КЕНШІЛЕРІН АЗА ТҰТҚАН ҚАЛА
"Екі рет тарс етіп бірдеңе атылғанда, адам таситын электр көлігі кілт бұрылып, құлағымыз тұнып қалды. Біз "құтқарушыларға" қосылдық. Ештеңе көрінбейді, әрең шықтық. Жоғары көтеріп алсын деп айқайладық", – деп еске алады кенші 28 қазанда шахтада болған жарылысты.
Сол күні "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі Иван Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, өрт шыққан. Ол кезде жер астында 252 адам жұмыс істеп жатқан-ды. Ер адамның көрер жарығы бар екен, аман қалды. Бір жағы жарылыс эпицентрінен қашықта тұрғандықтан сыртқа шығып үлгерді. Жарылыс толқынының күші екі шақырым қашыққа дейін сезілген.
46 адам қаза тапты. Кім екені анықталған марқұмдарды 30 қазаннан бастап жерлей бастады. Сол күні 15 кеншінің жаназасы шықты.
31 қазанда тағы 22 шахтерді жерледі. Солардың кейінгісі – 60 жастағы Виктор Деревянко.
– Зейнетке шығуына 3 жыл қалған еді. Осы шахтада 30 жылдан астам еңбек етті. Итін қатты жақсы көретін, қазір ол байғұс есікке қарап, күні-түні ұлып тұр. Отбасымызбен араласушы едік, 1990 жылдан бері бір қабатта тұрамыз, – дейді марқұмның көршісі Елена Ульянкина. – Әйелі жұмыстан шық деп бірнеше рет айтты. Ол болса: "Қорықпа, маған ештеңе болмайды", – дейтін. Кеше ғана әйелі маған осыны айтқан. Ол өлді дегенге соңғы сәтке дейін сенген жоқпыз. Өйткені әлеуметтік желіде жарияланған тізімде оның аты-жөні болмаған. Витя ағай көңілді, мейірімді, елгезек жан еді. Әкем екеуі балыққа баратын, әкем жұмыста болған кезде анамның ауыр сөмкелерін көтерісетін. Артында әйелі мен бойжеткен қызы қалды.
Асыраушысынан айырылған отбасылар зар еңіреп отыр. Көбінің журналистермен сөйлесуге құлқы жоқ. Кейбіреуі әлеуметтік желіге қаза тапқан жақынының суретін жариялап, шағын ақпарат берген. Бір кеншінің қызы: "Тауып, шығарып алды. Әкем – Николаенко Юрий Леонидович. Кәсібінің жолында жанын құрбан етті. 40 жылдан астам еңбек еткен", – деп жазып қойыпты.
"Бұл қаза тапқан кеншіміз – Кочмар Сергей Николаевич. Бір-екі күннен соң демалысқа шығатын еді. Екі тәулік күттік, үміт үзбеген едік. Бірақ ол оралған жоқ. Сүйегі ең соңғы табылғандардың бірі", – делінген тағы бір жазбада.
Әлеуметтік желідегі посттарға мыңдаған пікір жазылып жатыр. Біреулер көңіл айтса, енді бірінде: "Қарағанды кеншілердің даңқын шығарған қала еді, енді кеншілерін аза тұтқан қалаға айналды. Қаншама отбасы азаматынан айырылды", – деген қайғы мен ашу-ыза аралас пікірлер де бар.
Наталья Томилова 2006 жылы Ленин шахтасында жарылыс болғанда туысынан айырылған. Басқа қаза тапқандардың жесірлерімен бірге "Шахтерлер отбасы" қоғамдық бірлестігін ұйымдастырған. Ол шахтерлерді асығыс жерлеп жатқанына алаңдайтынын жеткізді (алты адамның кім екені әлі күнге анықталған жоқ). Қоғам белсендісі осыдан 17 жыл бұрын 41 адам қаза тапқан апаттан кейін марқұмдардың туыстарымен бірге осыған ұқсас жағдайға тап болғанын еске алды. Қаза болғандардың сүйегін береді, отбасы оны жерлейді. Бірақ кейін бір жесір әйел күйеуін екі рет жерледі: алдымен аяғын берген, кейін денесін тапқанын хабарлаған. Кейін әлгі "аяқ" оның күйеуінікі болмай шықты. Бір айдан кейін шахтадағы судан марқұм күйеуінің бүтін сүйегі табылды.
