2010 жылы Париж маңында Мұстафаның мүсіні ашылып, атына саябақ берілгенде Мұстафа мұраларын зерттеуші Әбдіуақап Қара қайраткер тұлғасы туралы айтады.
Арада 33 жыл өткенде, бүгінде 77 жастағы Серікбай Шермаханға да хабарластық.
"ҚОСАҒЫН КҮТУМЕН ӘЖЕМІЗДІҢ ӨМІРІ ҰЗАРДЫ..."
Совет режиміне қарсы, Түркістан бірлігі жолында күрескен қайраткер Мұстафа Шоқайдың Азаттық радиосында сақталған осы даусы туралы 2023 жылғы 10 маусымдағы эпизодта кеңірек айтқанбыз. Сол дауыс 1991 жылы Қазақ радиосының "Ұшқын" жастар бағдарламасынан берілгеннен кейін Азаттық тілшісі Қиял Сабдалин Мұстафа Шоқайдың туған інісі Нұртазаның жиені Серікбай Шермаханнан сұхбат алған.
Бұл сұхбат 1991 жылы қазан айының 20-21 күні эфирден берілген. Яғни, әлі Совет одағының бар кезі. Серікбай Шермахан сонда нағашы атасы Нұртаза ұсталып кеткен кездегі ахуалды сипаттайды.
"Қуғын басталғанда, әкесін алып кеткенде шешем 10 жаста ғана екен. Інісі Мадияр екеуі мектепке келсе, алдымен директорына кіреді екен. Сол кезде басшылық олардың дәптерлерін ақтарып, Мұстафа Шоқайдан келген хат бар ма деп тінтіп шығады екен. Күнделікті линейкада балалардың көзінше бұлар осындай деп ["халық жауының" туысы деген мағынада – Азаттық] бетіне басады екен. Сол кезде намыстанып Мадияр жылайды екен. Шешем қайсарлау адам еді, үлкендігін білдіріп ұрсып, тоқтатып отырған. Ол кісілер сондай жағдаймен өмір сүрген. Кейін 1947 жылы қайтадан қуғыншылық басталады. Сонда есейіп, студент болып қалған Мадиярды институттан шығарып жіберген", – дейді ол.
Бұл жерде Серікбай Шермаханның айтып отырғаны – Мұстафаның інісі Нұртазаның ұлы Мадияр. Совет режимі немере ағасы үшін оны көп қысымға алған. Нұртаза Мұстафа эмиграцияға кеткен соң Қоқан жақта тұрады. Кейін сол кездегі қайраткерлердің бірі Сұлтанбек Қожановтың себеп болуымен 1937 жылы туған жері Қызылордаға оралады. Алайда арада аз өткенде ол да ұсталып кетеді. Соңынан соғыс басталып, соғыстан кейін Мұстафаның туыстары тағы да қуғындалады.
"Ауылдан жұмыс табылмады. Содан Мадияр болар-болмас жұмыста әртүрлі қызмет жасады. Ол кезде жаза білетін адам аз. Ол кісі қанша дегенмен институттың үшінші курсына барып қалған кісі еді. Сөйтіп реті келмеген соң қара жұмыспен жүреді. Ал әкем Шермахан Мырзашөл деген жерден Киров каналы ашылып, сол жерде Мақтаарал, Киров, Жетісай деген аудандар ашылып, жаңадан совхоздар игеріліп жатқан жаққа жалғыз өзі отбасымен кетеді. Әуелде кепеде тұрады. Кейін елуінші жылдарда үй салып алады. Сондағысы "бізді білмейтін жерге барайық, жаңа жерде кім-кімді танып жатыр, өзіміз көрмегенді көрейік" дейді. Сөйтіп сол кезде Жетісай ауданына [ол кезде Шымкент облысы – Азаттық] қарасты "Прогресс" деп аталатын совхозға келдік. Сол жерде Мадияр мектепке қызметке тұрды, әкем қара жұмысшы болды. Сонда жүріп олардың ұрпағы өніп өсті", – дейді Серікбай Шермахан.
1991 жылғы осы сұхбатынан кейін 33 жыл өткенде Мұстафа Шоқайдың туысы Серікбай Шермаханға мен де хабарластым. Сонда ол нағашы атасы, яғни, Мұстафаның інісі Нұртазаның қалай ұсталып кеткенін де еске алды. Сол кеткеннен Нұртазадан хабар болмаған. 1937 жылы Қоқаннан Қызылордаға көшіп келген Нұртаза Шоқайдың тағдыры арада бір жыл өтер-өтпесте белгісіз күйге ұшырайды.
– Нұртаза атам сонда көшіп келгеніне бір жылға жетер-жетпесте Совет үкіметінің бірінші жауының туысы ретінде ұсталып кетеді. Сонда әжем айтатын, үйге екі адам келіп, Нұртазаға "сіздің үстіңізден арыз бар, бізбен жүресіз" дейді. Бұл жақсылық емес шығар деп әжем құрт, ірімшік, жент сияқты бұзылмайтын тағамдарын салып бермек болады. Сонда атамыз "Зүлфия, менің қазақ пен өзбекке жасаған еш жаманшылығым жоқ. Қазақ пен өзбектің арасынан ажыратып, мені қайда апарар дейсің. Бала-шағаның аузынан жырып бермей-ақ қой" деп ештеңе алмайды. Сол кеткеннен жоқ қой... Әжеміз 98 жасқа келіп қайтыс болды. Ол көзі жұмылғанша құдай қосқан қосағы келеді деп ойлады. Қанша қуғын-сүргінде жүрсе де соны күтуменен өмірі ұзарды-ау деп ойлаймын, – дейді Серікбай Шермахан Азаттыққа.
МҰСТАФАНЫҢ ТАШКЕНТКЕ "ІЗДЕП КЕЛГЕН ЕКІ ҚЫЗЫ" КІМ?
Мұстафаның жиені Серікбай 1991 жылы Азаттық радиосына берген сұхбатында мына бір жайды еске алған.
"1953 жылы мен бірінші сыныптамын. Бабамыз Мұстафа Шоқайдың екі қызы бар дегенді талай естідік. Ташкентке іздеп келіпті деп нағашым Мадиярды райкомға шақырады. Бұл кезде ол мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып істейтін. Өзінің осы уақытта бірнеше баласы бар, өзі кішкентайынан көп қуғын көргендіктен "Мұстафа Шоқайдың екі қызынан" ат-тонын ала қашқан. "Ешкімім жоқ. Мұстафа Шоқайдың екі қызы туралы мен білмеймін. Ешкіммен хат жазысқан жоқпын" деп айтады. Өйткені сол кезде қазіргі қызметінен де айырылып қаламын ба деп уайымдаса керек. Орыс-қазақ тіліне бірдей жетік адам еді", – дейді ол.
Серікбай ақсақал бүгінде соның бәрі жалған, КГБ-ның құйтырқы әрекеті екеніне сенімді. Адамның үмітін ойыншық қылған режимнің сипаты осындай екенін айтады.
– Сол шақырған советтік үш әріп, КГБ-ның [Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті – Азаттық] адамдары ғой. Сол кезде бірінші рет көрдім сондай үлкен кісінің жылап-еңіреп келуін. Сонда "Мен Шоқай емеспін, Нұртазаевпын ғой" деп Мадияр жылап келді. "Мұстафаның екі қызы іздеп келді" дегеннің барлығы КГБ-ның өтірігі ғой, – деді Серікбай Шермахан Азаттыққа.
Ол 1991 жылы Азаттыққа берген сұхбатында Мұстафа Шоқай әлі күнге тірі сияқты әсерде жүргенін айтып еді. Сондайда Серікбай Мұстафаның ұрпақтары болса, хабарласуын өтінеді. Бұл сталиндік репрессия құрбандары ақталып, ақталмағандары жайында да айтыла бастаған кез еді.
"Бәрінің арманы сол. Данышпан бабамыздың көзі әлі де тірідей көрінеді. Бір жерде қалған тұяғы бар ма екен деген хабар жетсе көкірегіміз қас жарылып, атамыз тірілгендей болып қуанып қалар едік. Қазір ауылда жетпіске келіп қалған шешем қалды. Төрінен көрі жақын шығар. Бірақ арман алға жетелейді ғой, Мұстафа атамыз туралы айтыла бастағаннан кейін кім хабар берер екен деген арман ұзақ өмір сүруіне де себепкер болар мүмкін", – деген Мұстафаның туысы Серікбай эфирден өзінің адресі мен телефонын да хабарлайды.
ЕЛЕУСІЗ ҚАЛҒАН ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ, ӘКЕЛІНБЕГЕН СҮЙЕК
Мұстафа Шоқайдың туысы Серікбай Шермахан сол сұхбатында 1990 жылы қайраткердің туғанына 100 жыл толғанын еске алып, оның атап өтілмегеніне өкініш білдіреді.
"Өздеріңізге белгілі, құрметті халайық, менің данышпан бабам өткен жылы жүзге толды. Бірақ уақыттың қиындығы болса керек, әрекет жасалмады дей алмаймын, әрекет жасағандар болуы керек. Дегенмен де сол жүзжылдықты атап өте алмадық. Бұл да қабырғамызды расында да қайыстырады. Қолымыздан келер басқа не бар? Бірақ бір көңіл тоқтатарлық жағдай: Азаттық радиосы мен Қазақ радиосының ұлттық программасының жігіттерінің ерліктерінің арқасында мен де қазір радиоға жетіп сөйлеуге мүмкіншілігім болып жатыр. Сол кісілерге үлкен рахмет айтқым келеді. Халықты қалай біріктірем деп кең байтақ қазақ даласынан бір уыс топырақ жетпей, атамыз Мұстафа Шоқай Берлинде қалды. Бізден немістер озғандай болып, сол кісіге ескерткіш қойған деп естиміз. Бәрі бірден бола қоймайды. Шама келмеген болу керек енді", – дейді.
1991 жылы қазан айында Азаттық эфирінен берілген осы сұхбатында Серікбай Шермахан тілші Қиял Сабдалиннің сауалына орай, Мұстафа Шоқайдың сүйегін туған еліне әкеліп жерлеу жайында да пікір білдірген.
"Құдайға тәубе дер едім. Бұл – көкейіміздің түбінде жатқан үлкен арман. Өзінің үлкен азаматтарын аялай алмаған халық алысқа бара қоймайтын шығар. Халыққа оның зияны тимейді-ау деп ойлаймын. Бүкіл халық болып үкімет алдында осындай ниет қойсақ, аралассақ бір үлкен парыздан құтылар едік", – дейді Серікбай Шермахан.
ФРАНЦИЯДАҒЫ КҮРЕС, ПАРИЖДЕГІ ЕСКЕРТКІШ
Бүгінде Қазақстанда, ел астанасында және Түркістан облысында Мұстафа Шоқай атында мектептер бар. Ал Серікбай Шермахан қайраткердің туған өлкесі Қызылорда облысында бірнеше ескерткіш тұрғызылғанын айтады. Мұстафаға қойылған ескерткіштің әзірге соңғысы – туған жері Наршоқыға қойылған белгі – тақта.
– Тасбөгетте, Шиеліде ескерткіштері бар. Сұлутөбе ауылында мәдениет үйі ашылғанда соның алдына мүсіні қойылды. Жетісайда зиялы қауымның қолдауымен бір кезде Ленин атындағы мектептің атын Мұстафа Шоқайдың атына ауыстырдық. Сол жерге де ескерткіші қойдық, – дейді Серікбай Шермахан бүгінде Азаттыққа.
Ескерткіш дегеннен шығады, Мұстафа Шоқай эмиграция кезеңінде мекен еткен Париж түбіндегі Ножан қалашығында 2010 жылы қайраткердің мүсіні қойылып, оның атында саябақ ашылды. Азаттық сол жылы 27 желтоқсанда, Мұстафа Шоқайдың қайтыс болған күні берілген хабарында Мұстафа мұраларын зерттеуші ғалым Әбдіуақап Қарадан сұхбат алған. Онда зерттеуші мынандай басты мәселеге тоқталған.
"Бұл бір айтулы оқиға болды. Өйткені Мұстафа Шоқай 1921-1941 жылдар аралығындағы 20 жыл ғұмырын Парижде өткізген еді. Біздің өткізген тұсаукесер шарамызда, яғни Мұстафа Шоқай өмір сүрген Ножан қалашығында Мұстафа Шоқай атындағы парктің ашылуы және оған қойылған арнайы мүсіннің ашылуында Қазақстан мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед сөйлеген сөзінде "әділет орнын тапты" деді. Бұл – расында дұрыс айтылған сөз. Өйткені бәрімізге белгілі, Мұстафа Шоқай өз елінің тәуелсіздігін аңсап, Түркістан тұтастығын аңсап, сол Еуропада, Францияда күрес жүргізген еді. Бірақ Совет уақытында оны ұлт-азаттық күрестің қаһарманы ретінде емес, керісінше, Мұстафа Шоқайды "халық жауы" ретінде көрсетіп, атын атауға тыйым салған еді. Сол Мұстафа Шоқай әділеттік тауып, Францияда өз орнын алып отыр. Оның советтер айтқандай "халық жауы" болғаны жоққа шықты. Бүгінгі таңда деректер Кеңес одағы алға тартқандай оның ешқашан фашистермен, нацисттермен бірге істесті дегенді жоққа шығарады. Бұл қазақ халқы үшін де ерекше оқиға. Себебі Франция сияқты Еуропаның дамыған өркениетті елінде қазақтың бір тұлғасына орын берілуі бекерден емес. Мұнда әр адамға ескерткіш қойып, парк аша бермейді", – дейді Әбдіуақап Қара.
"АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ ЖАЙЫНДА ТҮСІНІГІМІЗ БАСҚАША БОЛЫП КЕЛДІ"
1991 жылы, Совет одағы тәлтіректеген тұста Мұстафа Шоқайдың даусы Қазақ радиосы эфирінен, "Ұшқын" жастар редакциясынан беріледі. Бұл сол кездегі советтік ресми БАҚ үшін ерекше қадам еді. Азаттық радиосының Қазақстандағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалин сонда осы редакцияны басқарған Иманбай Жұбайдан сұхбат алады. Әуелі Қиял Сабдалин мынандай тілек білдіреді:
"Бұның алдында радио тыңдаушылар қазақ халқының данышпан перзенттері Міржақып Дулатовтың ұл-қыздарымен, Ахмет Байтұрсыновтың балаларымен қауышып, дидарласып жатты. Ендігі кезекте осы бағдарламамыз арқылы екі рет хабар тарағаннан кейін ұлы бабамыз Мұстафа Шоқайдың жиені Серікпен қауышып отырмыз. Алдағы уақытта Әлихан Бөкейхановтың ұрпақтарымен қауышсақ. Бұны мен радио тыңдаушылардың құлағы түрік жүрсін деп айтып отырмын. Сосын даңқты Кенесары батырдың ұрпақтары бар ма екен? Бұйырса, бұндай әңгімелер болып жатса, "Ұшқын" программасына болмаса Алматыдағы Азаттық радиосының 39-61-89 телефонына хабарласуын өтінеміз. Енді осы дидарласуымызды қорытындылайық. Иманбай, сөз кезегі өзіңде", – дейді.
"Бұған дейін Азаттық радиосы жайында уақыттың себебі болар, түсінігіміз басқаша болып келді. Енді өздеріңіз айтқандай, Азаттық радиосы мен Қазақ радиосының арасында алтын көпірдің басталғанына қуанамын. Менің кішкентай ғана өтініш, тілегім бар. Мұстафа Шоқайдың сөзін жеткізген Азаттық радиосының қорында, архивінде қаншама мұралар жатыр?! Редакция басшылары егер мүмкін болса, осы мәселелерді біздің радио арқылы жеткізуге көмектессе дер едім. Мен де өзімнің кішкентай септігімді тигізер едім деп кішкентай ғана құлаққағыс жасағым келеді", – дейді сол кездегі Қазақ радиосының қызметкері Иманбай Жұбай.
"Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі 64-эпизодында Мұстафа Шоқайдың жиені Серікбай Шермаханның 1991 жылы және содан кейін 33 жыл өткенде Азаттыққа берген сұхбатынан хабардар болдық. Мұстафаның даусын Қазақ радиосынан таратқан Иманбай Жұбайдың және Мұстафа мұраларын зерттеуші Әбдіуақап Қараның Азаттықпен бөліскен лебізін білдік. Түркістан бірлігін аңсаған, сол жолда күрес үлгісін көрсеткен, Орталық Азияның ортақ ұланы, қайраткер Мұстафа Шоқай жайлы сөздің үлкені әлі де алда сияқты.
Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдай аласыздар.
ПІКІРЛЕР