Мәскеудегі терактіден кейін Орталық Азиядан келген мигранттар ксенофобия нысанына айналды. Ресейде тұратын 30 миллионға жуық аз ұлттар қоғамдық жеккөрініш құрбанына айналудан қорқады.
– Қалмақ досым бар, дәрігер болып істейді. Кеше "Мәскеудегі немеремді көшеде әскерилер тоқтатыпты" деді. Олар қалмақ, өзбек, татар, тәжік деп ажырата алмайды ғой. Орыстарға бәріміз бірдейміз. Осыдан басқа ұлт өкілдеріне қарсы қысым болуы мүмкін, – дейді Қалмақ Республикасының астанасы Элистада тұратын кісі.
Ресейдегі аз ұлттар 22 наурызда Мәскеудің іргесіндегі концерт залында болған, 140 адам қаза тапқан терактіден кейін өз қауіпсіздігі үшін алаңдай бастады.
Күш құрылымдары терактіге қатысы бар деген 11 адамды ұстады. Олардың бәрі – Орталық Азиядан шыққан азаматтар. Төрт күдікті тәжік азаматы Мәскеу сотына жеткізілгенде, олардың азапталғаны көрінді. Интернетте тараған видеода қауіпсіздік қызметкерлері күдіктілерді электрошокермен қинап, бір кісінің құлағын кесіп алғаны байқалады.
Көп ұзамай Ресейдің әртүрлі өңірінде ұлтына болар зорлық көру фактілері тіркеле бастады. Мемлекеттік ақпарат құралдарында сөйлеушілер күдіктілерге қатысты қорлайтын сөздер қолданды.
Ресейде аз ұлттардың үлесі 30 миллион адамға таяп қалады. Көбі ислам дінін ұстанады. Терактіден кейін полиция аз өкілдерін жосықсыз тексеріп, интернетте оларға қарсы буллинг науқаны басталды. Тіпті Калмақ Республикасы сияқты аз ұлттар тұратын автономияларды мемлекеттік мәртебесінен айыру туралы ұсыныстар айтыла бастады.
– Орташа статистикалық ксенофоб сізді қорламас бұрын туу туралы куәлігіңіз бен төлқұжатыңызды тексеріп жатпайды. Ресейде "Крокус Сити Холдағы" терактіге дейін де ксенофобия қалыпты құбылыс болатын, – дейді Астрахань облысының оңтүстігінде тұратын ұлты қазақ ресейлік. Азаттық қауіпсіздік мақсатында мақала кейіпкерлерінің аты-жөнін көрсетпейді.
"ҰЛТШЫЛДАРДЫҢ ҮНІ ҚАТТЫРАҚ ШЫҒА БАСТАДЫ"
Этникалық республикалардың көбі Волга мен Солтүстік Кавказда орналасқан. Бұл өңірлерде Ресейдегі аз ұлттар халықтың басым бөлігін құрайды.
Башқұртстан Республикасының астанасы Уфада тұратын башқұрт әйелі де ксенофобияның күшеюінен қауіптенеді.
– Бұл Ресейдегі орыстан басқа ұлттарға әсер етуі мүмкін. Татарларға менсінбей қарау, башқұрттардың үстінен күлу, якуттарды қорлау бұрыннан бар. Бәрін көріп жүрміз, жақсы білеміз, – дейді ол.
26 наурызда қуғындағы "Постресейлік форумның еркін ұлттары" оппозициялық тобы әлеуметтік желіге "Кремльдің жеккөрініш пен ксенофобияны өршітуі орыстардың санасын улап, басқа ұлттардың басын қатерге тігіп отыр" деп жазды. Жазбаның астына Мәскеу метросында орыс жігіттердің жас якут қызын қорлап, "Ресей орыстарға" сияқты расистік ұрандар айтып жатқан видеосы салынған. Видеода метродағы адамдар бұл ұранға назар аудармайды.
Уфада тұратын татар терактіден кейін ресейлік расистер басқа ұлттардың ар-намысына тиетін ұрандарын қаттырақ айта бастады дейді.
Удмурт Республикасының астанасы Ижевск тұрғыны, этникалық татар қалада Орталық Азия азаматтарына қарсы ксенофобия фактілері жиі тіркелетінін айтады.
Темекі сататын дүңгіршегі бар кісі клиенттерінен "полиция бізден пара алу үшін қорқытып-үркітіп жатыр" деген шағым естіген.
– Бұл толқын бізге – Ресей азаматтарына да жетті. Әзірге жеңіл формада. Әріптестерім "террорист шошқалар" туралы әзілдей бастады, – дейді ол.
Астраханьда тұратын ноғай азаматы мигранттар мен басқа ұлт өкілдерін жақтырмау өзара байланысты екенін, шығыс ұлттарына ұқсайтын адамдарды көшеде тоқтатып, құжаттарын тексеріп жатыр деп естігенін айтады.
– Олар нені меңзеп отыр? Шығыс ұлттарына ұқсайтын шығармын, бірақ Ресейдегі байырғы халық өкілімін. Осында тудым. Ресей азаматымын. Орыс тілінде еркін сөйлеймін. Бірақ бұдан не өзгереді? Метродағы қорлайтын тексерістерден құтылып кетемін бе? Үй иелері дөрекі түрде пәтерін беруден бас тартпай ма? Адамдар "Өз еліңе қайт!" деп айқайламай ма? Өз тілім не дінім туралы қорлық сөз естімеймін бе? Әрине, олай емес, – дейді ол ксенофобиядан зардап шеккен Орталық Азия азаматтарын жақсы түсінетінін айтып.
– Өзімді бұл адамдардан бөлек көрмеймін. Менде таңдау да жоқ. Отандастарым бәрімізді бірдей деп ойлайды, – дейді ол.
Президент Владимир Путин мен өкілетті тұлғалар "Ресей – көпұлтты, көпконфессиялы федерация" деп жиі мақтанады. Бірақ аз ұлттардан шыққан белсенділер Путин елдегі федерализмнің түбіне жетті, Татарстан мен Башқұрстан сияқты этникалық республикалардың мәртебесін төмендетті деп сынайды.
Қуғындағы татар белсендісі Руслан Айсин «Идель.Реалии» басылымына жазған материалында Мәскеу бұрын осындай дағдарыстарды пайдаланып, Ресейдегі билікті орталықтандыруға тырысты дейді. 2004 жылы Бесланда болған терактіден кейін Путин өңірлерде губернаторларды тікелей сайлауды алып тастады.
– Ресейдегі терроризмге қарсы күрес саяси оппозиция, сөз бостандығы, демократиялық процестер мен этникалық қауымдастық құқықтарына қарсы күреспен біте қайнасып жатыр, – дейді Айсин.
"Терактіден кейін этникалық республикаларды жою туралы мәселе көтерілуі мүмкін. Оларға бүкіл мәселенің себебі – осы деп көрсететін жаңа ішкі жау керек. Билік либералды оппозицияның көзін жойып, тәуелсіз басылымдарды жауып, зиялылардың үнін өшіріп, жастарды қорқытып тастады. Енді не қалды? Әрине, этникалық қауымдастықтар" деп жазады Айсин.
15-17 наурызда өткен сайлаудан кейін қуғындағы башқұрт белсендісі Руслан Габбасов биыл Кремль аз ұлттар тұратын республикалардың түбіне жетеді деп болжаған.
– Путин режимі эволюциясының логикасына сәйкес, осылай болуы керек, – дейді Кремльдің ішкі және сыртқы саясатын "империалистік және колониалды" деп сипаттайтын Габбасов.
Қазан татары орыс болмағаны үшін өзін үнемі шетел азаматы сияқты сезінетінін айтады.
– Адамдарға көпұлтты мемлекет екенімізді, бір-бірімізді құрметтеу керегін еске салу қажет. Терактіден кейін сонша ашу-ыза қайдан туғанын түсінемін. Бірақ мемлекет мигранттарды қорлауды қолдамауы керек, – дейді ол.
ПІКІРЛЕР