18 маусымда Киевте тұратын қазақстандық белсенді, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты белгісіз біреу атып кеткен. Украина бас прокуратурасы ауруханада жатқан белсендінің жағдайы ауыр деп мәлімдеді.
Айдос Садықовқа қастандық жасалғанын алдымен оның әйелі, журналист Наталья Садықова Facebook-тегі парақшасында жазды. Артынша "РБК—Украина" сайты елдің ұлттық полициясына сүйеніп, бұл қастандық жайлы ақпарат таратты. Кейін ақпаратты Украинаның бас прокуратурасы растады.
Бас прокуратура Садықовтың "ауруханада жатқанын, жағдайы ауыр екенін" хабарлады.
Ведомство ресми сайтында Киев қаласының прокурорлары Қазақстан азаматына "қасақана өлтіру үшін қастандық жасау" фактісі бойынша сотқа дейін тергеу басталғанын мәлімдеді. Сотқа дейінгі тергеуді Киев полициясының тергеу басқармасы жүргізіп жатыр.
Бас прокуратураның алдын ала ақпараты бойынша, белгісіз адам тапаншамен Айдос Садықов пен Наталья Садықова отырған көлікке жүгіріп келіп, Садықовты атып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жағдай Киев қаласы Шевченко ауданында Садықовтар тұрған үйдің маңында болған.
Орган өкілдері қазір қастандық жасаған адамды іздестіріп жатыр.
Ал "РБК-Украина" сайты оқиға орнында барлық қызмет жұмыс істеп жатқанын жазды.
Қазақстандық құқық қорғаушы Инга Иманбай Facebook желісінде Наталья Садықовамен сөйлескенін, Айдос Садықовқа ота жасалғанын, ол аурухананың жансақтау бөлімінде жатқанын жазды. "Наталья [Садықова] полиция учаскесінде" дейді Инга Иманбай.
Кейін украиналық "Политика страны" телеграм-арнасы Наталья Сыдықованың оқиғадан кейінгі пікірін жариялады. Онда Сыдықова бұл оқиғаны Айдос Сыдықовтың "кәсіби жұмысымен байланыстырады".
Айдос Садықов 2010 жылға дейін сол кездегі "Азат" жалпы-ұлттық социал демократиялық партиясының Ақтөбе филиалының жетекшісі болды. Сол жылы ол бұл партиядан кетіп, "Гастат" аталатын қоғамдық қозғалыс құрды. Ол қозғалыс қытайлық "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясында тәуелсіз кәсіподақтардың құрылуына мұрындық болды. Садықов мұнайшылар құқығының бұзылмауын талап еткен акциялар өткізіп көзге түскен.
Кейін Садықов та елден кетіп, әйелі Наталья Садықова екеуі Киевте тұрған. Олар 2014 жылы "Бәсе" деп аталатын YouТube-арна ашып, билікті, ондағы жемқорлықты сынайтын видеолар жариялай бастаған.
Қазақстан ерлі-зайыпты Наталья және Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған.
ПІКІРЛЕР