Accessibility links

"Инфрақұрылымға емес, көрме, саммиттерге ақша жұмсау" салдары және Ресейге балама ойыншы


Былтыр жылу электр орталығында апат болып, тұрғындары жылусыз қалған Екібастұзда жұмысшылар құбырларды жөндеп жатыр.
Былтыр жылу электр орталығында апат болып, тұрғындары жылусыз қалған Екібастұзда жұмысшылар құбырларды жөндеп жатыр.

Батыс басылымдары бұл аптада кей өңірлерде қатты аязда тозығы жеткен жылу жүйесі тағы істен шыққанын жазып, бұл мәселе шешіле ме деген сұраққа үңілді. Бұған қоса, ықпалы әлсіреп жатқан Ресейдің аймақтағы үстемдігін Қытай басудан тартынатынын, сол себепті Батыс елдері үшін мүмкіндік туғанын талдады. Бұдан бөлек Ресейді айналып өтетін Транскаспий дәлізінің маңызы арта түскеніне тоқталды.

"БИЛІК АҚШАНЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМҒА САЛУДЫҢ ОРНЫНА ЖЫЛДАР БОЙЫ САММИТ ПЕН КӨРМЕЛЕРГЕ ЖҰМСАП КЕЛДІ"

Eurasianet басылымы қатты аяздың кесірінен газ құбырында апат болып, кемі сегіз қалада жылу жүйесі мен электр станциялары істен шыққанын жазды. Мақала авторы Алмаз Куменов бұл жағдай елдегі коммуналдық инфрақұрылымның тозғанын тағы бір рет көрсетіп берді дейді.

13 желтоқсан күні Жамбыл облысында газ құбырында апат болып, кемі 1200 үй жылусыз қалды. Бұл газ құбыры 1991 жылы пайдалануға берілген, былтыр да құбырдың дәл осы учаскесінде апат болған.

Біраз қалада жылу электр станциялары істен шығып жатты. Бұлардың қатарында Павлодар облысының Екібастұз қаласы да бар, бұл қаланың тұрғындары былтыр минус отыз градуста бір апта жылусыз отырған.

Басылым шенеуніктер бұл проблеманы кішірейтіп көрсетуге тырысқанын келтіреді. Энергетика министрлігінің өкілі Илья Рожков биыл жылу-энергетика нысандарын жөндеуге 146 миллиард теңге бөлінгенін, жылу беру маусымына дайындық жоғары деңгейде болғанын мәлімдеді. Ол жылу жүйесіндегі «техникалық ақауларға» сілтеді, бірақ оны ашып айтпады.

Ал премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр үйде тоңып отырған тұрғындарға кінәні тек жылу электр орталықтарына артпай, радиаторды жуып, терезе мен есіктердегі саңылауды бекітуге кеңес берді.

ВИДЕО: "Тоңдырды мені, тоңдырды сені". Тұрғындар жылу жоқ деп шағымданады (15 желтоқсан 2023 жыл).

"Тоңдырды мені, тоңдырды сені". Тұрғындар жылу жоқ деп шағымданады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:42 0:00

Автор мәжіліс депутаттары бұл мәселе бойынша үкіметтен түсініктеме талап еткенін келтіреді. Кей депутаттар жылу инфрақұрылымының 80 пайызы тозғандықтан, жылу электр орталықтарындағы апат жыл сайын қайталанатынын айтқан. Жылу желісінің 5-7 пайызы ғана жаңартылған, бұл жеткіліксіз.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев өзінің Telegram-арнасында билік жылдар бойы ақшаны инфрақұрылымға салудың орнына саммит, көрмелер ұйымдастырып, тиімсіз жұмсағанын жазды. Ол жылу жүйесіндегі апат шенеуніктерді мәселені тез арада шешуге итермелейді күмән келтіреді. «Ешқандай қорытынды жасалмайды», дейді ол.

РЕСЕЙДІҢ АЙМАҚТАҒЫ ҮСТЕМДІГІН БАСҚА ОЙЫНШЫ БАСА АЛА МА?