– Оны кездейсоқ анықтадық. Кейін марқұмның жесіріне "күйеуіңді тып-тыныш жерле, шу шығарма" деді. Келісудан басқа амалы қалмады. Тіпті бір қапшыққа бірнеше адамның сүйектерінің жұрнағын салып жерлеген де жағдай болды. Кейін әрең дегенде сол жерге ескерткіш қойып, айналасын қоршаттық. Ол жерге "сүйектер" деп жазып қойдық. Шахтинск мазарында тұр. Сондықтан қазір табылған сүйек жұрнақтары кімдікі екенін анықтадық десе, күмәнданамыз. Ол жылдам істелетін жұмыс емес. Тек біздің басымыздан өткен жайт қайталанбаса екен деймін, – деді Наталья Томилова Азаттыққа.
Томилованың айтуынша, шахтадағы апаттан кейін билік пен "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы "кенет газ атқылады" деген сылтауды жиі айтатын болған. Ол мұны қылмыстық жауапкершіліктен құтылудың "ыңғайлы" жолы деп есептейді.
– Мұндай оқиғаның алдын алатын, кенеттен болатын жарылыстарды болжайтын бүтін бір штат жұмыс істейді. Бірақ, неге екенін, олар нәтижесіз болып тұр. Үнемдеудің аяғы қылмысқа ұласып, соның кесірінен адамдар қырылып жатыр. 2006 жылы да кеншілер желдеткіш жоқ болғандықтан қаза тапты. Оның бәрі дәлелденді. Бұл жердің жүйесі сондай, ешкім ештеңеге жауап бермейді. Басшыларды жазаласа, мұндай қайғы-қасірет қайталанбас еді. "Арселор" шахталарында ірі апаттар қанша рет болды, соның тек біреуінде ғана – 2006 жылы үкім кесілді. Оның өзіне қаза тапқан кеншілердің жесірлері күресіп жүріп қол жеткізді. Бас инженер түрмеге отырды, басқалар да қамалды. Одан кейін ешкімді жауапқа тартқан емес, – дейді Азаттыққа "Кеншілер отбасы" бірлестігінің құрылтайшысы Наталья Томилова.
ПОЛИЦИЯҒА ШАҚЫРТУ МЕН ЕСКЕРТУЛЕР
Жер астынан кеншілерді іздеу жалғасып жатқанда – іздеу операциясы төрт күнге созылды – қатардағы шахтерлерді полиция бөлімшесіне шақырта бастаған.
– Көшеде келе жатыр едім, жаныма көлік келіп тоқтады. Полицейлер менен бөлімшеге баруымды өтінді, – дейді қысым жасап жүре ме деп қорқып, аты-жөнін атамауды өтінген кенші Азаттыққа.
Бірнеше кенші Костенко шахтасындағы жарылыстан кейін ертесіне полициядан қоңырау түсті дейді. Айтуларынша күштік құрылым өкілдері соның алдында, тамыз айында "Қазақстан" шахтасында болған жарылыстан кейін құрылған әлеуметтік желі тобының белсенді қолданушыларын іздеген. Ол кезде бес кенші қаза тапқан еді. Қазір әлеметтік желідегі сол топта үш мыңға жуық адам бар, олардың көпшілігі еңбек қауіпсіздігі мәселесін көтеріп, тәуелсіз кәсіподақ құру туралы талап қойып жүр.
– Полициядағылар бізге тыныштық бұзбаңдар деді. Біз тіпті [Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің] "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы Заңнаманы бұзу" дейтін 488-бабы және "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу" деп аталатын 400-бабы бойынша ескерту алдық деген құжатқа қол қойдық, – дейді кенші. – Бізді рұқсат етілмеген митингіге шығуға болмайтыны ескертілді деп, бейнекамераға түсіріп алды. Негізі, митингіге шығамыз деген ойымыз болған жоқ, жай ғана шахтада қауіпсіздік сақталсын, тәуелсіз кәсіподақ ұйымы құрылсын деген пікірімізді айттық. Ертеңгі күні жұмысшы қандай да бір жұмысты орындаудан бас тартса, кәсіподақ келіп қорғаса екен дейміз. Капиталистің жоспары – кен өндіру. Біз ешкімге керек емеспіз, бірақ басқа барар жеріміз жоқ. Қазір айтпасақ, кейін кеш болады.
Азаттық сөйлескен шахтерлер кейбіреуін полицияға ресми шақыру қағазынсыз алып барғанын, ал біреуіне шақыру қағазын бергенін айтты. Бірақ шақыру қағазында не үшін және қандай мақсатпен шақырылатыны жазылмаған. Полиция қағаз жүзінде қылмыстық іс жүргізу кодексінің "Жауап алуға шақыру тәртібі" туралы 208-бабын алға тартады, алайда бұл бапта, негізінен, куәгер, жәбірленуші немесе күдікті ретінде жауап алуға шақыру тәртібі жазылған.
Кеншілер полицияның бұл әрекетін қайғылы оқиғадан кейін қоғамдық шараларға жол бермеу мақсатымен жасалған қысым көрсету әдісі деп түсінген. Бұрынырақта осындай ірі апаттардан кейін аймақта митингтер өтетін. Солардың бірі 2017 жылы өткен. Бірнеше шахтаның жұмысы тоқтап, кеншілер жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды, зейнет жасын азайтуды (қазір кеншілер басқа ер жұмысшылар сияқты 63 жасында зейнетке шығады) талап етіп, бірнеше күн шахтадан шықпай ереуіл жасаған. Қарағанды мен маңайындағы қалалардың жұрты ереуілшілерді қолдап, шахтаға тамақ пен су тасыған. Билік пен компания бүкіл елді дүрліктірген Қарағанды кеншілеріне жеңілдіктер жасап, талаптарының бір бөлігін орындаған.
Азаттық тілшісі полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, қайғылы оқиғадан кейін қазіргі және бұрынғы шахта қызметкерлерінің не үшін бөлімшеге шақырылғанын сұрады. Алайда осы материал жарияланғанға дейін полициядан жауап келген жоқ.
"ҮКІМЕТКЕ ҮНІМІЗ ЖЕТСЕ ДЕЙМІЗ"
46 адам қаза тапқаннан кейін Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының басқа кеншілерінің жұбайлары мен аналары бірігіп, шахтадағы қауіпсіздік, жалақыны көбейту және зейнет жасын 50 жасқа дейін азайту мәселесін көтермекші. Қазір топта он шақты әйел бар. Олар ары қарай қысым көреміз деген қауіппен, аты-жөнін атаудан бас тартты.
– Азаматтарымыздың жұмысы қауіпсіз болса дейміз. Табиғи апаттар болатынын білеміз. Бірақ қауіпсіздік техникасына қатысты да жайттар бар. Олар да үнемі сақтала бермейді. Бәрін қайта тексеру керек. Азаматтарымыз ешқандай апаттан сақтандырылмаған. Жұмысқа кеткен кезде қайта орала ма, жоқ па, білмейді. Алаңдап отырамыз. Бар тілегіміз, үкімет бізді естісе дейміз, – дейді топ атынан Азаттыққа сұхбат берген "АрселорМиттал" компаниясы жұмысшысының жұбайы.
Апатты жою және адамдарды іздеу үшін шахталарға жіберілетін "Апат кезіндегі кәсіби әскерилендірілген құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" серіктестігінің Қарағанды филиалындағы тау-кен құтқарушылары да үнсіз қалмауды жөн көріпті. 30 қазанда Қарағандыда өткен баспасөз конференциясында олар президенттен қызметтерін мемлекеттік құрылымға қайта өткізуді өтінді. Қазір олар жекеменшік мекеме екен. Құтқарушылар, сонымен қатар, қоғамға да үндеу тастап, осы ұсынысты қолдауға шақырды. Өйткені жер астында жұмыс істейтіндердің тағдыры осыған байланысты дейді олар.
– Мамандарымыздан айырылып жатырмыз. Бұлай жалғаса берсе, апат та, адам өлімі де тоқтамайды. Президенттен осы жағдайда бақылауға алуын сұраймыз. Коммерциялық ұйымдар бізге қол сұққалы бері өнеркәсіптегі қауіп-қатері бар өндіріс нысандарын бақылай алмай қалдық, – дейді 15 жылдай тау-кен құтқарушысы болып еңбек етіп, кейін жалақысы көп басқа жұмысқа ауысып кеткен Шыңғыс Мұстафин.
Конференцияға қатысушылар "Қазақстан" шахтасында болған апат кезінде тау-кен құтқарушылары тобы дер кезінде шахтаға түсе алмады дейді. Мамандар жетіспеген, әріптестерінің көбі дабылмен көтеріліп, басқа жаққа кетіп қалған. Тау-кен құтқарушылары штатты көбейтуді, құрал-жабдықтар мен қорғаныс құралдарын жаңартуды және кеншілер сияқты зейнет жасын азайтып, жалақыны көбейтуді сұрайды. Қазір олардың жалақысы 200 мың теңгеден сәл асады.
– Біз 1980 жылдары шығарылған газ анализаторларын қолданып жүрміз, ал апатты тоқтату үшін пайдаланылатын тыныс алу аппараттарын қолдану мерзімі өтіп кеткен. Бұрын заң бұзылғаны анықтала сала, кеніштер шығынға ұшырағысы келмегендіктен, өндіріс тоқтатылып, мәселе тез шешіліп отырған. Ал қазір біз қандай да бір заң бұзушылықтарды анықтасақ, жоғарыға жетуі қиын болып тұр, тек аз ғана бөлігі қабылданады. Айтамыз, бірақ бізді естімейді, – дейді Қарағанды облысы тау-кен құтқарушылары кәсіподағының төрағасы Алексей Головчиц.
31 қазанда өткен үкімет отырысында Қазақстанның премьер-министрі "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорындарында болып тұратын апаттардың көбі осы компанияның бенефициары миллиардер Лакшми Митталдың бұрыннан бар мәселелерге толық жауапкершілік алмауынан деп атап өтті. Астана компаниямен бірлескен жұмысты тоқтататынын мәлімдеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев компания осы оқиғадан бір апта бұрын Қазақстандағы активтерін мемлекет меншігіне өткізуге келіскенін айтты. Шарлапаевтың сөзінше, 22 қазанда құжаттарға қол қойылып, 28 қазанда шахтада қайғылы оқиға болған.
Осы апаттан кейін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының бірінші басшысы ауысты. Енді компанияны Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Вадим Басин басқарады, бұрын ол "Арселорда" атқарушы директор лауазымында қызмет атқарған. Қызметіне тағайындалмас бұрын Басин кәсіпорын ұжымына үндеу жасап, жұмыс орындарының сақталып, жалақының тұрақты төленіп тұратынына кепілдік берді. Өндірістік процестің бұдан ары қалай жүргізілетіні, жабдықтар жаңартыла ма, Теміртаудағы инфрақұрылымдық нысандарда өзгеріс бола ма – белгісіз.
– Шахталарда көптеген шараны жүзеге асыру керек. Оны мамандар жақсы біледі. Бәрі біледі, бірақ біреулер кедергі жасады, үкімет те кедергі болды. Бәрі компанияның мүддесін қорғады, – деді өндірісте жарақат алып, мүгедек болып қалған Сергей Бажанов. Қазір ол өзі сияқтылардың өтемақы мәселесін көтеріп жүр.
Костенко атындағы шахтада көмір өндіру тоқтаған. Төтенше жағдайлар министрлігі шахта айтарлықтай қираған, қазбалардағы жабдықтар орнынан қозғалып кеткен, желдету қондырғылары істен шыққан дейді. 28 қазанда шахтада болған жарылыс тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі және ең көп адам өлген апатқа айналды.
ПІКІРЛЕР