Бұл — Ресей тарихындағы ең ірі терактілердің бірі болды, бірақ ұсталғандар шын қылмыскерлерге ұқсамайды. Қауіпсіздік қызметі күдіктілерді азаптаған видеосын жариялады, ал сот жабық өтіп жатыр, судья тұтқындардың денесіндегі азаптау іздеріне назар аудармады. Крокусқа жақын маңдағы ОМОН, Росгвардия мен полиция террористерге қашып кетуге мүмкіндік бергісі келгендей, концерт залына кешігіп жеткен. Күдіктілер ресми деректе айтылғандай, ертеңіне емес, сол түні-ақ ұсталған, бірақ ұстау операциясының видеосын келесі күні түсірген. Мәскеу іргесіндегі “Крокус Сити Холда” болған терактіге қатысты ресми деректе осындай ақылға сыймайтын, сұрақ туғызатын тұстар көп. Ресей билігі әзірге бұл сұрақтардың бірде-біріне жауап берген жоқ.
ТҰТҚЫНДАРҒА 5-6 САҒАТ БОЙЫ НЕ ІСТЕГЕН?
Ресей билігі “Крокустағы” терактіге қатысы бар деген күдікпен 11 адам, оның ішінде шабуылға қатысы болуы мүмкін 4 кісі ұсталғанын мәлімдеді. Интернетте тараған видеоға қарағанда, Тәжікстанның 4 азаматы 23 наурыз күні таңертең ұсталған. Бірақ «Медиазона» жылдамдықты бақылау камераларынан алынған деректерге сүйеніп, ықтимал күдіктілердің көлігі түнгі 12-лер шамасында Федералды қауіпсіздік қызметі айтқан орыннан 100 шақырым жерде тоқтатылғанын жазды.
«Бұл күдіктілерді олардың ұсталғаны туралы алғашқы бейресми ақпарат шықпай тұрып, қолға түсіргенін көрсетеді. Кремль бұл ақпаратты 23 наурыз күні 11-де бір-ақ растады», — деп жазды басылым.
Күш құрылымдарының 5-6 сағат бойы тұтқындарға не істегені белгісіз.
Ұсталған азаматтарды қамауға алу туралы іс қаралған Басман аудандық сотына 4 тұтқын да айқын азаптау белгілерімен жеткізілді. Құқық қорғаушы Владимир Осечкиннің сөзінше, азаптаудың ауыр болғаны соншалық, тұтқындардың бірі сотқа ес-түссіз күйде келген, екіншісі “зомбиге” ұқсап қалған.
— Шын террористер ұсталса, күш құрылымдары көбірек ақпарат алу үшін олармен келісімге келуге тырысар еді. Ал олар бірден азаптауға көшкен. Демек қауіпсіздік қызметкерлеріне шындық емес, өздері естігісі келетін сөзді айтқызу маңызды болған, — дейді Осечкин.
КҮДІКТІЛЕР ҚАЙДА ҰСТАЛҒАН?
Федералды қауіпсіздік қызметінің дерегінше, күдіктілер Украина шекарасына жақын Брянск облысында ұсталған. “Крокуста” теракт жасады деп айыпталғандар кемі 6 рет жол ережесін бұзған.
— ГАИ көлік деректерін білген, бірақ оларды ұстамай, 130 км жүруге мүмкіндік берген. Өздеріне қажет жерге жеткенде, шекара маңында бір-ақ ұстаған. Әдетте шын террористер көлік ауыстырып, ізін жасыруға тырысады. Ал олар бір көлікпен ғана жүрген, қауіпсіздік қызметкерлері соның өзінде жылдам әрекет ете алмады. Күдіктілер билік көлік нөмірі мен аты-жөндерін білетінін, алда блокпосттар барын біле тұра, неге шекараға қарай жүрген? Оларға жетекшілерінен “шекараға барыңдар” деген тапсырма түссе керек. “Сендерді ешкім ұстамайды” деген шығар. Бірақ алдап соққан, — дейді Лондонда тұратын сарапшы Әлішер Ильхамов.
Ресейлік “Комсомольская правда” газеті Мәскеудегі Дмитровский жолында "террористер қару-жарақ алған жер табылды" деген видео жариялады. Бірақ басылым қуғындағы азаматтарды шекараға жеткізбей ұстау үшін неге дрон қолданылмағанын жазбады.
ПОЛИЦИЯ КҮДІКТІЛЕРДІ ЖІБЕРЕ САЛҒАН БА?
BBC дерегінше, Крокустан 3 км жерде Росгвардия бөлімшесі бар. Олар Крокусқа жаяу жүргеннің өзінде 15 минутта жете алады. Көрші «Крокус-Экспо» ғимаратында Красногор ауданының полиция бөлімшесі орналасқан, онда «ИЖ-71» тапаншасы мен «Сайга-20КВ» қарулары бар. Жедел әрекет ету тобы да сол жерде отырады.
Қарулы шабуыл туралы хабар түскенде, арнайы жасақ нұсқаулық бойынша жұмыс істейді.
BBC-ге анонимді түрде сұхбат берген, Федералды қауіпсіздік қызметінің аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау және кепілге алынған азаматтарды босатумен айналысқан отставкадағы офицері «Қазір бұрынғыдай жоғарыдан рұқсат күтіп отырмайды. Кезекшіге атыс, кепілге алынған адамдар туралы хабар түссе, үнемі дайын жүретін бірінші топ оқиға орнына кетеді. Бірінші топтың мақсаты — мейлінше тез жету. Көлік, тікұшақ, мүмкіндік болмаса, есекпен болсын жылдам жетуі керек” дейді.
Ресейдің “ІІМ полиция оқиға орнына атыс туралы хабар түскеннен кейін 5 минуттан соң жетті” деді. Онда “террористер залдан еш кедергісіз қалай шығып кеткен?” деген сұрақ туады.
— Қолдағы деректер бойынша, шабуылдаушылар ғимаратқа 19:55 кіріп, 20:18 шыққан. Билік “концерт залының жанындағы полиция 5 минутта жетті” дейді. Онда террористер полиция келгеннен кейін шыққан. Демек полиция террористерге тимей, көлігіне отырып, алаңсыз кетуіне жол берген, — дейді сарапшы Әлішер Ильхамов.
Сарапшының пікірінше, автотұрақтан шығатын 2 жол бар. ГАИ хабар түскеннен кейін, екі жолды да жаппаған.
Журналист Әнуар Деркач “теракт болғаны рас және ресейлік күш құрылымдары оның алдын ала алмады немесе солай болуына жол берді” дейді.
Наурыздың басында АҚШ пен Ұлыбритания өз азаматтарына Мәскеуде теракт болуы мүмкін екенін ескерткен. Ресейдегі АҚШ және Ұлыбритания елшіліктері азаматтарын халық көп жиналатын орындарға бармауға шақырды.
Әлішер Ильхамовтың айтуынша, батыс елдері бұл ақпаратты Ресей билігімен де бөліскен. Бірақ Мәскеу алдын алу шараларын қолға алмаған. Соған қарағанда, әлдекім терактінің болғанын қалаған сияқты.
“ТЕРАКТ ЖАСАДЫ ДЕП АЙЫПТАЛҒАНДАР”
Ресейдің тергеу комитеті дәлел келтірместен Тәжікстан азаматтары Далержон Мирзоев, Саидакрам Раджабализода, Фаридун Шамсиддин мен Мухаммадсобир Файзовты терактіге кінәлі деп тапты, сот оларды қамауға алу туралы қаулы шығарды.
«Ислам мемлекеті» террористік ұйымы Крокустағы атыс видеосын жариялап, Мәскеудегі терактіні өз мойнына алды. Видеода террористердің жүзін жасырып, дауысын өзгерткен.
Батыс елдері терактіге Ислам мемлекеті ұйымының Ауғанстандағы бөлімі “Хорасан уәлаяты” жауапты деп есептейді. Сарапшылардың көбі теракт болғанын жоққа шығармайды, бірақ Ресей билігінің әрекеті мен деректеріндегі сәйкессіздікке күмәнмен қарайды.
«Альфа тобының офицерлері» одағының президенті Алексей Филатов Бесінші арнаға берген сұхбатында «Крокус Сити Холда» екі топ террорист болған деп топшылады.
— Біреуі атыс ұйымдастырған, екіншісі өрт қойған. Сырттағы жағдайды хабарлап тұрған үшінші топ та болуы мүмкін. Әйтпесе, 4 адамның 18 минутта бәріне үлгеруі қиын, — дейді ол.
Сарапшы осыған дейін айтылған фактілерге сүйеніп, Ресей билігі шабуылдаушыларға қолдау көрсеткен деп күдіктенеді.
Бұл пікірге журналист Әнуар Деркач та қосылады.
— Ресейдің арнайы қызметі түсірген тұтқынның құлағын кесу, токпен азаптау сияқты видеоларды көрдік. Сот жабық өтті, ал азаптау демонстративті шараға айналды. Бұрын бәрі керісінше болатын, — дейді журналист.
«Русь сидящая» қоғамдық қорының басшысы Ольга Романова биліктің “террористер кәсіби қылмыскерлер сияқты әрекет еткен” деген сөзін алға тартып, “олар сондай мықты болса, неге қарапайым қателіктер жіберген?” деп таңғалады.
— Бірнәрсе дұрыс емесін көрсететін айқын белгілер бар. Теракт жасады деп айыпталған кісілер “Мир” картасына жарты миллион рубльден ақша алып, неге Украинаға бет алғанын түсінбеймін. Украинада рубль жүрмейді, “Мир” картасы істемейді. Күдіктілердің әрекеті де ақылға сыймайды, олар шекараға қарай біреудің тапсырмасымен жүрген сияқты. Путин мен Бортников олардың үшінші тараптың көмегімен шекара асып кетпек болғанын айтты. Бірақ шекараның екі жағы (Украина мен Ресей) бар. Демек, біреу оларға Ресей жағынан шекарадан өткізіп жібереміз деп уәде берген, — дейді ол.
ЕНДІ НЕ БОЛАДЫ?
Романованың пікірінше, Ресей саяси өмірдің жаңа кезеңіне қадам басып, тұтқындарды азаптауды ашық көрсетіп, өлім жазасын қайтару туралы ұсыныстар айтып, қоғам санасына қорқыныш ұялата бастады.
Әлішер Ильхамов Ресей қазір өзін терроризм құрбаны етіп көрсетіп, Украинадағы соғыс барысы мен көші-қон саясатын өзгерту үшін жағдайды өз мүддесіне пайдалануға тырысады дейді.
— Иә, Федералды қауіпсіздік қызметі терактінің алдын ала алмады. Бірақ Путин режимі бұдан көп ұтты. Мәселен, Украинадағы соғысты (тіпті, ықтимал ядролық қару қолдану мүмкіндігін), жаңа мобилизацияны ақтап алды, — дейді сарапшы.
Украин журналисі Әнуар Деркач былай дейді:
— Ресейдің арнайы қызметі теракт туралы алдын ала білген, бірақ ештеңе істемеген. Олар бұл жағдайды өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Енді Мәскеу қоғамдық пікірге қарамай, ел ішінде қуғын-сүргін жүргізе алады. Билік кімді нұсқаса, сол террорист болады, Ресейде биліктің айтқанына күмән келтіретін адам аз.
Терактіге қатысты көп сұрақ жауапсыз қалды. Билік толық мәлімдеме жасап, “Крокус Сити Холл” концерт залындағы камералардың жазбасын жарияламады, - дейді.
Зерттеу әлі жалғасып жатыр, бірақ ресейлік ақпарат құралдары ұсталған тәжіктерді “террористер” деп атайды. Пропаганданың күштілігі соншалық, биліктің мақсаты — шын кінәлілерді жазалау емес, қоғамды терактіні азапталған тәжіктер ұйымдастырды дегенге сендіру сияқты.
ПІКІРЛЕР