Сайлау неліктен 5 қарашада өтеді?
Көп елде дауыс беру демалыс күні өтеді. Бірақ АҚШ-та олай емес, мысалы, биыл 5 қараша – сейсенбі, жұмыс күні. Неге бұлай болды?
Сайлау бұрыннан қарашада өтетін. Бірақ XIX ғасырдың бірінші жартысына дейін ол бір айға ұласатын. Ол кезде АҚШ аграрлық қоғам еді. Америкалықтардың басым бөлігі көктемде, жазда егін егіп, күздің басында оны жинаумен айналысатын. Сондықтан қараша айы бәріне тиімді болған.
Кейіннен бір айға созылатын дауыс беру сайлауға теріс әсер ететіні белгілі болды. Кей штаттарда сайлаудың алғашқы қорытындысы жария болып, ол дауыс беру әлі аяқталмаған штаттардағы сайлаушылар шешіміне әсер еткен. Сол себепті, 1845 жылы АҚШ Конгресі сайлауды бір күнде өткізуді ұйғарған. Заң шығарушылар бәріне ортақ күнді іздегенде қарашаның бірінші дүйсенбісінен кейінгі сейсенбіге тоқтаған. Ал егер 1 қараша сейсенбі болса, сайлау бір аптадан кейін өтеді.
Неге сейсенбі десеңіз, оның себебі мынада. Америкалықтар жексенбіде ғибадат етсе, сәрсенбіде сауда жасаған. Ал автокөлікке дейінгі дәуірде сайлау учаскесіне жету де біршама уақыт қажет еткендіктен, дүйсенбіде жолға шыққан шаруа сейсенбі дауыс бере алған.
Халық арасында көп дауыс жинау жеңіске жетті дегенді білдірмейді. Неге?
АҚШ халқы президентті тікелей сайламайды. Ортада "сайлаушылар алқасы" дейтін делегаттар бар. Сайлау күні америкалықтар бар болғаны осы делегаттардың дауысы қай үміткерге өтетінін ғана анықтайды. АҚШ "сайлаушылар алқасында" нақты бір штаттан өкілдік ететін 538 делегат бар. Бұл сан АҚШ Конгресінің төменгі және жоғарғы палаталарындағы мандаттардың қосындысынан тұрады. Конгресте 435 өкіл, 100 сенатор бар. Бұған Колумбия округінен үш делегат қосылады. Жеңіске жету үшін үміткерге кемі 270 делегаттың дауысы керек.
Халық саны көп штаттарда делегат саны да көп. Мысалы, Калифорнияда 54, Техаста 40 делегат бар. Бар қызық осы жерде басталады. АҚШ-та президент сайлағанда "жеңген бәрін алады" деген қағида жұмыс істейді. Мысалы, үміткер Калифорния не Техас сияқты ірі штатта болмашы ғана басымдықпен жеңсе де, сол штаттағы бүкіл делегаттың дауысын алады. Невада мен Мэйннен басқа 48 штаттың барлығында осы жүйе орнаған.
2016 жылғы сайлауда Хилари Клинтон Дональд Трампқа қарағанда 3 миллион артық дауыс алған. Бірақ президент болып Дональд Трамп сайланды. Себебі, оған 304 делегаттың дауысы бұйырды. АҚШ тарихында мұндай құбылыс бес рет болған.
Америкалықтардың басым бөлігі бұл жүйені құптамайды (Gallup). Бұған дейін екі саяси партия өкілдері де оны өзгертуге тырысқан. Мәселен, кейінгі 200 жылда АҚШ Конгресіне сайлау жүйесін өзгерту жөнінде 700 ұсыныс түскен екен. Десе де, ол АҚШ Конституциясында "12-түзету" ретінде ратификацияланғандықтан, өзгертілмеген.
Құбылмалы штаттар неге шешуші рөл атқарады?
Құбылмалы штат деп екі партия өкілінің де жеңу мүмкіндігі бар штатты айтады. Мәселен, 1980 жылдан бері мына штаттарда үнемі республикалық партия үміткері жеңіп келген. Оларды "қызыл штаттар" деп атайды. Ал мына штаттарда 1992 жылдан бері демократтар басымдық танытып отыр. Оларды "көк штаттар" дейді. Осыған қарап-ақ қай партияның жеңіске жақын тұрғанын болжауға болады. Десе де, сайлау нәтижесі әр кез құбылатын бір топ штат бар.
Құбылмалы штаттарда әдетте бәсеке тартысты өтеді. Мәселен, 2020 жылы президент сайлағанда Джо Байден бәсекелесіне қарағанда Аризона штатында 10 мың, Джорджияда – 11 мың, Невадада – 32 мың дауыс артық жинап, жеңіп кеткен. Көбірек дауыс жинаған үміткер штат еншісіндегі делегаттардың барлығын иемденеді. "Жеңген бәрін алады" жүйесінің арқасында АҚШ-тағы сайлауда құбылмалы штаттардың маңызы артып отыр.
Егер АҚШ-тағы сайлауды жіті бақылап жүрсеңіз, биылғы сайлаудағы президенттікке кандидаттар Дональд Трамп пен Камала Харристің Пенсильвания, Аризона, Джорджия, Мичиган, Невада, Солтүcтік Каролина және Висконсин штаттарына жиі баратынын байқайсыз. Саясаттанушылар 90 делегаты бар осы жеті штат биылғы сайлауда шешуші рөл атқарады дейді.
Құбылмалы штаттар халық санына және саяси көзқарасына қарай өзгеріп отырады. Мысалы, бірнеше он жылдан бері демократтарды қолдаған Пенсильвания штатында 2016 жылы республикашыл Дональд Трамп жеңді. 2020 жылы демократ Байден жеңгенімен, дауыс айырмасы әдеттегідей аз болды. Сондықтан биылғы сайлауда кім жеңетінін 19 делегаты бар Пенсильвания анықтауы мүмкін. Харрис те, Трамп та пенсильваниялықтардың қолдауына ие болуға күш салып отыр.
Харрис Пенсильваниядағы мұнай өндірісі қызметкерлерінің сеніміне кіру үшін "фрекинг әдісімен мұнай өндіруді шектемеймін" десе, Трамп мұнай мен газ өндірісінің көлемін арттыратынын айтып жүр. Одан бөлек, Камала Харрис бұрын үнемі демократтарға дауыс берген, ал қазір АҚШ үкіметінің Израильді қолдағанына наразы Мичигандағы мұсылмандар дауысын қайта жинауға тырысып бақса, Дональд Трамп 2020 жылы жеңіліп қалған Джорджия делегаттарын ұтуға ынталы.
Сайлауда кімнің жеңгені қашан белгілі болады?
АҚШ-та президент сайлау 5 қарашада өткенімен, кімнің жеңгенін анықтауға бірнеше күн кетуі мүмкін. 2020 жылы COVID-19 пандемиясы кезінде америкалықтардың бір бөлігі пошта арқылы дауыс бергендіктен жеңімпазды анықтау 5 күн уақыт алды. 2000 жылы өткен сайлауда Флорида штатында дау шығып, америкалықтар кімнің сайланғанын 5 аптадан кейін ғана білген.
4 жыл бұрын сайлау күні Дональд Трамп бірнеше құбылмалы штатта алда келе жатқанына меңзеп, дауыс санау аяқталмай жатып жеңгенін мәлімдеп қойды. Ал кейін "сайлау учаскелері жабылған соң дауыс санауды да тоқтату керек" деп талап етті. Сол жылы республикалықтар көбіне учаскеге барып дауыс берді. Ал демократтар бюллетенді пошта арқылы жіберді. Әр штаттың дауыс санау тәртібі бар. Көбінде пошта арқылы жеткен бюллетендер ең соңында саналатындықтан, Трамп сайлау күні алға шыққан. Мұны саясаттанушылар "қызыл сағым" деп атады.
Индиана мен Кентукки штаттары сайлау учаскелерін бірінші болып кешкі 7:00-де жабады. Кей штаттар 7:30-да дауыс беруді тоқтатса, қалған бөлігі 8:00-де аяқтайды. Аляска штатында сайлау учаскелері жабылғанда, Вашингтонда 6 қараша таңғы 6:00 болады. Штаттар дауыс санауды өз аумағындағы учаскелер жабылғаннан кейін бастайды. Егер құбылмалы штаттарда үміткерлерге берілген дауыс айырмасы өте аз болса, шетелде жүрген америкалықтардың бюллетеньдерін күтеді, ал бұл бірнеше күнге ұласуы мүмкін.
Үміткерлер тең түссе не болады?
Сайлауда үміткерлер делегаттар дауысы бойынша тең түссе немесе ешбір үміткер басым дауысқа ие бола алмаса, президентті Конгрестің төменгі палатасы, ал вице-президентті жоғарғы палатасы сайлайды. Мұндай жағдай XIX ғасырда бірнеше мәрте болған.
Сарапшылар биылғы сайлауда Харрис пен Трамп тең түсуі мүмкін дейді. Егер екеуі 269 делегаттан жинап тең түссе, қайта дауыс беру Өкілдер палатасына жүктеледі.
Конгрестің төменгі палатасында 435 өкіл бар. Үміткерлер тең түскенде "әр штат – бір дауыс" принципімен дауыс береді. Яғни 52 делегаты бар Калифорния мен бір өкілін сайлаған Вайоминг те бір-бірден дауыс алады. 50 штаттың 26-сы таңдаған үміткер президент атанады. Қазіргі Конгресстің төменгі палатасында республикалықтар өкілдік ететін штаттар саны көбірек. Сондықтан биыл үміткерлер тең түскен жағдайда, Дональд Трамп жеңімпаз атануы ықтимал.
ПІКІРЛЕР