Accessibility links

Қазақстан экономикасының өсіміне Украинадағы соғыс себепші ме? "Қытаймен қарым-қатынасты күшейтуге ұмтылған" Астана


Кезекте тұрған жүк көліктері. Көрнекі сурет.
Кезекте тұрған жүк көліктері. Көрнекі сурет.

Батыс басылымдары бұл аптада Орталық Азия елдері бірінші жарты жылдықта экономикалық өсімге қол жеткізгенін, оған Украинадағы соғыс себепші болғанын жазды. Сонымен қатар Қытаймен қарым-қатынасты күшейтуге талпынып жатқан Астананың позициясы неліктен әлсіз екенін талдады.

УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЭКОНОМИКАСЫНА НЕЛІКТЕН ОҢ ӘСЕР ЕТТІ?

Euronews телеарнасы өз сайтында Ресейдің Украинадағы соғысы арқасында Орталық Азия мемлекеттерінің экономикасы 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында өскенін жазды.

Украинадағы соғыс, климаттың өзгеруі, коронавирус салдары, басқа да көптеген халықаралық және жергілікті фактордың кесірінен әлем экономикасы зардап шекті. Бірақ мұның зардабын барлық аймақ тартып жатыр деуге келмейді. Еуропа қайта құру және даму банкінің мәліметіне қарағанда, биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында Орталық Азия елдерінің экономикасы күрт өсті. Тәжікстанның ішкі жалпы өнімі 7,5 пайызға, Өзбекстандікі 6,5 пайызға, Қазақстандікі 5 пайызға, Қырғызстандікі 4,6 пайызға өсті.

Бұған Қытайдың пандемиядан кейін шектеулерді алып тастап, алыс-берісті күшейткені тәрізді факторлар әсер еткені сөзсіз. Алайда Лондондағы King’s College Ресей институтының зерттеушісі Анна Матвеева Мәскеудің Украинаға басып кіруі өсімнің ең айқын факторы болды дейді.

Оның айтуынша, соғыстан кейін Батыс санкцияларынан қауіптенген Ресей және Беларусь азаматтары өз ақшасын Орталық Азияға аударып, бизнесін аймақ елдеріне көшірген. Бұл күрделі қызметке сұраныс пен тұтынуды арттырған. Ресей компаниялары көбінесе Қазақстан мен Қырғызстанға көшкен. Зерттеуші мұны екі елдің Ресейге географиялық және «мәдени жақындығымен» байланыстырады. Сондай-ақ екі ел Ресей, Армения мен Беларусьпен бірге Еуразия экономика одағына мүше.

Тағы бір себеп – Орталық Азиядан Ресейге барып жұмыс істейтін еңбек мигранттарының өз еліне аударған ақшасы экономикалық өсімге септігін тигізді.

Дегенмен соғыс жалғасып жатқанда аймақ елдері мұндай өсімге қалайша қол жеткізді деген сұрақ туады. Сарапшылар Орталық Азия Ресейге Батыс санкцияларын айналып өтуге көмектесіп жатыр дегенді көп айтады. Тамыз айында Euronews-ке сұхбат берген Қорғаныс зерттеулері жөніндегі біріккен корольдік институтының қаржы қылмысы және қауіпсіздікті зерттеу орталығының директоры Том Китинг Батыстың санкция салынған тауары Қазақстан мен Үндістан тәрізді елдерге жеткізіліп, артынан Ресейге реэкспортталатынын айтқан.

Еуропадағы Bruegel сараптама орталығының мәліметтері 2022 жылдың ақпанынан кейін Қазақстанға экспортталатын санкцияға ілінген тауар көлемі айтарлықтай артқанын көрсетті.

Шекарада тұрған жүк көліктері. Көрнекі сурет.
Шекарада тұрған жүк көліктері. Көрнекі сурет.

Матвееваның айтуынша, Ресей санкцияларды басқа жолмен де айналып өте алады, бұл тізбекке көп ел қатысады, олардың арасында Еуропа мемлекеттері де бар.

"[Орталық Азия] санкцияларды мүлде тиімсіз және мәні жоқ дүние деп қарастырады. Бірақ бұл Ресейдің Украинадағы әрекеті бәріне ұнайды дегенді білдірмейді", − дейді Матвеева.

Украинадағы соғыс аймақ экономикасына оң әсер еткенімен, Матвеева Орталық Азия елдерінің кей жайттарға көңілі толмайтынына назар аударады. Санкциялар Орталық Азияның тауарды экспорттау мен тасымалдау қабілетіне әсер етті, себебі сауда дәлізінің көпшілігі Ресей аумағы арқылы өтеді.

Қазақстан Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумы терминалдарына Украина дрондары шабуыл жасай ма деп қауіптенеді, өйткені мұндай шабуылдар қазақ мұнайының экспортына кедергі келтіреді.

«Ресейге зиян тигізуге ұмтылып жатқан Батыс бұл балама мүмкіндігі жоқ басқа елдерге қалай әсер етеді дегенді де ойлауы керек. Батыстың қысымы бұл елдерді алшақтатып, Батысқа қарсы наразылық тудыруы мүмкін»,− дейді Матвеева.

"РЕСЕЙДІҢ ӘЛСІРЕУІ", "ПАЙДА ТАБУҒА АСЫҚҚАН ПЕКИН" ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ "ӘЛСІЗ ПОЗИЦИЯСЫ"

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің көпвекторлы сыртқы саясатын күшейтуге талпынып, Ресейге балама серіктес табуға тырысып жатыр. Алайда Астананың мүмкіндігі шектеулі. Сол себепті ең айқын амал − Қытаймен экономикалық қарым-қатынасты күшейту, деп жазады АҚШ-тағы Jamestown қоры.

Мақала авторы зерттеуші Берікбол Дүкеев 2023 жылдың мамырында Тоқаев Қытай басшысы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізіп, сауда, энергетика, ауыл шаруашылығы мен басқа да салаларда екіжақты серіктестікті күшейтетін келісімдерге қол қойғанын еске салады. Дегенмен Қазақстанның Кремльмен экономикалық және саяси қарым-қатынасы терең. Қаңтар оқиғасы кезінде Мәскеу бастаған Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымының бітімгершілік күштері Тоқаевтың билігін сақтап қалуында шешуші рөл атқарды. Ел мұнайының 80 пайызы Еуропаға Ресей аумағы арқылы тасымалданады. Былтыр Ресей қазақ мұнайын экспорттайтын Каспий құбыр консорциумының жұмысын төрт мәрте ішінара немесе толықтай шектеді.

Новороссийскідегі мұнай терминалдары.
Новороссийскідегі мұнай терминалдары.

Қазақстан энергия транзиті мен саудаға келгенде Ресейді айналып өтетін дәліздерді дамытуға ұмтылып жатыр. Жақында жарияланған сауалнама нәтижесі Қазақстанда Ресей жайлы теріс пікір күрт өскенін көрсетті. 2017 жылы ол 4 пайыз болса, биыл ол 19 пайызға өскен.

Автордың пайымдауынша, Пекин Қазақстанда Ресей ықпалының әлсірегенін өз пайдасына бұруға тырысып жатыр. 2023 жылдың шілдесінде Қытай Астананың бас сауда серіктесіне айналды, Қазақстанның бүкіл саудасындағы Қытайдың үлесі – 19,2 пайыз.

Дей тұрғанмен «Бір белдеу – бір жол» бастамасы жобасының ойдағыдай іске аспауы халықтың Қытай жайлы пікіріне әсер етті. Мысалы, «Қорғас» құрлық порты мен арнайы экономикалық аймақ Қытай тауарын Еуропаға жеткізетін негізгі орталыққа айналуы керек еді. Бірақ Қазақстанда жемқорлық пен контрабандаға байланысты айыптар бұл жобаның іске асуына кедергі келтірді.

Дүкеевтің жазуынша, Астананың Пекинмен экономикалық қарым-қатынасты тереңдету ұмтылысы Қазақстанның трансшекаралық Іле өзенінің суын пайдалануға рұқсат беру туралы нәзік ұстанымына әсер етті. Балқаш көліне құятын судың 70 пайызын Іле өзені береді. Жақында Балқаш маңында атом электр стансасын салу туралы пікірталаста көл суының тартылғаны айтылды. Себеп − Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында жерді игеріп, күріш алқаптарын кеңейтуге байланысты Іле суын шектен тыс пайдалануы.

Пекиннің Шыңжаңдағы этникалық қазақтарға қысым көрсетіп жатқаны туралы ақпарат 2017 жылдан бері айтыла бастаған. Астана Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына қатысты ресми ұстанымын білдірмеген. Сарапшылар Астана Қытаймен қарым-қатынасқа сызат түсіргісі келмегендіктен, бұл мәселе жайлы үнсіз деп есептейді.

Зерттеуші Қытаймен қарым-қатынасты күшейтуге келгенде Қазақстанның позициясын салыстырмалы түрде әлсіз болып көрінеді дейді. Пекинмен серіктестікті күшейтуге ұмтылған Астана Ресейдің әлсіреген сәтін пайдаланып, екінші жағынан Қытайға байланысты қоғам алаңдаушылығын есепке алып, баланс ұстануға мәжбүр. Алайда автордың жазуынша, қоғамның Қытай жобаларына айтарлықтай қолдау білдірмеуі әрі Тоқаевың легитимділік үшін жалғасып жатқан күресі жақын болашақта бұл ұмтылыстың тиімділігін шектейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG