Accessibility links

Кремль 2024 жылы сайлауларға араласқанда қолданатын бес амал


2024 жылғы 20 қазанда Молдова азаматтары президент сайлауы мен Еуроодаққа қосылу мәселесі туралы референдумға дауыс береді.
2024 жылғы 20 қазанда Молдова азаматтары президент сайлауы мен Еуроодаққа қосылу мәселесі туралы референдумға дауыс береді.

Шығыс Еуропада қазір сайлау науқаны қызып тұрған шақ. Кремль Украинадағы соғысқа малтықса да, осы сайлауды өз пайдасына бұрып әкетуге жанталасып жатыр. Мәскеу мен оны қолпаштайтын популистік одақтастары жеңіске жету үшін қандай әдіс-амалға жүгінеді?

20 қазанда Молдова азаматтары президент сайлауына және елдің Еуроодақпен болашақ қарым-қатынасын айқындайтын референдумға дауыс беріп жатыр. Румыния Кремльге бүйрегі бұратын демагог тұлғаға қарашаға жоспарланған президент сайлауына қатысуға тыйым салған. Ал Болгариядағы Ресейді қолпаштайтын "Возрождение" ("Қайта өрлеу") оңшыл партиясы алдағы сайлаудан кейін парламенттегі басым орындарға ие болады деген болжам айтылып отыр.

Кремль мен оның әр өңірдегі популист одақтастары сайлау қорытындысына әсер ету үшін қандай стратегия қолданады?

Ресейдің одақтастары

Украин саясаткері әрі оңшыл көзқарастар жөніндегі сарапшы Антон Шеховцов А жоспары "әдеттегідей негізгі күштермен әріптестікке негізделеді, кейін оларды Ресейдің сыртқы саяси мүддесіне сай әрекет ету үшін пара беріп, сатып алады" деп топшылайды.

Кей елдерде А жоспары жақсы нәтиже берген. Кремль ондай саясаткерлермен тәуір қарым-қатынас ұстанады. Мәселен, ондайлардың қатарында Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан, Сербия президенті Александр Вучич пен Словакияның премьер-министрі Роберт Фицо бар.

"Мәскеу үшін негізгі күштердің Ресеймен әріптес болуға онша мүдделі еместігі мәселе туғызып отыр. 2014 жыл (Ресей Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алды) мен 2022 жылдан (Ресей әскері Украинаға басып кірді) кейін Кремльмен жұмыс істегісі келетін популистер көбейді", – деді Шеховцов.

Мұндай жағдайда Б жоспарына оралуға тура келеді.

"Ресей әдетте оңшыл партиялармен серіктес болады, – деді АҚШ-тағы Пенсильвания университетінде Ресей және Шығыс Еуропа бойынша зерттеу жүргізетін профессор Митчелл Оренштейн. – Бірақ Кремль солшыл партиялармен де одақ құрып, белгілі бір деңгейде центристік көзқарастарды да қолдауы мүмкін".

Кейде саяси маргиналдармен жұмыс істеп, прагматикалық қадамдарға бару да нәтиже береді. "Возрождение" басшысы Костадин Костадинов көп жыл бойы экстремистік орталарда жүрді, мигранттарды сынап, рома халқы өкілдеріне "паразиттер" деп мін тақты. Бір кездері демократиялық реформаларға қарсы шығып, Болгарияның НАТО-дан шығуын талап еткен партия 27 қазанға белгіленген парламент сайлауында екінші орын алуы мүмкін деген болжам бар.

Молдова соты жеті жарым жылға бостандығынан айырған олигарх Илан Шор 2017 жылы шетелге қашып кеткен, 2024 жылы ол Ресей азаматтығын алды.
Молдова соты жеті жарым жылға бостандығынан айырған олигарх Илан Шор 2017 жылы шетелге қашып кеткен, 2024 жылы ол Ресей азаматтығын алды.

Астыртын берілетін қаржы

Молдова билігі Кремльдің ықпалынан шығуға барын салып жатқанымен, Приднестровье сепаратистік аймағында әлі күнге дейін Ресейдің 1000 жауынгері бар. Билік жақында қуғында жүрген ресейшіл алаяқ Илан Шордың қаржы схемасын анықтаған. Ол Еуроодақ туралы жалған ақпарат таратып, сайлаудағы дауыстарды сатып алғаны үшін Молдова тарихындағы ең ірі банк алаяқтығын жасады деп айыпталған еді. Қыркүйекте 130 мың молдован Ресейден жиынтығы 15 миллион долларға жуық ақша алғаны белгілі болды.

Мұндай схемалар сирек ашылады. Әдетте оларды әшкерелеу қиын, өйткені қаржылай қолдау жалған компаниялар мен офшорлық есепшоттар арқылы жүргізіледі. Кремль үшін тікелей қаржыландыру – қауіпті тактика.

"Олар өте сақ болуға тырысады, – деді Шеховцов. – Мұнда қылмыстық қызмет туралы айтып отырмыз, өйткені салық жоқ, [партиялар] шетелдік державадан ақша алып отыр".

Жалған ақпарат тарату

Кремльдің Шығыс Еуропадағы одақтастарын күшейту үшін қолданатын ең арзан әрі тиімді амал-әдістерінің бірі – жалған ақпарат тарату.

RT сияқты ресейлік мемлекеттік ақпарат құралдарынан бөлек, "әртүрлі еуропалық тілдерде билікке қарсы, популистік күштердің саясатын насихаттайтын веб-сайттар бар, – деді Шеховцов. – Популистердің өз еліндегі ақпарат құралдарына ықпалы аз, бұл соның орнын толтырады".

11 қазанда америкалық технологиялық алпауыт Meta орысша сөйлейтін молдовандарға бағытталған, Ресейді жақтайтын контент таратып, тәуелсіз жаңалықтар сайтының атын жамылған парақшаларды басқаратын қолданушылар желісін өшіргенін хабарлады.

Мұндай операциялар көбіне "саңырауқұлақ сайттар" деп аталатын ірі желілердің бір бөлігі саналады. Олар бірден көп парақша ашып, жалған ақпарат таратуды қаржыландырады.

Қорқытып-үркітуді кеңінен қолдану

Жалған ақпаратқа құлақ ассаңыз, "мигранттар жұмысыңызды тартып алады-мыс", "ЛГБТ-қауым балаларыңызды тура жолдан тайдырады-мыс", шетелден қаржы алатын үкіметтік емес ұйымдар "мемлекеттік төңкеріс жасауд көксейді-міс", "фашистік Украинаға Ресей ғана бейбітшілік әкеле алады-мыс".

Молдованың бұрынғы президенті, Ресейді жақтайтын Игорь Додон жақында ешқандай айғақ-дәлелсіз, еуропашыл президент Майя Санду сайлауда жеңіске жетсе, мемлекеттік мекемелерде "ЛГБТ квотасы" пайда болады деп хабарлады.

Болгарияда "Возрождение" партиясы Ресейдің үлгісімен шетелдік агенттер туралы заңды насихаттап жатыр. "Келесі кезек сендерге келеді!" – деді партия басшысы Костадинов елдегі ең ірі шетелдік донор ұйым "Америка Болгария үшін" қорына қарата сөйлеп.

Адамдардың демократиядан көңілі қалған, экономикалық қиындықтардан шаршаған әлеуметтік консервативті қоғамда мұндай эмоция қозғайтын нарративтер қатты әсер етеді.

Ресей дәстүрлі өмір салты мен тәуелсіздікке қауіп төніп тұр деп қорқытып, өзін өңірді құтқарушы етіп көрсетуге тырысады.

Болгария қоғамында бұл ел Совет одағының сателлиті болған өткен заманды аңсайтындар да бар.
Болгария қоғамында бұл ел Совет одағының сателлиті болған өткен заманды аңсайтындар да бар.

Амалы әртүрлі, мақсаты бір насихат

Кремль стратегиясының маңызды бөлігі – өз идеясын жергілікті деңгейде жеткізу. "Ресей өз әдісі мен өзі қолдайтын партиялар арасындағы кез келген ортақ дүниені іздейді, – деді Оренштейн. – Бір елде панславизмді, екінші елде православ діни байланыстарды, үшінші елде Украинаға қарсы көңіл-күйді насихаттайды".

Мәселен, Болгарияда ресейшіл партиялар "Совет одағы кезінде бәрі тамаша еді" деген ностальгия мен Ресейдің [болғарларды] Осман империясы езгісінен құтқарып, азаттық әперген ел екенін еске салумен айналысады. Венгрия мен Словакияда кремльшіл партиялар халықты мигранттармен қорқытып-үркітіп, "Еуроодақ ұлттық тәуелсіздігімізді талқандап жатыр" деп түсіндіреді.

Молдовада ресейшіл экс-губернатор Ирина Влах елде румын азаматтары көп болуының өзі Румынияның кедей көршісін басып алу пиғылын көрсетеді деп айтты.

Кремльдің көздегені не?

Кремльдің ұзақ мерзімдегі мақсаты – Еуроодақ пен НАТО-ның беделін түсіріп, Шығыс Еуропа елдерін Ресейдің ықпалына қайтару.

Ал қысқа мерзімдегі мақсаты Украинамен байланысты. Кремль Еуропаның Киевке әскери және экономикалық қолдау көрсетуіміз керек деген бірлігін бұзғысы келеді.

Оренштейннің пікірінше, Кремльге Шығыс Еуропадағы өзі қолдайтын партиялардың "сыртқы саяси көзқарасы" көбірек маңызды. Мәскеу осы арқылы олардан санкция немесе Қырым мәртебесі мәселесінде қолдау тапқысы келеді.

"Ресейдің қолдауына ие болғаннан кейін Мәскеудің ығына жығылып, сыртқы саяси ұстанымын түбегейлі өзгерткен партиялар болды", – деді Оренштейн.

Бірақ Ресейге жетістікке жету үшін міндетті түрде ашық қолдау керек емес. Кейде Кремль қатты қорқатын демократия мен азаматтық қоғамға зиян келтіретін іріткі салу, қоғамды жікке бөлудің өзі жеткілікті.

(Люк Оллнаттың мақаласы ағылшыннан аударылды)

XS
SM
MD
LG