Accessibility links

Алматыдағы "НАТО орталығы" жайлы жалған ақпарат және Ресей пропагандистерінің қоқан-лоқысы


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Батыс басылымдары бұл аптада Ресей басылымдары мен пропагандистері Алматыда «НАТО бітімгершілік орталығы ашылды» деген жалған ақпарат таратып, оның арты Қазақстанға қоқан-лоқы көрсетуге ұласқанын жазды. Басылымдар сондай-ақ Қазақстан Ресейге Батыс санкцияларын айналып өтуге қалай көмектесіп жатқанына тоқталды.

"НАТО НЫСАНЫ" ЖАЙДЫ ФЕЙК ЖӘНЕ РЕСЕЙ ПРОПАГАНДИСТЕРІНІҢ АҚПАРАТТЫҚ ШАБУЫЛЫ

Eurasianet басылымы Қазақстанда «НАТО нысаны ашылғаны» туралы Ресей басылымдары таратқан жалған ақпарат пропагандистерді ашуландырып, елдің «солтүстік аймағын азат ету керек» деген қоқан-лоққыға ұласқанын жазды.

Мақала авторы Алмаз Куменов Қазақстан егемендік күнін атап өтіп жатқанда Ресейдің басылымдары «елде НАТО нысаны ашылды» деген жалған ақпарат таратқанына назар аударады. Eurasianet-тің жазуынша, «Московский комсомолец», «Аргументы и факты» және тағы бірнеше басылым Алматыда 23 қазан күні «НАТО-ның бітімгершілік операцияларының орталығы» ашылғанын хабарлап, кейбірі дәлел ретінде АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюмнің лента қию рәсімінің суретін қойған.

Автордың топшылауынша, нысанның ашылуы туралы ақпараттың бастапқы дерек көзі − Ресейдің Украинаға басып кіргенін белсенді қолдаған «Военные корреспонденты Русской весны» атты Telegram арна. Бұл Telegram арна «Қазақстан әскері орталықта НАТО стандарты бойынша дайындықтан өтеді» деп жазған. Кейін мұны басқа басылымдар іліп әкеткен.

Қазақстан қорғаныс министрлігі мұны лезде жоққа шығарып, АҚШ елшісі Дэниел Розенблюмнің қатысуымен өткен шара шән мәнінде бітімгершілік операциялары орталығы конференц-залының ашылуы екенін хабарлады. Хабарламаға қарағанда, орталық 2006 жылдан бері жұмыс істейді, оны министрліктің өзі басқарады.

Ал Алматыдағы АҚШ консулдығы өзінің мәлімдемесінде конференц-зал «Қазақстанның халықаралық бітімгершілерді даярлау мүмкіндігін арттыруға» көмектесу үшін АҚШ-тың қаржылай қолдауымен ашылғанын хабарлады.

Бітімгершілік операциялар орталығының сайтында орталықтың мақсаты әскери, полиция мен азаматтық қызметшілерді бітімгершілік операцияларына дайындап, халықаралық гуманитарлық құқық негіздерін үйрету екені айтылған. 2019 жылы оқу бағдарламасы бітімгершілерді даярлау саласында БҰҰ сертификатына ие болды. Сайтта НАТО туралы мүлде айтылмайды.

Бірақ ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарамастан, Ресейдің билікшіл комментаторлары «Мәскеудің жақын одақтасы өз тағдырын Батыстың әскери блогымен байланыстырып жатқанға ұқсайды» дегенге салды.

Ресейдегі әскери журналист, Telegram арнасында 1 миллионға жуық жазылушысы бар Александр Сладков «НАТО қазірдің өзінде Қазақстанда» деп асыра сілтеді. «Үш ықтимал одақтастың ішінен Қазақстан көршілерді емес, алыстағы қауіпті күшті таңдады», деп жазады ол.

Кремльшіл комментаторлар бұл ақпараттан кейін Қазақстанға қарсы шараларды талқылай базады. Қайсыбіреулер орыс ұлтының өкілдері көп тұратын Солтүстік Қазақстанды «азат ету» керектігін айтты.

Сарапшы Ақас Тәжуітов те Eurasia review басылымындағы мақалада Ресей пропагандистерінің жалған ақпарат тарағаннан кейінгі шабуылдарына назар аударды.

Ол Кремль пропагандисі Сергей Марданның «Тоқаев сақ Назарбаевпен салыстырғанда асығыс әрекет етуге бейім. Оның ойынша, Мәскеу посткеңестік кеңістікті уысынан шығарып алды, осы сәтті пайдаланып қалу керек» деген сөзін келтіреді.

«Тоқаев Ресей әскері оңтүстік сібір даласына (Солтүстік Қазақстанға) Қазақстан әскерінің НАТО стандартын қаншалықты меңгергенін бағалауға келгенде, оларды кімнің көмегімен тоқтақысы келетіні қызық», деді Мардан.

Мардан бұған дейін де Тоқаевтың Германия канцлері Олаф Шольцпен кездескенде айтқан мәлімдемесін сынаған. «Дұшпанымызбен ісімізді талқылау дұрыс емес. Бәлкім, Тоқаев Германия жауымыз екенін білмесе... оған мұны айту керек шығар», деп қайырды Мардан.

ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙГЕ САНКЦИЯЛАРДЫ АЙНАЛЫП ӨТУГЕ ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСІП ЖАТЫР?

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Қазақстан Ресейге санкцияларды айналып өтуге қалай көмексетіп жатыр деген сұраққа үңіледі. Мақала авторлары Қазақстан қолданбалы саясат институтының сарапшылары Рахымбек Әбдірахманов пен Кәмшат Жұмағұлованың жазуынша, Мәскеу Қазақстаннан Ресейге тасымалданатын параллель импорт арқылы санкцияларды айналып өтеді.

Жақында Германияға сапар кезінде Тоқаев кереғар мәлімдеме жасады. Ол Қазақстан бір жағынан Ресеймен жан-жақты серіктестікті жалғастыратынын айтса, екінші жағынан Мәскеуге қарсы санкцияларды сақтайтынын мәлімдеді. Мақала авторлары Тоқаев айтқан екі нәрсені қатар алып жүру техникалық тұрғыдан мүмкін емес дейді. Өйткені Ресей мен Қазақстан тауар мен қызмет еркін қозғалатын кеден одағына мүше, екі ел арасында валютаның еркін конвертациясы жүріп тұр.

2015-2021 жылдар аралығында Қазақстанның жылдық экспорты 60 миллиард доллардан аспаған. Ал былтыр ол 84,4 миллиард долларға жетті. Сарапшылар елдің соңғы жеті жыл ішіндегі импорт көлемі қалай өзгергеніне де тоқталды. 2015 жылы ол небәрі 34 миллиард доллар болса, 2021 жылы 40 миллиард доллар шамасында болған, ал 2022 жылы 50 миллиард долларға бір-ақ жеткен. 2022 жылы ел азаматтарының табысы өскен жоқ, сәйкесінше ел ішінде тұтыну да артпағаны анық. Сондықтан, авторлар бұл тенденцияны «параллель импортпен» байланыстырады. Былтыр импорт пен экспорттың 10 миллиард долларға өскені Қазақстан 10 миллиард долларға тауар мен қызметті шетелден импорттап, артынша оны тез арада басқа жаққа экспорттағанын көрсетеді.

Авторлардың пайымдауынша, Қазақстан стратегиясы жанама санкцияларға ілінбеуге бағытталған, бірақ ел параллель импортқа тосқауыл қоюға келгенде әрекетсіз.

Егер АҚШ-тың шетелдегі активтерді бақылау жөніндегі басқарасы Қазақстанды санкция жайлы сұраққа алса, Астананың жауабы дайын. Ел банктері санкция салынған банктерге корреспондент шоттарды ашпайды, санкцияға ілінген тауар мен қызмет бойынша келісімшарттарға қызмет көрсетпейді, Қазақстан санкция тізіміндегі компаниялармен немесе SWIFT-тен шығарылған банктермен жұмыс істемейді.

Алайда санкция тізімінде жоқ Ресей компаниясымен келісімшарт жасасып, онда санкцияға ілінбеген тауарды көрсетсеңіз, банк мұндай мәмілені мақұлдайды. Бірақ іс жүзінде Ресейге қағазда көрсетілген дүние емес, санкцияға ілінген тауар тасымалдануы мүмкін. Ресеймен шекарада кеден бекеттері болмағандықтан, жүк тексеруден өтпейді, тек жүк құжаттары ғана тексерілуі мүмкін. Санкцияға ілінген тауар қолма-қол ақшаға сатып алынып, шекарадан оп-оңай өтеді.

Авторлардың жазуынша, параллель импортты жеңілдедетін және мүмкін ететін фактор – ел аумағында рубльді теңгеге еркін айырбастай алу. Бұл Ресейге Қазақстан валюта нарығына еркін шығуға жол ашады. Рубльді теңгеге еркін айырбастау арқылы Ресей Қазақстанның валюта резервтерін жанама түрде бақылауға қол жеткізеді. Елде сатылған рубльге шетел валютасы сатып алынады, екінші жағынан бұл тауар нарығына әсер етеді. Нәтижеде теңге құнсызданады, артынша шетелден импортталатын тауар қымбаттайды, ал бұдан жалақысын инфляция жалмап жатқан қазақстандықтар ұтылады.

Параллель импортқа тосқауыл қою үшін Қазақстан Еуразия экономика одағынан шығып, рубльді ел аумағында еркін айырбастауға тыйым салуды қарастыра алады. Сарапшылар Қазақстан саяси элитасы Ресейдің қарымта жауабынан қауіптенетіндіктен, бұған бармайды деп есептейді.

Авторлар нәтижеде Кремльдің Қазақстанға ықпалы жүруі мүмкін, ел көп тұрғыдан осал болып қала береді дейді. Елдің мұндай ахуалға тап болуына 30 жыл бойы ел экономикасын дамытып, халықтың әл-ауқатын көтеру орнына саяси айла-шарғы, өзіне жарнама жаау мен ресурстарды бөлумен ғана жүрген саяси элита жауапты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG