Accessibility links

Фаворит Англия "қиын матчта" Сербиядан басым түсті


Англия ойыншысы Джуд Беллингем (10) Сербия қақпасына гол салған сәт. Гельзенкирхен. 16 маусым 2024 жыл.
Англия ойыншысы Джуд Беллингем (10) Сербия қақпасына гол салған сәт. Гельзенкирхен. 16 маусым 2024 жыл.

Еуро-2024 додасының С тобында Англия Сербия құрамасынан минималды есеппен басым түсті. Англия ойыншысы Гехи бұл матчтың құрамаға "сабақ болғанын" айтады. Ал Сербия бапкері "жеңіліске лайық болмадық" деді. Азаттық тілшісі Руслан Меделбектің матч өткен Гельзенкирхеннен репортажы.

АНГЛИЯ "САБАҚ АЛҒАН ОЙЫН"

Бірінші тайм толығымен Англияның басымдылығымен өтті. Матчтың 13-минутында 20 жастағы Джуд Беллингем Сербия қақпасынан саңылау тауып, есеп ашқан. Бұл есеп ойын соңына дейін өзгерген жоқ.

Бірақ 76-минутта Англия ойыншысы Гарри Кейннің есепті еселеуге мүмкіндігі болды. Ол тепкен доп серб қақпашысы Предраг Райковичтің қолынан бағанаға тиді. Ал 81-минутта серб Дусан Влахович есепті теңестіруге мүмкіндік алған еді. Бірақ ағылшын қақпашысы Джордан Пикфорд өзіне ұшқан топты қақпадан асырып жіберді.

Биллингемнің (ақ формада) Сербия қақпасына гол салған сәті. Гельзенкирхен. 16 маусым 2024 жыл.
Биллингемнің (ақ формада) Сербия қақпасына гол салған сәті. Гельзенкирхен. 16 маусым 2024 жыл.

Ойыннан кейін Англия құрамасының бас бапкері Гарет Саутгейт Сербияны "қиын қарсылас болды" деді.

"Біраз қиналуға тура келді. Меніңше, бұл ойын бізге пайдасы болады. Біз өз айып алаңымызда жақсы қорғандық деп ойлаймын. Екінші таймда мен күткендей жақсы ойнай алмадық. Бірақ маңызды жеңіске қол жеткіздік" деп қорытындылады Саутгейт.

Ал Англия құрамасының қорғаушысы Марк Гехи ВВС сайтына берген сұхбатында "Ойынымызға көңілім толады. Ірі турнирді бастау қиын. Сондықтан бастысы жеңіске жету болды және сол мақсатқа жеттік. Егер Еурода алысқа барамыз десек, бізге көп тер төгуге тура келеді. Сербия біз үшін нағыз тексеріс болды. Бұл ойыннан сабақ алдық деп ойлаймын және сол сабақты алдағы ойындарда қолданамыз деп үміттенемін" деді.

Англия бапкері Гарет Саутгейт стадиондағы фанаттарға алғыс айтып жатыр. Гельзенкирхен. 16 маусым 2024 жыл.
Англия бапкері Гарет Саутгейт стадиондағы фанаттарға алғыс айтып жатыр. Гельзенкирхен. 16 маусым 2024 жыл.

Сербия құрамасының бас бапкері Драган Стойкович екінші таймнан ортасында "ойыншылары жақсы ойнап, Англияны қорғануға мәжбүрлегенін" атап өтті.

"Ойыншыларымызбен мақтанамын. Біз бүгін жеңіліске лайық болмадық, бірақ алға жылжу керек. Словениямен ойында жеңіске жету үшін барымызды саламыз" деді.

БЕЛЛИНГЕМНІҢ ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТІ

Ал матчтағы жалғыз голдың авторы 20 жастағы Беллингем биыл Испанияның "Реал Мадрид" клубымен бірге Испания чемпионаты мен Чемпиондар лигасында жеңіске жетті.

Сарапшылар жас футболшыны биылғы "Алтын допқа" (әлемнің үздік футболшысына берілетін марапат) үміткерлердің бірі санайды.

Сербия мен Англия енді топтағы қарсыластары Дания және Словениямен ойнайды. Плей-офф кезеңіне сенімді шығу үшін топтан бірінші-екінші орын алу керек.

Британиялық спорт додаларына болжам жасайтын Opta Analytics компаниясы Англия құрамасын (19,9%) Еуроның фавориті санайды.

Англия құрамасының ойыншылары Сербиямен ойында. Гельзенкирхен. 16 маусым 2024 жыл.
Англия құрамасының ойыншылары Сербиямен ойында. Гельзенкирхен. 16 маусым 2024 жыл.

Англия футболы әлемге танымал болғанымен ешқашан Еуропа чемпионы атанбаған. 1966 жылдан бері әлем чемпионатын жеңе алмай келеді. Англия кейінгі жарыстарда да жеңіске жақын қалып, жеңіліп қалып жүр. Еуро-2020 додасының финалында Италиядан пенальтиден жеңілді. Ал 2018 жылғы әлем чемпионатында жартылай финалда Хорватияға есе жіберген еді.

Ағылшын бас бапкері Гарет Саутгейт биылғы Еуроға әлемдің белді клубтарында ойнайтын Харри Кейн, Букайо Сака, Джуд Беллингем, Фил Фоден, Коул Палмер, Энтони Гордон сынды жұлдыз футболшыларды алып келді. Сондықтан әлемге танымал мықты ойыншылармен келген Англия биылғы Еуропа чемпионы атана алмаса үлкен сәтсіздік болмақ.

Ал Сербия құрамасы соңғы рет Еуропа чемпионаты 2000 жылы қатысқан (Ол кезде – Югославия). Араға 24 жыл салып, бұл елдің құрамасы Еурододаға қайта келді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG