ЖЕРЛЕУ РӘСІМІ
22 тамызда Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласында "Қазақстан" шахтасында болған өрттен қаза тапқан бес кеншінің соңғы екеуін туған-туыстары арулап қойды. Артур Халиков пен Илья Старовойтты екі бөлек жерге жерледі.
Илья Старовойтпен қоштасу рәсімі тыныш өтті. Адамдар үнсіз отырды, көбі жылады. Жергілікті шіркеуде жаназасы шығарылған соң марқұмды зиратқа апарды. Сырттай қарағанда қала халқының кісі жерлеуге еті "үйреніп" кеткендей көрінді.
Шахтинск тұрғындары осыған дейін Денис Стешин, Виталий Слюньков пен Виктор Бургунды жерлеген еді. Көбінің артында балалары жетім, бір кеншінің аяғы ауыр әйелі жесір қалды.
Бәрі тәжірибелі кеншілер еді: 45 жастағы жол қазушы Стешин – 21 жыл, жерасты электр ұсталары 58 жастағы Слюньков пен қыркүйекте 57-ге толады деп жүргенде қазаға ұшыраған Бургун 39 жыл еңбек еткен. 29 жастағы Халиковтың еңбек өтілі – 10 жыл, 26 жастағы Старовойттың жұмысқа кіргеніне 4 жыл болған.
Құтқарушылар шахтадағы өрт салдарынан опат болған кеншілерді бірден таба алған жоқ. Марқұмдарды іздеп тауып, жер бетіне алып шығуға бірнеше күн кеткен. Сондықтан оларды әртүрлі уақытта жерледі. Апат салдарынан тағы 15 адам зардап шеккен. 13 кісі әлі ем қабылдап жатыр.
Шахтада қаза тапқан және жараланған азаматтардың туыстары БАҚ өкілдерімен сөйлесуден бас тартып, үнсіз отыр.
"ЖАБЫҚ ТАБЫТҚА САЛЫП ЖЕРЛЕДІМ"
Шахтинск тұрғыны Галина Инкина "Қазақстан" шахтасында болған өртте жақынынан айырылған адамдардың қандай күйде отырғанын жақсы біледі. Ол осыған дейін болған тағы бір апат кезінде ұлынан айырылған.
– Ұлым қалай өлгенін естідім. Жабық табытқа салып жерледім. Өзім көрген жоқпын. Сараптаманы оқыған кезде жүрегім шыдамайтын шығар деп ойладым. Айқайладым. Олар тірідей жанып кеткен, жарылыс толқыны денесін ары-бері лақтырған. Ешқандай ереже бұзылған жоқ деуге бола ма? – дейді Инкина.
Денис Инкин қаза тапқан апаттан бері бір жыл да өткен жоқ. Ол 2022 жылғы 3 қарашада Ленин атындағы шахтада метан жарылған кезде мерт болған. "Қазақстан" шахтасында дәл осы апат қайталанды. Ленин атындағы шахта Шахтинскіде орналасқан, кен орны "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарайды.
38 жастағы Инкиннен бөлек, 42 жастағы Андрей Санжаров, 29 жастағы Арман Кәшкей, 31 жастағы Дмитрий Бойченко мен 24 жастағы Марғұлан Ынтыбеков қаза тапты.
Ол кезде аяқасты болған апаттан кеншілер бассауғалап үлгермеген. Алғашқыда "метан бөлінді" деген ақпарат берілген еді, кейін бұл нұсқаға қатысты сұрақ көбейген соң билік жарылыс болғанын мойындады.
Қылмыстық іс қозғалды, тергеу әлі жүріп жатыр. Қазалы оқиғадан кейін марқұмдардың туыстары үнсіз қалды. Енді араға 10 ай салып, кей отбасылар журналистерге сұхбат бере бастады. Олар істің сотқа жеткенін қалайды, сол үшін осындай қадамға бардық дейді.
15 тамызда, яғни "Қазақстан" шахтасындағы өртке дейін, Ленин атындағы шахтада болған апаттан қаза тапқан азаматтардың туыстары баспасөз конференциясын өткізді. Олар апаттың алдын-алуға, кеншілерді аман алып қалуға болар еді, компания басшылығы кінәлілерді жасырып отыр деп есептейді. Бірақ олардың пікірі елеусіз қалды. Екі күннен кейін "Қазақстан" шахтасында өрт болды.
"ҰЛЫМ ҮШІН НЕГЕ БОЛСА ДА ДАЙЫНМЫН"
Өрт әлі тоқтаған жоқ. 22 тамызда билік өрт ошақтары азаймай тұр, жағдай түзелмеді деп мәлімдеді. Төтенше жағдайлар министрлігі апат учаскесін гипс бағаналармен қоршау туралы шешім қабылдады. Бұл жұмыстар жақын арада басталмақ. Қазір бар күш өрттің таралуына жол бермеуге жұмсалып жатыр.
Алғашқы күндері өрт болған шахтадан қара түтін шығып жатты. Қазір айқын өрт белгілері байқалмайды.
22 тамыз күні кешкісін облыс әкімінің баспасөз қызметі "Қазақстан" шахтасындағы апатқа байланысты "Кеншілер күніне" орай жоспарланған мерекелік шаралар өтпейді деп хабарлады. Кеншілер күні жыл сайын тамыздың соңғы жексенбісінде атап өтіледі.
Екі күн бұрын "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы азалы күн жариялады. 19 тамызда компанияның сайтында былтыр Биджу Наирдің орнына келген бас директор Владимир Яблонскийдің марқұмдардың туыстарына көңіл айтқан хаты шықты. Ленин атындағы шахтада болған апаттан кейін АМТ басшысы ауысқан еді.
22 тамызда өткен баспасөз конференциясына журналистерді таңдап қана шақырды (ақпарат құралдарының көбі жиын туралы кеш естіді). Билік өкілдері апаттың себебін анықтауға Ресей мен Германиядан халықаралық сарапшылар шақырылғанын, қазір соларды күтіп отырғанын айтты. "Қазақстан" шахтасындағы өрт бойынша "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабымен іс қозғалған.
Галина Инкина былтыр да дәл осындай уәделер естіген, сондықтан "апаттың себебін анықтаймыз" деген биліктің сөзіне сенбейді. Ол ұлы қаза тапқан Ленин атындағы шахтада болған апат бойынша өз бетінше зерттеу жүргізгенін айтты.
– Шахтаға, полицияға, билікке бардым. Не өлемін, не осы істі аяғына дейін жеткізіп, кінәлілерді жауапқа тарту үшін тірі қаламын деп ойладым. Ұлым үшін неге болса да дайынмын. "Шу шығармаңыздар, еш жерге хат жазбаңыздар, әділ тергеу жүргіземіз" деді, үндемей күттік. Бірақ іс орнынан жылжымаған соң мәселемізді жасырмай айтамыз деп шештік. Маған тіпті "шахтаға жұмысқа тұрғызамыз" деді. Зейнеттегі адаммын. Мазақ қылғандары ма? Не үшін жұмыс ұсынып отырғанын білемін ғой. Аузымды жапқысы келеді, – дейді Инкина.
Ленин атындағы шахтада қаза тапқан азаматтардың туыстары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жасап, әділдік іздеп жүргендерін, қылмыстық іс әлі сотқа жетпегенін айтқан. Осыдан кейін әлеуметтік желіде Ленин шахтасындағы апаттан кейін марқұмдардың туыстарына ірі көлемде ақша берілді деген видео шыққан. Президентке хат жазған топ бұл видео өздерін қаралап, жұртқа жаманатты етіп көрсету үшін жасалған дейді.
Қарағанды облысындағы 8 шахтасы мен металлургия комбинаты бар "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының нысандарында кейінгі 15 жылда, ресми дерек бойынша, 100-ден астам адам қаза тапқан. Бірақ билік АМТ компаниясын айыптауды енді ғана бастады.
17 тамызда "Қазақстан" шахтасындағы өрттен кейін Шахтинскіге келген премьер-министр Әлихан Смайылов адамдардың қазасына компанияны кінәлады.
22 тамызда қаржы министрі Ерулан Жамаубаев АМТ Қазақстаннан кетеді деген "саяси шешім" қабылданғанын айтты. Компания бұл мәлімдемелерге қатысты пікір білдірмеді.
Галина Инкина да кеншілердің қазасына АМТ басшылығын кінәлайды. Ол әділдік орнағанша күресуге дайын.
– Маған АМТ заңгерлері келіп, "Ленин атындағы шахтаны ғана кінәлаймын" деген арызға қол қоюды сұрады. Қол қойсаңыз, құр қол қалмайсыз деген емеурін танытты. Саудаласпаймын. Қалай шахта жалғыз өзі ғана кінәлі болады? Басқа басшылар ше? Апат тағы қайталанады. Жігіттер жұмысқа шыққан сайын басын қатерге тігеді. Тәртіп орнатып, кінәлілерді жауапқа тартқанын қалаймын, – дейді Инкина.
ПІКІРЛЕР