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Батыс елдері биыл Орталық Азияға көп көңіл бөлгенін жазды. Батыс елдерінің жетекшілері аймаққа сапарлап келді, Орталық Азия делегациялары Батыс елдеріне барды.

Мақала авторы АҚШ-тағы Atlantic council институты Еуразия орталығының штаттан тыс ғылыми қызметкері Марк Темницки бұл оқиғалар аймақта Ресей әлсіреп, оның үстемдігін басқа ойыншы басуы мүмкін шақта болып жатқанына назар аударады.

Мәскеу Украинаға басып кірген соң, Батыс Ресейге салған санкциялар ол елдің экономикасына үлкен соққы болып тиді. Ресей негізгі нарыққа шыға алмай қалғандықтан, бұл экономикалық дамуға кесірін тигізді. Соғыстағы сәтсіздік Ресейдің «жеңілмейтін алып держава» имиджіне нұқсан келтірді. Нәтижеде Ресей кейбір одақтастарынан көмек сұрағанда, олар қол ұшын созбады. Автордың жазуынша, есесіне бұл елдер Ресейден біртіндеп алшақтап, басқа елдермен серіктестік орнатуға ұмтылды. Басқа ойыншылар аймақтағы бос кеңістікті толтыруға талпынып жатыр.

Қытай бұл ретте – ең негізгі үміткер, себебі Орталық Азияның Пекинмен экономикалық және энергетикалық қарым-қатынасы жолға қойылған. Биыл бірінші жарты жылдықта Қытай мен Орталық Азияның арасындағы сауда өсті. Орталық Азия елдерінің президенттері мамырда Сианьда Қытай басшысы Си Цзиньмен саммитте кездесіп, аймақта Қытай инвестициясын арттыруды талқылады. Қытай Орталық Азиядан құбыр арқылы алатын газдың үштен екісін импорттап отыр.

Дегенмен, автордың ойынша, Қытай Ресейді ығыстырып шығарғысы келмейді. Eurasianet басылымындағы мақалаға қайырылған зерттеуші Ресей ықпалы төмендеп жатқан уақытта «Қытай аймақтағы үстем ойыншыға айналудан тартынып жатыр» деген пікірді келтіреді.

Осы кезеңде Батыс елдері Орталық Азиямен қарым-қатынасты күшейтуге кірісті. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ақпан айында Қазақстан мен Өзбекстанға келіп кетті. Қыркүйек айында Нью-Йоркте БҰҰ бас ассамблеясының отырысы аясында алғаш рет АҚШ – Орталық Азия басшыларының саммиті өтті.

Орталық Азия басшыларымен С5+1 форматындағы кездесуді қыркүйекте Германия канцлері Олаф Шольц та өткізді. Ал қараша айында Франция президенті Эммануэль Макрон экономикалық және саяси қарым-қатынасты талқылау үшін Қазақстан мен Өзбекстанға сапарлап келді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Франция басшысы Эммануель Макрон. Астана, 1 қараша 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Франция басшысы Эммануель Макрон. Астана, 1 қараша 2023 жыл.

Ұлыбритания Орталық Азиямен қарым-қатынасты күшейту бағытындағы стратегияны іске асыра бастады. Жақында Ұлыбритания парламенті төменгі палатасының сыртқы істер жөніндегі комитеті британ үкіметін аймақпен қарым-қатынасты күшейтуге шақыратын баяндаманы жариялады. Онда Орталық Азиямен серіктестікті кеңейту аймақтың тәуелсіздігін Қытай мен Ресей тәрізді көршілерден қорғайтыны айтылған.

Қазан айында Еуроодақтың ресми тұлғалары Орталық Азия өкілдерімен кездесіп, екі тарап энергетика, экономика және сауда саласындағы қарым-қатынасты қалай күшейте алатынын талқылады.

Автордың пайымдауынша, Орталық Азияда Ресейдің ықпалы әлсіреді, ал Қытай бос кеңістікті толтыруға талпынып жатқан жоқ. Бұл Батыс елдеріне аймақпен қарым-қатынасты күшейту мүмкіндігіне жол ашты. Екі тарап та бұған мүдделі болғанымен, бұл диалогың қалай іске асатынын уақыт көрсетеді.

"ОРТА ДӘЛІЗДІ ЖАҚТЫРМАЙТЫН" МӘСКЕУ, "КАСПИЙ ТЕҢІЗІНДЕ ЫҚПАЛЫ АРТҚАН" АНКАРА

«Америка дауысы» радиосы Қытай мен Еуропаны Орталық Азия, Каспий теңізі мен Кавказ арқылы жалғайтын, Ресейді айналып өтетін Орта дәлізге қызығушылық артқанын жазды.

Қытай – Орталық Азия – Батыс Азия деп аталатын Транскаспий дәлізі соңғы 30 жылдан бері өз алдына тауар тасымалдайтын бағыт болғанымен, Ресей Украинаға басып кірген соң, бұл дәліздің маңызы мен жүк тасымалының көлемі арта түсті.

«Транскаспий халықаралық көлік дәлізі» қауымдастығының жетекшісі Гайдар Әбдікерімов ұйымға 25 көлік-логистикалық компания кіретінін жеткізді, олардың арасында теміржол, порттар мен терминалдар бар. Сонымен қатар қауымдастыққа Әзербайжан, Қазақстан, Түркия, Украина, Польша, Румыния, Болгария, Литва, Қытай мен Сингапур кіреді.

Қытай мен Еуропаны Орталық Азия, Каспий теңізі мен Кавказ арқылы жалғайтын, Ресейді айналып өтетін Орта дәліз. "Америка дауысы" сайтынан алынған скриншот.
Қытай мен Еуропаны Орталық Азия, Каспий теңізі мен Кавказ арқылы жалғайтын, Ресейді айналып өтетін Орта дәліз. "Америка дауысы" сайтынан алынған скриншот.

Вашингтонда Орталық Азия және Кавказ институты өткізген форумда сөйлеген Әбдікерімов соңғы он айда дәліз арқылы 2,256 миллион тонна жүк тасымалданғанын айтты.

Дүниежүзілік банктің қараша айындағы есебінде Орта дәліз Қазақстан, Әзербайжан мен Грузияға оң әсер ететінін жазды. Дүниежүзілік банктің көлік жөніндегі жетекші маманы Чарльз Кунака Ресей Украинаға басып кірген соң Қытай мен Еуропа арасындағы сауданың көп бөлігі осы дәліз арқылы жүре бастағанын жеткізді.

Монтерейдегі әскери-теңіз флоты жоғары мектебінің оқытушысы Бренда Шаффер мүдделі тараптардың Орта дәлізге қызығушылығы арта түсті деп есептейді. Оның ойынша, Түркия, Әзербайжан, Қазақстан мен Өзбекстан арасында одақ қалыптасып келеді, ал Анкара Каспий теңізіндегі ықпалын арттырып жатыр. Таулы Қарабақ қақтығысында Әзербайжанды қолдаған Анкара қауіпсіздік саласында Түркиямен ынтымақтастық жемісін беретінін көрсетті.

Каспий теңізі жағалауы. Бакудан шамамен жүз шақырым жердегі мұнай инфрақұрылымдары.
Каспий теңізі жағалауы. Бакудан шамамен жүз шақырым жердегі мұнай инфрақұрылымдары.

Орталық Азия және Кавказ институтының ғылыми қызметкері Мамука Церетелидің айтуынша, АҚШ пен Еуроодақ Орта дәлізді дамытуға көмектесе алады. Ресей ресурстары мен Ресейдің инфрақұрылымына тәуелді болған Орталық Еуропа мен Шығыс Еуропа үшін Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ балама бола алар еді.

Әбдікерімов Ресей Орта дәлізді жақтырмайтынын қадап айтты. Ол Транскаспий көлік дәлізі әр уақытта Түркия, Солтүстік Африка мен Оңтүстік Еуропаға бағыттарына басымдық бергенін жеткізді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG