Accessibility links

Орталық Азиядан "жақтастар жинаған" "Ислам мемлекеті". Каспийдің тартылуына Ресей кінәлі ме?


"Ислам мемлекеті" қарулы тобына мүше болды деп айыпталғандар соты. 2016 жыл.
"Ислам мемлекеті" қарулы тобына мүше болды деп айыпталғандар соты. 2016 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада «Ислам мемлекеті» террористік ұйымы Орталық Азия азаматтарын өз қатарына тарту үшін үлкен науқан жүргізгенін жазды. Сонымен қатар Қазақстанның он облысын су басқанын, ал шенеуніктер жылда қайталанатын апатқа дайын болмай шыққанын назар аударды. Бұдан бөлек Каспий теңізінің жағалаудан алыстауына Еділ өзенінің суын шамадан көп қолданатын Ресей кінәлі ме деген сұраққа жауап іздеді.

"ИСЛАМ МЕМЛЕКЕТІ" ТЕРРОРИСТІК ҰЙЫМЫ "ОРТАЛЫҚ АЗИЯ АЗАМАТТАРЫН ТАРТЫП ЖАТЫР"

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы 22 наурыз күні Мәскеу түбіндегі «Крокус сити холл» концерт залында кемінде 143 адамның өмірін қиған терактіден кейін «Ислам мемлекеті» ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) «Хорасан уәлаяты» тобына қайта назар ауғанын жазды.

"Теракт үшін жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» ұйымы мойнына алып, шабуыл сәтінен видео жариялады. Бірақ соған қарамастан, Кремль кінәні Украинаға аударды.

Ресей күштік құрылымдары теракт жасады деген күдікпен ұстаған төрт ер адам − Тәжікстанның азаматтары. Мақала авторы аймақтағы терроризм мен экстремизмді зерттеуші Шанти Мариет Д’Соуза «Хорасан уәлаяты» лаңкестік тобы әрекет ететін аумақ Ауғанстан мен Пәкістанмен ғана шектелмейді, Орталық Азияны да қамтиды деп есептейді.

«ИЛИМ-Х» (Ирак пен Левант Ислам мемлекетінің Хорасан тобы – ред.) деген атпен белгілі «Хорасан уәлаяты» тобы 2015 жылы құрылып, Ауғанстанда 2017 жылдан бастап жұмыс істей бастады. 2021 жылы тәліптер билікті алған соң «Хорасан уәлаяты» тобын ыдырату үшін рейдтер жүргізіп, тұтқынға алды, олардың көзін жою жұмысын жүргізді, ел аумағынан тықсыруға тырысты. Тәліптер былтыр 2021 жылдан бері «Хорасан уәлаяты» тобының 1700 содырын түрмеге тоғытып, 1100 мүшесінің көзін жойғанын мәлімдеді.

Зерттеуші бұл топ Ауғанстанда әлсірегенімен,Орталық Азияда мүлде нысанаға алынбай қалғанын келтіреді. БҰҰ-ның 2023 жылғы маусымдағы есебіне қарағанда, «Хорасан уәлаяты» тобы мен олардың отбасы мүшелерінің саны 4 мыңнан 6 мың адамға дейін жетеді. Олардың қатарында Орталық Азия азаматтары бар. Басқа есептерге қарағанда, бұл топтың Орталық Азиядағы жақтастарының саны жүздеген адамға жетеді. Бұл «Хорасан уәлаяты» 2014 жылдан бері Тәжікстан мен Орталық Азияның өзге мемлекеттері азаматтарын өз қатарына тарту жұмыстарын сәтті жүргізгенін көрсетеді. Ал 2023 жылы «Хорасан уәлаяты» өз қатарына бұрыннан лаңкестік топтарда жүрген тәжірибелі содырларды тарта бастады.

Бір жасөспірім "Ислам мемлекеті" тобының "Хорасан уәлаяты" тобы өзін "жиһадшы" ретінде жаттықтырғанын айтып тұр. Ауғанстан, 2018 жыл.
Бір жасөспірім "Ислам мемлекеті" тобының "Хорасан уәлаяты" тобы өзін "жиһадшы" ретінде жаттықтырғанын айтып тұр. Ауғанстан, 2018 жыл.

«Хорасан уәлаяты»» тобының қолы ұзын. Ол Ауғанстан мен Пәкістан шекарасымен шектелмейді. Ресейдегі шабуыл ол жаңа аумақты нысанаға алуы мүмкін екенін көрсетті», дейді автор.

Осы тақырыпқа тоқталған Ұлыбританияның Guardian басылымы «Ислам мемлекеті» террористік ұйымы «Орталық Азия азаматтарын қатарына тартып жатқанын» жазды.

Батыс және басқа да елдердің арнайы қызметінің дерегінше, былтыр «Ислам мемлекеті» террористік ұйымы Орталық Азия азаматтарын тарту үшін үлкен науқан бастаған. Террористік ұйым бұрын лаңкестік шабуыл жасаған топтардың тәжірибелі мүшелерін тартқан.

БҰҰ баяндамасында жариялаған барлау мәліметтеріне сәйкес, Ауғанстандағы бұл террористік топ соңғы он екі айдың ішінде Тәжікстандағы «Джамаат Ансарулла» ұйымының лаңкестері мен Орталық Азиядағы басқа топтардың мүшелерін қатарына қосқан.

«Хорасан уәлаяты» тобы жасайтын шабуылдар азайып, олар біраз аумақтан айырылып қалды. Жоғары және орта буындағы жетекшілердің тұрақтамай ауысатынына қарамастан, топ Ауғанстан мен аймаққа, одан шеткері жерге үлкен қауіп төндіреді», дейді мақала авторы Джейсон Берк.

Тәжікстан мен Орталық Азияның басқа елдерінен шыққандар осы топ ұйымдастырған Еуропа мен Ирандағы террористік шабуылдарға қатысы болған. Былтыр шілде-тамызда осы топпен байланысты тәжік, түркімен мен қырғыз ұлтының өкілдері Германияда ұсталды. Олар террористік шабуылдар жоспарлаған деген күдікке ілінді. Наурыз айының басында Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметі Калуга облысында «Мәскеудегі синагогалардың біріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлаған» Қазақстанның екі азаматы Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұловты өлтіргені туралы хабар тарады. Ақпаратқа қарағанда, екі қазақстандық «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының «Хорасан уәлаяты» бөлімшесінің мүшелері болған. Бірақ олардың Қазақстанда тұратын туыстары Әшірәлиев пен Тасқұлов «террор тобына мүше болған» деген хабарға сенбейді.

КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ТАРТЫЛУЫ ЭКОНОМИКА МЕН ГЕОСАЯСАТҚА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТПЕК?

Азиядағы ең маңызды және әлемдегі ең ірі көлдердің бірі – Каспий теңізіне тартылу қаупі төніп тұр, ол жағалаудан барған сайын алыстап барады, деп жазады Түркиядағы TRT World арнасы.

Ирандағы су зерттеулері орталығының жетекшісі Мохаммад Реза Кавианпурдың айтуынша, соңғы жылдары Каспий теңізіндегі су деңгейі жарты метрге, былтырдың өзінде 25 сантиметрге төмендеді. Зерттеуші ғаламдық жылынуға байланысты бұл тенденция сақталады, алдағы жылдары мұның салдары тіпті ушыға түседі дейді. Су деңгейі төмендегендіктен, Каспийдегі 190 миллиард текше метр су тартылып қалған.

Каспийдің тартылуы экологияға кері әсер етіп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды экономикалық шығынға батырады. Каспий жағалауын қуаңшылық жайлайды. Былтыр маусымда Каспийдің тартылуына байланысты Ақтауда төтенше жағдай енгізілді.

Каспий тартылып, балықшылар қиындыққа тап болған
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:48 0:00

Мақала авторы Ата Шахиттің жазуынша, Иран билігі Каспийдің жағалаудан алыстауына бірінші кезекте Ресейді айыптайды. Каспий теңізінің негізгі су көзі – Еділ өзені. Каспий теңізінің тартылуына тек ғаламдық жылыну ғана емес, Ресейдің Каспийге құятын Еділ өзенін ауыл шаруашылығы мақсатына шамадан көп қолдануы және су бөгеттерін салуы себеп.

Каспий теңізінің жағалаудан алыстауы Ақтау, Құрық пен Атырау порттарының жұмысын шектеуі мүмкін. Түркіменстандағы Түркіменбашы, Ресейдегі Астрахан мен Махачкала порттары Орталық Азия экономикасы үшін маңызды. Демек, Каспийдің тартылуы аймақ экономикасы мен әлем саудасы үшін маңызды транзит бағыттарына теріс әсер етеді. Қазірдің өзінде Түркіменстандағы кей порттардың жұмысы шектеліп, билік жаңа порттар салуға мәжбүр болды.

Зерттеушілер Ресей Еділ суын шамадан тыс қолдана берсе, Каспий теңізі 70 жылда құрғап кетуі мүмкін екенін ескертеді. Иранның зерттеушілері 20 жылдан кейін теңіз енінің жартысы құрғап кетеді, ал 10 жылдан кейін жағалауда құмды дауылдар тұратын болады деп болжайды.

СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН ҚАЗАҚСТАН

Eurasianet басылымы Қазақстанның көптеген облысын су басқанына назар аударды.

Қаақстанның кей аймақтарынан тарап жатқан видеолар фильмдегі апат көріністеріне ұқсайды. Тасыған су ауылдарды қиратып, малды ағызып кеткен. Әлеуметтік желілер шатырға шығып көмек күтіп отырған адамдар мен оларды айнала ұшып жүрген тікұшақтардың суреттеріне толы.

Көктем келгенде өңірлерде қар мен мұз еріп, қызыл су басады. Бірақ биыл тасыған судың зардабы орасан. Көпірлер қирады, жолдарды су шайып кетті, жүздеген үй енді тұруға жарамсыз, көп жұрт ауыз сусыз және газсыз қалды.

Қазақстанның он облысын су басты, ең көп солтүстік облыстар зардап шекті. Төтенше жағдайлар министрлігі 29 наурыз күні 4700 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 500 үйді су басқанын хабарлады. Кей өңірлерде мектептер, ауруханалар мен әкімшілік ғимараттар су астында қалды.

Үкіметтің шұғыл отырысында сөз сөйлеген премьер-министр Олжас Бектенов бұл соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны екенін мәлімдеді. Ол бас прокуратура құтқару жұмыстары кезінде шенеуніктердің салғырттық танытқан-танытпағанын анықтау үшін тексеру жүргізетінін айтты.

Мақала авторы Алматыда тұратын журналист Алмаз Куменовтің жазуынша, жылда көктемде су тасқыны болса да, билік оған дайын болмай шығады. «Билікті сынайтындар шенеуніктер бұдан сабақ алмайды, тіпті сарапшылардың су тасқыны жайлы ескертуін елемейді дейді».

Қазақстан наурыз-сәуірде су тасқынымен күрессе, одан кейінгі айларда қуаңшылыққа тап болып жатады.

Басылым агросарапшы Кирилл Павловтың үкімет әлі күнге дейін көктемде таситын суды басқаруды үйрене алмай отыр деген пікірін келтіреді.

«Су тапшылығынан зардап шегетін елдер жаңбырдың әр тамшысын, қарды жинайды. Ал біз суды ағызып жібереміз. Суды бағалауды үйренбедік», дейді Павлов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG