"БІР БЕЛДЕУ – БІР ЖОЛ": КІМДЕР НЕ ҰТТЫ?
– Қытай "Бір белдеу – бір жол" бастамасының он жылдығының форумына барған жоғары лауазымды тұлғалардың арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та болды. Пекин бұл жобаны барлық тарап ұтатын серіктестік деп көрсетеді, бірақ кейбір сарапшылар бұл жобадан басқа елдермен салыстырғанда Қытайдың кредиторлары мен құрылысшылары ұтқан дейді. Бұл туралы не дейсіз?
– Қытай бұдан ұтатыны сөзсіз. Қытай инвестициясының негізгі мақсаты да – осы.
Бірақ алдымен "Бір белдеу – бір жол" жобасы не, оған не жатады, содан бастасақ. Қытай 2013 жылдан бері кез келген елге салып жатқан қаржыны "Бір белдеу – бір жолдың" инвестициясы деуге бола ма? Бәлкім, әртүрлі мәліметтер базасы "Бір белдеу – бір жолдың" инвестициясына әрқилы анықтама беріп, қолданатын шығар. Мысалы, Сыртқы істер жөніндегі кеңес (АҚШ-тағы зерттеу институты) "Бір белдеу – бір жолдың" өлшемі ретінде Қытай импортын, тікелей инвестициясы мен [мемлекеттердің] сыртқы қарызды есепке алып, инвестицияның қатысушы елдің экономикасына қалай әсер еткенін анықтады.
Бастаманың өлшемі ретінде Қытай импортын есепке алсаңыз, онда Қытай импорты артты, оған Пекин мүдделі деген жауап аласыз. Дегенмен Қытайға экспорт деген өлшемді алсаңыз, онда қандай да бір тұжырым айту қиындай түседі. Яғни, сіздің сұрағыңызға жауап жоқ, себебі бұл қандай жобаны есепке алғаныңызға және оған тараптардың қаншалықты қатысқанына байланысты.
Ал бастаманың алғашқы жылдарында іске асқан ірі инфрақұрылым жобаларын сүзгіден өткізсек, одан екі тарап та (Қытай мен Орталық Азия) тез пайда көрді. Себебі Қытайдан импорт пен Қытайға экспорт қатар жүрді. Бұл ретте Орталық Азия тауарды Қытайдан алып, Қытайға тасымалдады. Ол уақытта бұл табиғи ресурстардың [Орталық Азиядан] тасымалы еді. Бірақ бұл "Бір белдеу – бір жол" бастамасына дейін де болған.
Тікелей шетел инвестициясын қарастырсақ, бұл ретте қатысушы мемлекеттердің көбірек пайда көретін әлеуеті бар. Қытай инвестицияны тек мемлекеттерден табиғи ресурстарды өндіріп, оны өзіне тасымалдауға ғана бағыттамай, қайта өңдеу мен басқа елдерде дайын өнім шығаруға ақша сала бастады. Бірнеше жыл бұрын бұл тенденция болмаған еді.
Алайда Қазақстан Қытай инвестициясынан пайда көрді дегенде нақты кімді меңзеп тұрмыз? Бұл ретте Қазақстан элитасын меңзеп тұрмыз ба, әлде адамдарды ма? Әлбетте, элита Қытаймен серіктестіктен ұтқаны рас. Мен көбіне адамдарды [қандай пайда көргенін] зерттеймін. Қытай инвестициялары жұмыс күші, қоршаған орта мен қауымдастыққа қолайсыз жағдай тудырғанын жазған дүниелер көп. Сондықтан мұндай үлкен жобаға келгенде, сұрағыңызға кесімді жауап беру қиын.
– Қытайдың аймақта белсенділігі өсіп жатыр деген алаңдаушылық бар. Сіздің ойыңызша, ол артты ма?
– Қытайдың аймақтағы белсенділігі күшейді дегенге күмән жоқ. Ол әсіресе Қырғызстан мен Тәжікстанда байқалды, Өзбекстанда Қытай ықпалы Шавкат Мирзияев билікке келгелі күшейді.
Қытай Қазақстанның энергетика саласында бұрын да ықпалды ойыншы еді. Ол Түркіменстан мен Өзбекстанның энергетика секторында да белсенді болған. "Бір белдеу – бір жол" жобасы іске қосылғалы он жыл өткен соң не өзгерді десеңіз, Қытай алуан түрлі секторларға кіріп, қатыса бастады. Ал бұрын Қытай мен Орталық Азияның экономикалық серіктестігі негізінен энергетика, инфрақұрылым мен сауда саласында ғана болған.
Ал қазір Қазақстанды алып қарасақ, мұнай мен газ – серіктестіктің жалғыз көзі емес. Қытайдың басқа материалдарға қызығушылығы артты. Сондықтан он жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда Қытайдың белсенділігі әлдеқайда кесіп-өлшенген, кемеліне жеткен деуге болады. Сөйте тұра басқа серіктестермен де әріптестік күшейді. Қазақстанға келсек, Еуроодақ, АҚШ және Ресеймен салыстырғанда Қытайдың рөлі айтарлықтай артты деуге келмейді.
Құрылыс, көлік, сауда тәрізді экономика саласында Қытайдың рөлі маңызды. Бірақ Қытайдың Қазақстаннан алатын мұнай көлемі айтарлықтай көп емес. Қазақстанның негізгі серіктесі кім дегенге жауап іздеп, әртүрлі секторларды қарасақ, ондағы ойыншылар әрқилы екенін байқауға болады. Қазақстанға келген инвестицияға қарасақ, Қытай бірінші орында емес. Бұл ретте әдетте бірінші орында Еуропа елдері тұр. Сондықтан Қытай Қазақстанның қандай да бір саласында монополист деуге келмейді.
ҚЫТАЙҒА ҚАРСЫ КӨҢІЛ-КҮЙ ЖӘНЕ АЙМАҚ БАСШЫЛЫҒЫНА "ҚЫСЫМ"
– Сарапшылар кейінгі он жылда Қытай Қазақстанның табиғи ресурстарын иемдене түсті деп есептейді. Орталық Азия елдері "шикізат шылауы немесе Қытайдың өндіріс орындары орналасқан аумақ" дегенге мойынсұнды ма?
– Меніңше, Орталық Азия елдері бұл рөлді ендігәрі қаламайды, Қытайдың аймақ мемлекеттеріне қатысты ұстанатын әдісі уақыт өте келе өзгерді. Мұның себебі Қазақстан мен Қырғызстанда Қытайға наразылықтан шыққан саяси мүдде. Бұл көңіл-күй мен қозғалыс мемлекеттердің жетекшілігіне әсер етті.
Сонымен қатар Қытайдың Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға байланысты әлемдегі саяси қысым да ықпал етті. Осылайша Қытаймен серіктестікті әртараптандыру, сапасын жақсарту үшін Орталық Азия басшыларына жан-жақтан қысым жасалды.
Сонымен қатар Орталық Азияның энергетикалық дағдарыс проблемасы бар. Бұл мәселе Қазақстанның да басында бар, бірақ Өзбекстанмен салыстырғанда оған басқа себеп түрткі. Өзбекстан газ тапшылығын тартты, елдің Қытаймен газ келісімшарты бар, бұл жайт қыстағы энергетикалық дағдарыстың басты себебі болды.
Демек, Қытаймен серіктестікті әртараптандыру елдің қалауы ғана емес, қажеттілік. Себебі Өзбекстан жақын болашақта энергетика саласындағы саудаға басымдық бере алмайды. [Өзбекстан] Қытайға газ сатуды тоқтатуды жоспарлап отыр. Бұл ретте Түркіменстандағы ахуал бөлек екені рас. Түркіменстан әлі де Қытаймен қарым-қатынаста газға басымдық береді. Қазақстанға келсек, елдегі ресурстар көлемі мүлде басқа, бірақ елдің басшылығына [Қытаймен қарым-қатынасты әртараптандыруына] саяси қысым әсер етті деп білемін.
– Ел билігінің мәліметінше, Қытайдың Еуропаға құрлық арқылы транзит тасымалының 85 пайызы Қазақстан аумағымен өтеді. Ал Қазақстан мұнайының 80 пайызы Еуропаға Ресей арқылы экспортталады. Ресей былтыр өз аумағымен тасымалданатын қазақ мұнайының экспортына бірнеше мәрте шектеу қойған соң, Астана мұнай экспортын әртараптандыруға тырысып жатыр. Қытай қазақ мұнайының балама экспорт бағыттарын дамытуға мүдделі ме? Бұл бағытта Қазақстанға көмектесе ме?
– Меніңше, бұл Қытай Қазақстанға энерготасымалдағыштар тасымалын әртараптандыруға көмектесуге мүдделі ме дегенге байланысты болмақ. Бұл іске асуы мүмкін, бірақ Қытай [мұнай экспортын] басқа жобалар аясында әртараптандыруға мүдделі болса ғана көмектеседі. Меніңше, Қытай дәл қазір Каспий, Кавказ дәлізі арқылы Ресейге балама жолдарды ашқысы келмейді.
Қытай Қазақстанның табиғи ресурстарын тасымалдау үшін Пекинге еш қатысы жоқ балама жолдарға инвестиция салғаны оғаш нәрсе. Бірақ егер бұл Қытайға пайда әкелсе, онда Пекин көмекке келер еді.
"ҚАРЫЗ ТҰЗАҒЫ": ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚЫТАЙҒА ҚАРЫЗЫ ӨСТІ МЕ?
– Қытайдан асты-үстіне алынған несие шектен тыс қарызға батырады деген қауіп бар. Бұл ретте Орталық Азия елдерінің тәжірибесі әртүрлі ме?
– Меніңше [Орталық Азия елдерінің] тәжірибесі әртүрлі, бірақ бұл Қытайдың әр елге қарым-қатынасы әрқилы деген сөз емес, мұның себебі елдердің өзі әртүрлі. Қарыз бен несие қашанда да шамадан тыс, ауыр салмақ салуы мүмкін. Ел ішіндегі жобаларға ақша сыртқы көздерден түссе, бұл әрдайым қауіпті. Кредиторлардың ешқандай сақтандырусыз тым көп көлемде несие беруі әлемдік қаржы дағдарысына әкеп соқтырған.
Меніңше, сарапшылар мен комментаторлардың Қытай инвестициясын сынға алатын себебі де осы. Қытай белгілі бір жобаларға инвестиция құйғанда ол бұл елдің қарыз ауыртпалығына, орнықтылығына қалай әсер етуі мүмкін екенін, оның салдарын ойланбастан тым үлкен тәуекелге барады. Жағымсыз анализ Қытай елдердің инфрақұрылымы мен институттарын бақылауға алу үшін шектен тыс қарызды беріп, кейін мұны өз пайдасына бұрады деп көрсетеді.
Дегенмен бұл тақырыптағы жазылған дүниелер әлдеқайда ауқымды. "Қытайдың қарыз тұзағы" туралы әңгіменің эмпирикалық негізі бар-жоғы жайлы пікірталас көп. Қарыз тұзағы туралы әңгімеде үнемі Шри-Ланка мысалы айтылады. Бірақ сөйте тұра Қытайдың дәл осындай инвестициясын техникалық-экономикалық жағынан негіздейтін Батыс компанияларының зерттеулері бар. Шын мәнінде мұндай инвестиция тәуекелге апаратындай емес еді. Бірақ кейін ахуал нашарлады.
Қытайдан алған қарыздың салдары әрдайым жағымсыз бола ма дегенге кесімді жауап айта алмаймын. Ел қарызының жартысы бір кредитордың қолында болғаны алаңдатады. Бұл ретте мәселе кредитордың Қытай болғанында емес. Бұл экономикалық орнықтылық көп жағдайда белгілі бір ойыншының қолында деген сөз.
Ресми мәліметке сенсек, Қазақстан мен Өзбекстан инвесторларды әртараптандырған. Өзбекстанның жалпы сыртқы қарызындағы Қытайдың үлесі −17 пайыз, Қазақстандікі одан азырақ, шамамен сыртқы қарыздың 5,6 пайызы Қытайға тиесілі.
– AidData орталығы екі жыл бұрынғы зерттеуінде "Бір белдеу – бір жол" бастамасы бойынша берілген несиенің жартысы ресми статистикада көрсетілмегенін, Қазақстанның Қытайға қарызы шын мәнінде ішкі жалпы өнімнің 16 пайызына жеткенін жазған. Қазақстанның Қытайға қарызы жайлы не дейсіз? Қарыз өсіп жатыр ма?
– AidData өз методологиясында тек келісімшарт жасасушы мемлекеттің ғана емес, Қытаймен мәміле жасасқан әр қатысушыны қамтыды. Қытай Орталық Азияға инвестицияны әртүрлі салаға салғандықтан, тікелей мемлекетке қатысы жоқ институттар да есепке алынды. Қытай банктері өнеркәсіптің әртүрлі саласына, бірлескен кәсіпорындарға инвестиция бағыттады. Осылайша бұл біріккен кәсіпорындар ақшаны қайтаруға және несиені өтеуге тиіс тарапқа айналды. Егер осы тараптың бәрін есепке алса, Қытайға қайтаруға тиіс ақша ресми деректегі қарыз сомасынан анағұрлым көп болмақ, себебі Қытай инвестициясын негізінен осы бағытқа (бірлескен кәсіпорындар мен мемлекетке қатысы жоқ институттарға) салып жатыр.
Меніңше, Қытайдың Орталық Азиядағы рөлі AidData зерттеуіндегі көрсеткіштен орасан. Өйткені бұл анализге кішігірім жобалар кірмеген.
– Сарапшылар Ресей Украинадағы соғыспен әуре-сарсаң болып жүргенде оның Орталық Азиядағы ықпалы әлсіреп, Пекин сол бос кеңістікті толтыруға тырысып жатыр дейді. Сонымен қатар Ресей мен Қытай бәсекелес емес, олар қатар жұмыс істейді деген пікір бар. Ресей мен Қытайдың аймақтағы ықпалы туралы пікіріңіз қандай?
– Ресей мен Қытай бұрын бәсекелес болғаны даусыз. 2000 жылдардың аяғында Пекин Түркіменстаннан Қытайға газ тасымалдайтын құбырды ашқанда, Ресей бұдан шет қалды, бұл құбыр Ресей аумағы арқылы өткен жоқ. Мәскеу мұны күтпеді және бұған қолдау білдірмеді. Меніңше, бұл қадам Ресеймен келісілмеген. Совет Одағы ыдыраған соң Ресей Орталық Азияда экономикалық монополист рөліне ие болды. Сондықтан Қытайдың бұл қадамы Орталық Азиядағы Ресей ықпалына соққы болғаны анық.
Алайда Ресей [аймақта] позициясынан айтарлықтай айырылып жатқан жоқ әрі Украинадағы соғыс Орталық Азияда бос кеңістістік тудырып жатыр дегенге сенбеймін. Тіпті керісінше тәрізді. Ресейдің Орталық Азия экономикасындағы ықпалы өсіп жатыр, өйткені Мәскеудің бар назары қазір шығысқа бағытталған. Мысалы, Өзбекстанда жүздеген ресейлік компания ашылды.
Орталық Азияда өзім сөйлескен кейбір адамдар аймақтың Ресей үшін маңызы артқанын, Мәскеу халықаралық оқшауда қалмау үшін Орталық Азияны пайдаланып жатқанын айтты. Нәтижеде Ресейге қорғаныс саласына қажет материалдарды импорттаған Орталық Азиядағы кей компанияларға санкция салынды.
Ресей аймақта әлсіреп жатқан жоқ. Қазіргі ахуалдан екі тарап та ұтып жатыр: Орталық Азия соғыстың салдарынан Еуразия саясатында шешуші рөл ойнайтын аймаққа айналды. Сондықтан сырттағы серіктестер көбірек назар аудара бастады. Мысалы, аймақ басшылары АҚШ президентімен C5+1 форматында саммит өткізді. Германия жетекшілігі Орталық Азия басшыларымен саммит өткізді. Оның алдында Қытай басшысы аймақ президенттерімен жүздесті. "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясында жаңа инвестицияларды да көріп отырмыз.
Ресейдің аймаққа көбірек назар аударуы Қытай ықпалы жойылады дегенді білдірмейді. Олар қатар, тіпті ынтымақтастықта жұмыс істейтініне сенімдімін.
ПІКІРЛЕР