Accessibility links

Жыланбаев түрмедегі қысымды айтып, омбудсменге қайырылды


Белсенді, марафоншы Марат Жыланбаев сотта тұр. Астана. 2023 жыл.
Белсенді, марафоншы Марат Жыланбаев сотта тұр. Астана. 2023 жыл.

Желіде түрмеде отырған белсенді әрі марафоншы Марат Жыланбаевтың елдің адам құқығы жөніндегі уәкілі Артур Ластаевқа жазған мәлімдемесі тарады.

"Басыма №4 мекеменің қызметкерлерінен қауіп төніп тұр. Маған жедел түрде келуіңізді өтінемін. Бұған дейін қысыммен маған құқық қорғаушылардан көмек керек емес деп жазған едім" дейді Жыланбаев 17 маусымдағы мәлімдемесінде.

17 маусымда Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев белсендімен Степногорстегі колонияда (№4 мекеме) кездескенін хабарлады.

"Ол маған мекеме басшылығы мен әкімшілігі үш сотталушыны өзіне қарсы қойғанын айтты" деді адвокат TikTok парақшасында.

Адвокат "өткен аптада мекеме басшысы пара алып жатқан жерінде ұсталса да", Жыланбаевқа қысым жалғасып жатқанын да айтты.

"Қазір мекемеге Атбасар қаласындағы №1 мекеменің бұрынғы басшысы болған сіздерге аты жақсы таныс Қазбек Байкадамов жетекші" дейді қорғаушы.

Бүгін, 18 маусымда Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі Степногорсктегі №4 мекеменің бастығы, әділет подполковнигі Асылхан Биттұғылов "Алаяқтық" бабымен күдікке ілініп, ұсталғанын растады.

Жыланбаевқа түрмеде қысым жасалып жатыр деген ақпарат 14 маусымда ол туыстарымен сөйлескен соң айтыла бастаған. Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі Азаттыққа телефонмен ақпарат бермеді, ресми сауал жолдауды сұрады. Азаттық Ақмола облысының Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне ресми сауал жолдап қойды.

  • 2023 жылы қарашада сот тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен.
  • Қазақстан билігі Жыланбаевтың шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, ҚДТ қозғалысының лидері Мұхтар Әблязовпен байланысы бар деп санайды. Астана Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.
  • 60 жастағы Марат Жыланбаев үкімге наразылық ретінде түрмеде бірнеше рет аштық жариялаған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға үндеп келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG