігін Нигердегі француз компаниялары басқаратын кеніштерден импорттайтын. Нигерде шілде айында болған әскери төңкерістен соң Францияға уран жеткізу тоқтап қалуы мүмкін деген қауіп төнді. Бірақ Париж бұл төңкеріс елдегі электр энергиясының өндірісіне әсер етпейді, екі жылға жететін уран қоры бар деп сендірді. Дегенмен Макронның бұл сапары Париждің уран тасымалына алаңдайтынын көрсетеді.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, Макрон елге аймақта бір ғасырдан астам уақыт үстемдік құрған Ресей мен Орталық Азия қарым-қатынасы өзгеріп жатқан тұста келді. Оның сөзінше, Украинадағы соғыстан кейін Ресейдің аймақтағы ықпалы әлсіреп жатыр.

«Әскери серіктестік азайды, соғыстан кейін Ресейге көзқарас нашарлады. Орталық Азия елдерінің үкіметтері ол жайлы ашық айтпайды, бірақ солай болып жатқаны анық», дейді Сәтпаев.

Автор Қытай ықпалына қарсы тұру да маңызды мәселе екенін келтіреді. Соңғы жылдары «Бір белдеу – бір жол» бастамасының арқасында Пекиннің аймақтағы экономикалық белсенділігі артты. Пекин Орталық Азияда «Бір белдеу – бір жол» бастамасы арқылы 100-ден астам жобаға қаржы құйды. Франция мен Еуроодақ аймақта еш уақытта мұндай экономикалық ықпалға ие бола алмайды.

Макронның Қазақстан мен Өзбекстанға сапарына тоқталған Le Monde басылымы Париж Қазақстан мен Өзбекстанды Ресей, Қытай мен Түркияның ықпалында қалдырғысы келмейтінін жазды.

Франция басшысы Эммануель Макрон "Этноауыл" ұлттық көрмесінде асық атып тұр. Жанында Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұр. Астана, 1 қараша 2023 жыл.
Франция басшысы Эммануель Макрон "Этноауыл" ұлттық көрмесінде асық атып тұр. Жанында Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұр. Астана, 1 қараша 2023 жыл.

«Эммануэль Макрон Қытай мен Ресейдің ықпалына қарсы тұру үшін Орталық Азияға келді» атты мақаланың авторы Мари Жего Украинадағы соғыс, Қытай амбициясы күшейіп жатқан тұста дәстүрлі түрде Ресейдің ықпал аймағы саналған Қазақстан сыртқы қарым-қатынасты әртараптандыруға тырысып жатқанын келтіреді. Еуроодақтың бұдан шет қалғысы жоқ. Брюссель «Ғаламдық шлюз» бағдарламасы арқылы инфрақұрылым жобаларына жаппай инвестиция құюды көздейді. Бұл бастаманы Франция да қолдайды.

Британдық Guardian басылымы Франция президенті Макрон Қазақстан президенті Тоқаевпен кездесу кезінде Украинадағы соғыс мәселесінде Мәскеуді қолдамағаны үшін Астананы мақтағанына назар аударды.

«Кейбіреулердің сізге көрсетуі мүмкін қысым мен геосаяси қиыншылықтарды бағаламай отырғаным жоқ. Еліңіз қандай да бір державаның вассалы болудан бас тартып, әртүрлі мемлекетпен баланс ұстанатын қарым-қатынас орнатуға күш салатын жолды таңдады. Бұл стратегия Францияға жақын», деді Макрон.

БАТЫСТЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ "ӨЗ ЖАҒЫНА ТАРТҚАНЫНА АШУЛАНҒАН" РЕСЕЙ

АҚШ-тағы CNBC арнасы Ресей саясаткерлері Батыстың Орталық Азияға көп көңіл бөліп, аймақпен одақ құру ұмтылысын жіті бақылап жатқанын жазды.

Аймаққа осы аптада келіп кеткен Франция президенті Макрон Қазақстанның Украина мәселесінде Мәскеуді қолдамағанын баса айтты.

Мақала авторы Холли Эллиатт Макронның Тоқаевпен кездесуде Ресейге қарата айтқан сөзі Батыс елдерінің аймақтағы белсенділігін жақтырмайтын Мәскеуді ашуландырған тәрізді дейді.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров өткен аптада Батыс Ресейдің «көршілері, достары мен одақтастарын» өз жағына тартуға тырысып жүргенін айтты.

«Олар (Батыс елдері) АҚШ, Еуроодақ, Жапония қатысатын «Орталық Азия +» сияқты формат ойлап тапты. «Орталық Азия – Еуроодақ» форматынан бөлек немістер өз форматын ойлап тапты. Француздар да уақытты босқа кетірмей, тура соны жасайды» деді Лавров.

Лондондағы саясаттанушы Марк Галеотти Макронның Орталық Азияға сапары Мәскеудің жанды жеріне тиетінін, бірақ Орталық Азия сауда және қауіпсіздік кепілі үшін Еуропа, Қытай, АҚШ-қа көбірек қарайлай бастағанын жеткізді.

«[Ресейде Орталық Азияның геосаяси бағыты бойынша алаңдаушылық бары] анық. Бірақ бұл алаңдаушылықтың басты себебі, [Ресей] Орталық Азияны уыстан шығарып алғанын түсініп отыр. Мәскеу көп уақыт бойы Орталық Азияның қауіпсіздік кепілгері болды. Ресей − қауіпсіздік мәселесі бойынша көмек сұрайтын ел болған. Бірақ былтыр ақпаннан кейін (Мәскеу Украинаға басып кірген соң) Ресейдің Орталық Азиядағы беделі жылдам құлдырады», деді Галеотти.

"АРСЕЛОРМИТТАЛ ТЕМІРТАУДЫ" МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ АЛУ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІН ШЕШЕ МЕ?

АҚШ-та шығатын Diplomat журналы «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі «Иван Костенко» шахтасында 46 адамның өмірін қиған апат кәсіпорынды мемлекет меншігіне беру туралы келіссөзді жеделдеткенін жазды.

«АрселлорМиттал Теміртау» мұндай келіссөздер жүріп жатқанын растады. Мақала авторы Кэтрин Путц меншік иесінің ауысуы өндіріс міндетті түрде қауіпсіз бола түседі дегенді білдірмейді дейді.

28 қазанға қараған түні Қарағанды облысындағы «Костенко» шахтасында жарылыс болып, өрт шыққанда жер астында 252 адам болған, оның 206-сы сыртқа шығып үлгерген.

Президент Тоқаев «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясының иесі ArcelorMittal тау-кен алыбын тарихтағы «ең сорақы» инвестор деп атап, мемлекет онымен әріптестігін тоқтататынын мәлімдеді.

Басылым Тоқаев апаттан кейін қатаң мәлімдеме жасағанымен, үкімет пен компания оған дейін де кәсіпорынға иелік ету мәселесін талқылаған дейді. «АрселорМиттал» өз хабарламасында «екі тарап «АрселлорМиттал Теміртаудың» болашағын талқылап, жақында алдын ала келісімге қол қойғанын, ол бойынша иелік ету құқығы мемлекетке өтететінін» растаған.

Тамызда Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы «Қазақстан» шахтасында болған өрттен бес кенші қаза тапты. Сол тұста үкімет жетекшісі Әлихан Смайылов апат үшін жауапкершілікті кеніш иелеріне жүктеген.

Автордың пайымдауынша, мемлекет кәсіпорынды өз меншігіне алса, бұл кеніштердегі қауіпсіздік мәселесі бірден шешіле салады дегенді білдірмейді. Дегенмен мемлекет меншігіне алынса, апат үшін жауапкершілік штаб-пәтері Люксембургте орналасқан алыстағы конгломератқа емес, Астана мойнына артылмақ. Тау-кен инфрақұрылымы әбден тозған, сол себепті оны жөндеу мемлекеттен көп ақша талап етеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG