Accessibility links

Қазақстан Ресейден теріс айналды ма? "Орталық Азиямен серіктестікке ұмтылған" Берлин


Қасым-Жомарт Тоқаев және Германия канцлері Олаф Шольц қол алысып тұр. Берлин, 29 қыркүйек 2023 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев және Германия канцлері Олаф Шольц қол алысып тұр. Берлин, 29 қыркүйек 2023 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада президент Тоқаевтың "Астана Ресейге қарсы санкция режимін бұзбайды" деген мәлімдемесін талқылап, Қазақстан Ресейден теріс айналды ма деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар Берлин Орталық Азиямен не себепті серіктестікке ұмтылып отырғанын талдады. Бұдан бөлек Вашингтон үшін аймақ елдерімен қарым-қатынасты күшейтетін оңтайлы сәт туғанын жазды.

ТОҚАЕВТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ ЖӘНЕ "ЫҚПАЛЫ ӘЛСІРЕГЕН" МӘСКЕУ

АҚШ-та шығатын Newsweek журналы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары кезінде «Астана Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын бұзбайды» деген мәлімдемесіне назар аударды.

Мақала авторы Изабель Ван Брюген Арменияның ізінше Қазақстан да Ресейден теріс айналғандай деп жазды. Автордың жазуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас Украинада соғыс басталғалы нашарлады.

"Біз санкция режимін сақтау бойынша тиісті ұйымдармен хабарласып отырмыз. Неміс тарабы санкция режимін айналып өтуге бағытталған әрекет жайлы қауіптенбесе болады", − деді Тоқаев 28 қыркүйек күні Германия канцлері Олаф Шольцпен келіссөзден кейін берген баспасөз мәслихатында.

Орталық Азия елдерінің басшылары және Германия канцлері суретке түсіп жатыр. Берлин, 29 қыркүйек 2023 жыл. Германия канцлері Олаф Шольцтың X-тегі парақшасынан алынған.
Орталық Азия елдерінің басшылары және Германия канцлері суретке түсіп жатыр. Берлин, 29 қыркүйек 2023 жыл. Германия канцлері Олаф Шольцтың X-тегі парақшасынан алынған.

Экономист, Ұлыбританиядағы Chatham House зерттеу орталығы Ресей және Еуразия бағдарламасының ғылыми қызметкері Тимоти Эштың ойынша, Тоқаевтың бұл мәлімдемесі Мәскеу аймақтағы ықпалынан айырылып жатқанын әйгілейді.

«Бұл − үлкен қадам. Бұл Путин Украинаға басып кіргеннің кесірінен Ресейдің аймақтағы ықпалы әлсіреп жатқанын көрсетеді. Ресей соңғы бір-екі аптада [Таулы Қарабақта] көмектеспегендіктен, Армениядан айырылды», − дейді Тимоти Эш Х (бұрынғы Туиттер) әлеуметтік желісіндегі постта.

Автор Армения премьер-министрі Никол Пашинян Путин Ереванға Әзірбайжанмен қақтығыста көмек көрсетпеді деп жазғырғанын еске салады, бұл Армения мен Ресей қарым-қатынасына сызат түсірді.

Тоқаевтың «Ресейге қарсы Батыс санкцияларын Астана бұзбайды» деген мәлімдемесінен кейін жекелеген Ресей саясаткерлері Қазақстан Ресейден «бас тартып», «Батысқа жағынып жатыр» деген пікір білдірген. Мемлекеттік «Қазақпарат» агенттігі тілшісінің осы мәлімдемелер туралы сұрағына жауап берген Тоқаев «Қазақстан Ресейге қарсы емес» деп мәлімдеді.

"Қазақстан "Ресейге қарсы" емес, Ресеймен жан-жақты ынтымақтастық бағытын берік ұстанамыз, бізді әлем бойынша (құрлықтағы) ең ұзын шекара біріктіреді. Сол баспасөз конференциясында айтқанымдай, бізде сауда және гуманитарлық байланыстарды қоса алғанда, түрлі саладағы әріптестікте бұрыннан келе жатқан дәстүрлер бар" деді Қазақстан президенті.

"ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ПЕКИН МЕН МӘСКЕУДІҢ АЙМАҚТА БАСЫМ БОЛҒАНЫН ҚАЛАМАЙДЫ"

Ресейдің Украинаға басып кіруі Вашингтонға Мәскеудің дәстүрлі ықпал аймағы саналатын Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты күшейтуге жол ашты, соғыстан кейін геосаяси ахуал өзгеріп жатқан тұста аймақ екі алып көршіге қарсы тұруға тырысып жатыр. Нью-Йоркте БҰҰ бас ассамблеясының аясында өткен АҚШ президенті мен Орталық Азия басшыларының саммиті осыны көрсетті, деп жазады америкалық Foreign Policy басылымы.

«АҚШ әкімшілігі Ауғанстаннан әскерді әкеткен соң назардан тыс қалған қалған аймақта беделін жақсартуға тырысып жатыр», − дейді АҚШ-тың Қазақстан мен Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Джордж Крол.

АҚШ ондаған жыл бойы Орталық Азиядағы саясатын Ауғанстандағы соғыспен байланыстыра жүргізді, Қырғызстан мен Өзбекстанға әскери база мен логистика орталықтарын орналастырды. 2021 жылы Вашингтон Ауғанстаннан әскерін шығарған соң, АҚШ аймақтан түбегейлі кетті деген алаңдаушылық туды. Бұрын Ауғанстаннан келетін қауіп Вашингтонның Орталық Азиядағы саясатын белгілесе, бүгінде Еуразияның жүрегіндегі Орталық Азия алып державалардың бәсеке алаңына айналды.

Мақала авторы Эми Маккиннон аймаққа АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктерінің сапарлауы, жоғары деңгейдегі кездесулер Байден әкімшілігінің Орталық Азиямен қарым-қатынасты күшейту ұмтылысын көрсетеді дейді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ақпан айының аяғында Қазақстан мен Өзбекстанға келіп кетті. Жақында аймаққа АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) жетекшісі Саманта Пауэр келмек.

«Бұл АҚШ пен Еуропа үшін аймақпен тығыз қарым-қатынас орнатып, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастыққа қан жүгіртетін, Батыс пен Еуропадан Орталық Азияға инвестор тартуға жол ашатын мүмкіндік, − дейді АҚШ-тағы ұлттық қауіпсіздік университетінің профессоры Эрика Марат. – Меніңше, саяси класс Ресейді құлдырап жатқан держава деп есептейді».

Орталық Азия басшылары бұрыннан бері екі алып көршісі − Ресей мен Қытайға қарсы баланс ұстауға тырысып жүр. АҚШ-тың аймақта ықпалы артса, бұл Орталық Азияны құтқаратын амал болмаған күннің өзінде, қолдағы әжептәуір тетік болуы мүмкін.

«Орталық Азия Ресей немесе Қытайдың басым болғанын қаламайды», − дейді Гарвард университетінің Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығының Орталық Азия бағдарламасының директоры Наргиз Қасенова.

Орталық Азия басшылары Украинадағы соғысты қолдамады, Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан жетекшілері Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеді.

ГЕРМАНИЯ НЕ СЕБЕПТІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ КҮШЕЙТУГЕ МҮДДЕЛІ?

Соңғы жылдары геосаяси өзгерістер мен Орталық Азияның экономикалық және әлеуметтік әлеуетінің артуы Германияның аймаққа қызығушылығын күшейте түсті. АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Германияның аймақтағы мүддесі қандай және Берлинмен серіктестік аймақ елдеріне не беретініне үңіледі. Мақала Германия президенті мен Орталық Азия басшыларының саммиті қарсаңында жарияланған.

Мақала авторы Өзбекстандағы әлемдік экономика және дипломатия университеті жанындағы халықаралық зерттеулер институты Еуропа зерттеулері орталығының жетекшісі Рустам Каюмовтың жазуынша, Германия және Еуроодақ АҚШ-тың стратегиялық үстемдігін мойындаудан бас тартып, Қытай және Ресеймен жаһандық бәсекеге түсуге ұмтылып жатыр. Берлиннің Орталық Азиядағы сыртқы саясаты үш салаға бағытталған: Ресей мен Қытайдың үстемдігіне қарсы тұрып, олардың аймақты толық бақылауына жол бермеу; неміс тауары мен қызметін ілгерілетіп, экономикалық қарым-қатынасты дамыту, Ауғанстанға байланысты мәселелерді еңсеру.

Постсоветтік кеңістіктегі ландшафт өзгеріп, Қытай ықпалы арта бастады. Германияның сыртқы саясаты Орталық Азияның мемлекеттігі мен тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған. Германияның жаңа ұлттық қауіпсіздік стратегиясында қауіпсіздік ортасы өзгеріп жатқаны жазылған. Құжатқа қарағанда, Ресей Еуропаның қауіпсіздігіне қатер төндіреді, ал Қытай қиын бәсекелес және жүйелі қарсылас болғанымен, әлі де «маңызды серіктес».

Орталық Азия елдерін жан-жақтан Батыс санкцияларына ұшыраған елдер (Ауғанстан, Иран, Қытай мен Ресей) қоршап тұр, аймақ елдері Мәскеуге салынған санкция салдарынан зардап шекті. Мұндай жағдайда бұл елдер әлемдегі альянстармен қарым-қатынасты күшейтуге ұмтылып жатыр.

Орталық Азия елдерінің басшылары және Германия президентінің кездесуі. Берлин, 29 қыркүйек 2023 жыл.
Орталық Азия елдерінің басшылары және Германия президентінің кездесуі. Берлин, 29 қыркүйек 2023 жыл.

Автордың пайымдауынша, Берлин аймақтағы процестерге қатысу үшін нарықтағы Қытай мен Ресейдің бәсекесіне төтеп беріп, Еуропа мен Орталық Азия арасын бөліп тұрған аймақаралық алшақтық пен коммуникация мәселелерін жоюы керек.

Біріншіден, Орталық Азияның көлік дәлізі батыс пен оңтүстікке қарай кеңейіп келеді. Батысқа қарай кеңейіп жатқан дәлізде Қазақстан мен Каспий теңізі − Қытай-Еуропа сауда бағытының маңызды тізбегі. Ал оңтүстікке қарай құрлық пен теңіз арқылы Қазақстан, Түркіменстан, Әзірбайжан мен Иран арасындағы бағыт пен Өзбекстан, Ауғанстан мен Пәкістанды жалғайтын теміржол жатыр.

Қазақстан Еуропа нарығына Каспий теңізі арқылы мұнай тасымалдауды жалғастыра бермек. Еуроодақ энерготасымалдағыштарға келгенде Ресейден тәуелділікті азайтуға тырысып жатыр. Орталық Азия ОПЕК елдерінің Еуроодаққа тасымалдайтын мұнай мен газ экспортының орнын баса алмайды, дегенмен мұнай мен газға сұранысты айтарлықтай жаба алады. Қазақстаннан Германияға мұнай «Орта дәліз» арқылы экспортталады. Еуроодақ Орталық Азияның энергоресурс өндіруші ретіндегі позициясын бекіте түсу үшін аймақ тұрақтылығына инвестиция салып жатыр.

Автордың пайымдауынша, Орталық Азия мен Германияның серіктесігінен екі тарап та ұтады. Германия азық-түлік пен энергияға қол жеткізеді. Аймақ елдері Германиямен ынтымақтастықты нығайтса, сыртқы саясатта Қытай мен өзге тараптарды баланстап, геосаяси және геоэкономикалық пайда көре алады.

Орталық Азия Ресей мен Қытайдың инвестициясына және осы елдермен сауда-саттыққа тәуелді. Автордың ойынша, Германияның басты мақсаты − осы тәуелділікті азайту. Неміс технологиялары мен цифровизация, жасыл экономика саласындағы білім Орталық Азияның Қытайға экспортын арттыруға септігін тигізеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG