10 жыл бұрын басталған "Бір белдеу, бір жол" жобасы көп мемлекетті Қытайдың қарыз тұзағына түсірді деп сынға қалса да, Қытай басшысы Си Цзиньпин бұл бастаманы сыртқы саясаттағы жетістігі санайды.
Пекинде үшінші рет өтетін "Бір белдеу, бір жол" саммиті 17 қазанда басталмақ. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар қатысады. Қытай бұл бағдарламаны сыртқы саясатындағы ең маңызды жобасы көреді.
– Биыл – Си Цзиньпин ұсынған бастаманың он жылдық мерейтойы. Олар әдетте жекелеген жобаларға мән береді. Бірақ "Бір белдеу, бір жол" Қытайдың сыртқы әлеммен байланысын көрсетеді. Сондықтан Пекин бұл идеяны әлемге танытқысы келеді, – дейді Сингапурдағы С.Раджаратнама атындағы халықаралық зерттеулер мектебінің аға ғылыми қызметкері Рафаэлло Пантуччи.
"Бір белдеу, бір жол" 2013 жылы Си Цзиньпиннің Қазақстан мен Индонезиядағы мәлімдемесінен кейін іске қосылды. Бұл жоба аясында ондаған елде теңіз порты, электр станциясы, теміржол, автомагистраль мен басқа да инфрақұрылымдық жобалар салынды. Қытай құрылысқа жүздеген миллиард доллар жұмсады. Жобаның мақсаты – Қытайдың әлем елдерімен көлік байланысын күшейтіп, сауда мен инвестицияға серпін беру еді.
Форум алдында Қытай билігі бағдарламаның 10 жылдық жетістігі туралы баяндама жариялады. 10 қазанда қытайлық шенеуніктер "Бір белдеу, бір жол" жобасы ескі геосаяси ойындарға көзқарасты өзгертіп, халықаралық әріптестіктің жаңа парадигмасын қалыптастырады" деді.
Көп сарапшы "Бір белдеу, бір жол" кедей елдерге қаржылай көмек берді, бірақ шығынға да батты дейді. Кейінгі 10 жылда жобаға қатысты дау-дамай, жемқорлық, қоршаған ортаның ластануы, ғаламдық оңтүстіктегі қарыз дағдарысы сияқты көп мәселе болды.
2016 жылдан бастап жобаға бөлінген қаржы көлемі азайды. Бұған құрылыс жүріп жатқан елдердің қарызын төлей алмауы себеп. Мұндай елдер қатарында Черногория мен Шри-Ланка бар.
Сарапшылардың сөзінше, осындай қиындықтар себебінен Пекин тәуекелдерді ескеруге мән бере бастаған.
Бостон университеті ғаламдық даму саясаты орталығының қазанда жүргізген зерттеуінде 2021 жылға дейін "Бір белдеу, бір жол" аясында дамушы елдерге 330 миллиард доллардан астам қарыз берілгені айтылады. Қытай бірнеше жыл ішінде қарыз көлемі бойынша Дүниежүзілік банкті басып озған. Зерттеу авторлары Қытайдан несие алған елдер жалпы қарызын төлей алмады, Пекин қаржыландыратын электр станцияларынан парниктік газдар көп бөліне бастады деп жазды.
Пантуччидің пікірінше, осындай кедергілерге қарамастан, "Бір белдеу, бір жол" жобасы әзірге жабылмайды. Сарапшы Си Цзиньпин форумды пайдаланып, осы сынға жауап береді және бағдарламаны сыртқы саясаттағы негізгі жобасына айналдырады деп есептейді.
"Бір белдеу, бір жол" жобасының мақсаты жиі өзгеріп отырды. Пекин қазір де бағдарламаның мақсатын өзгертіп, өзі үшін жаңа жетістік формасын белгілеуі мүмкін, – дейді Пантуччи.
ФОРУМДА НЕ ТАЛҚЫЛАНАДЫ?
Қытай "Бір белдеу, бір жол" жобасы арқылы халықаралық беделін көтергісі келді. Сарапшылар Пекин форумда талқыланатын мәселелерге баса мән береді дейді.
Бұл жиынға бүкіл әлемнен үлкен делегация келеді. Пекин әзірге форум қонақтарының тізімін жариялаған жоқ. Қытайдың сыртқы істер министрлігі шараға 130-дан астам ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады деп мәлімдеді.
2017 жылы өткен "Бір белдеу, бір жол" жобасының алғашқы форумына 30, 2019 жылғы екінші шараға 37 президент қатысқан. Пекин жобаның 10 жылдық мерейтойына жоғары лауазымды тұлғаларды көбірек жинауға тырысады. Бірақ көп ел Израиль мен ХАМАС дағдарысына бас қатырып отырған тұста, форумға қонақ жинау оңай болмай тұр.
Форумға Еуропа өкілдерінің қатысуы да екіталай. Бірақ Венгрия мен Сербия үкіметі жоғары шенді делегация жіберетінін айтты. Делегацияны Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан мен Сербия президенті Александр Вучич бастап келеді. Олардың жанында Еуропа Одағынан кімдер болатыны белгісіз.
Осыған дейінгі форумдарға Еуропа елдерінің белді тұлғалары қатысқан. Бірақ Қытайдың пандемия кезіндегі әрекеті, Украинаға басып кірген Ресейді қолдауы, "Бір белдеу, бір жол" жобасына қатысты дау-дамайдың көбеюі Пекин позициясын әлсіретті. Үлкен жетілік қатарынан "Бір белдеу, бір жол" жобасына қосылған жалғыз мемлекет – Италия биыл бағдарламадан шығатынын мәлімдеді.
– 2019 жылдан бері көп нәрсе өзгерді. Көп мемлекет Қытайдың кей мәселелерді қалай шешетінін көріп, жаға ұстады. Қытай "Бір белдеу, бір жол" жобасын пайдаланып, сату әдісін өзгертті. Енді бұл жоба бұрынғыдай Қытайдың әлемге ұсынатын игілігі емес, – дейді Атлант кеңесі ғаламдық қытай хабының ғылыми қызметкері Нива Яу.
Форумға қатысатынын күні бұрын хабарлаған көшбасшылардың бірі – Ресей президенті Владимир Путин. Ол Ресей әскері Украинаға басып кіргелі Қытайға бірінші рет барады. Ол Си Цзиньпинмен біраз мәселені, оның ішінде "Сібір қуаты – 2" газ құбырының құрылысын талқылайды.
Путин 15 қазанда Мәскеуде қытайлық медиакорпорацияға берген сұхбатында Си Цзиньпин мен "Бір белдеу, бір жол" жобасын мақтады. Ол Батыс елдері де басқа мемлекеттердің дамуына көмектескенін, бірақ Қытайдың бір айырмашылығы – Пекин әлемге өз көзқарасын тықпалауға тырыспағанын айтты.
БОЛАШАҚҚА БЕЙІМДЕЛУ
10 жыл бұрын "Бір белдеу, бір жол" жобасының мақсаты – Қытайдың әлем елдерімен көлік байланысын нығайтып, сауда мен инвестицияның дамуына ықпал ету, Пекиннің экономикалық және саяси ықпалын арттыру деп түсіндірілді.
Яу жобаның негізгі идеясы инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруға негізделгенімен, "Бір белдеу, бір жол" Қытайдың өз әдістеріне сенімді болғаны соншалық, оны бүкіл әлемге ұсынып отырғанын білдіреді дейді.
– "Бір белдеу, бір жол"– ғаламдық инфрақұрылым жобасы ғана емес. Бұл бағдарлама Қытайдың әлемде өз көзқарасы мен құндылығын қалыптастыруға дайын екенін көрсетеді, – дейді Яу.
Қытайдың форум алдында жариялаған баяндамасында "Бағдарлама әлемнің экономикалық дамуында басымдыққа ие болуға, экономикалық ережелерді бақылауға тырыспайтын жаңа әдіс ұсынады делінген.
Қытайлық шенеуніктер баяндамада "Бір белдеу, бір жол" жобасына қатысты сынға жауап беріп, Қытай несие алған мемлекеттермен "инвестиция мен қаржыландырудың тәуекелдерді басқаруға болатын, тұрақты жүйесін" құруға тырысады деп жазады.
Австралиядағы Гриффит университетіндегі Азия инстиутының директоры Кристоф Недопил Қытай көп елдегі қарыз дағдарысы мен жобаға бөлінетін қаржының азайғанын ескеріп, несие берерде ұзақ ойланатын болды дейді. Пекин қазір көбіне жаңартылатын энергия көздері мен цифрлық жобаларға басымдық береді, өйткені бұл салаларда инвестицияны қайтару ықтималдығы жоғары.
Недопилдің айтуынша, қытайлық банктер ірі көлемде несие беруді азайтып, орнына қарыз беруші жекеменшік компаниялар көбейген.
– Қытайлық банктер дамушы елдерден ішкі нарыққа ауысты. Қазір жекеменшік компаниялар инвестиция құя бастады. Олардың банктерге қарағанда бәсекеге қабілеті жоғары, – дейді сарапшы.
ПІКІРЛЕР