Accessibility links

Қазақстандық белсенді Айдос Садықов
Қазақстандық белсенді Айдос Садықов

Садықовқа қастандық жасады деген күдіктілер аталды

Киевте оппозициялық белсенді Айдос Садықовқа "қастандық жасады" деген екі күдікті анықталды. Азаттық қастандыққа ұшыраған қазақ оппозиционері жайлы ақпарат ұсынады.

Негізгі ақпарат

  • 18 маусымда Украина астанасы Киевте белгісіз біреу қазақстандық оппозициялық белсенді, Youtube желісіндегі "Бәсе" каналының авторы Айдос Садықовты үйінің маңында көлігінде отырған кезде атып кеткен. Айдостың қасында болған әйелі Наталья Садықова зардап шекпеген. Украина бас прокуратурасы Қазақстан азаматына "қасақана өлтіру мақсатында қастандық жасау" фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалын бастағанын мәлімдеген.
  • 21 маусымда Украина ұлттық полициясы қазақстандық оппозициялық белсенді әрі журналист Айдос Садықовқа қастандық жасаған адамдарды анықталғанын хабарлады.
  • Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған Айдос пен Наталья Садықовтар интернетте "Бәсе" каналын жүргізіп, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның төңірегіндегілерді және Назарбаев 2019 жылы 19 наурызда кезекті өкілет мерзімі аяқталмай жатып қызметінен бас тартқан кезде орнына қалдырған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сынайтын видеоларды үнемі жариялап келген. "Бәсе" Youtube-арнасына бір миллионнан астам қолданушы жазылған.
13:36 22.6.2024

Қастандық жасады деген екі күдіктінің бірі ұсталды

Оппозиция белсендісі Айдос Садықовқа Киевте қастандық жасады деген екі күдіктінің бірі Алтай Жақанбаев ұсталды. Бұл жөнінде Қазақстанның бас прокуратурасы хабарлады.

22 маусымда мекеме сайтында жарияланған хабарда "21 маусымда А.М. Жақанбаев Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына өз бетінше хабарласып, одан істің мән-жайы бойынша жауап алынды. Сол күні ол осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталды" делінген.

Күдіктінің қай жерде ұсталғаны айтылмаған. Бас прокуратура "тергеу мүддесі үшін" басқа ақпаратты жарияламайтынын ескерткен.

Прокуратура екінші күдікті Мейрам Қаратаевтың "орналасқан жерін анықтау үшін" жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Қазақстан ақпарат құралдары Қаратаевтың Қостанай облысында полиция қызметкері болып жұмыс істегенін жазған. Қазақстан ішкі істер министрлігі оны 2019 жылы жұмыстан шығарғанын мәлімдеді.

20:27 21.6.2024

Күдіктілер жайлы Азаттық анықтаған деректер

Азаттық ашық дереккөздерден Мейрам Қаратаевқа тиесілі болуы мүмкін телефон нөмерін тапты. Бұл нөмерді Getcontact қосымшасымен тексергенде "спецназ", "собр", "капитан", "снайпер" деп сақталғаны анықталды. Кейбір адамдар бұл нөмерді "Мейрам Арыс", "Мейрам Арыстан", "Мейрам А" деп сақтаған.

ҰҚК-ның "Арыстан" арнайы бөлімшесі 2016 жылдан бері "А" деп аталады. Бірақ әртүрлі телефонда контактінің қалай сақталғанына қарап Қаратаев ҰҚК-да жұмыс істеді деп кесіп айтуға болмайды.

Азаттық тілшісі Қостанайда Мейрам Қаратаевты танитын Александр Варакин есімді адаммен сөйлесті. Ол бір кездері әлеуметтік желіге Қаратаевпен күресіп жатқан видеосын жүктеген. Варакин жаңалықты оқығанын, бірақ сенбейтінін айтты. Ал сөз арасында "Қаратаевтың полициядан Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ауысқанын естіп пе едіңіз?" деген сұраққа әуелі "әрине, естідім" деп жауап беріп, кейін ол сөзінен бас тартты.

Ашық ақпараттарға қарағанда, Алтай Жақанбаев 2017 жылы Астанада Turan development жылжымайтын мүлік компаниясын құрған. Кейін ол бұл компанияны Юрий Жақанбаевқа берген. Азаттық Юрий Жақанбаевтан Алтай Жақанбаевты танитын я танымайтынын сұрағанда ол бұл сұрақты жауапсыз қалдырды.

Getcontact қосымшасында Жақанбаевтың нөмері "Алтай Сырбар КНБ", "Алтай КНБ", "Алтай Сыр" деп сақталған.

"Сырбар" — ҰҚК-ның сыртқы барлау қызметі.

Бірақ әртүрлі телефонда контактінің қалай сақталғанына қарап Жақанбаев ҰҚК-де жұмыс істеді деп кесіп айтуға болмайды.

Азаттық Ұлттық қауіпсіздік комитетіне "бұл екі адам орган құрамында жұмыс істей ме, істеді ме?" деп сауал жолдады және комитет төрағасының орынбасары, "Арыстан" қызметінің басшысы Берік Құнанбаевқа қоңырау шалды.

Ол "Құдай сақтасын, ондайларды танымаймыз. Мен [бұл қызметке] 2022 жылы, Қаңтардан соң келдім. Мен оларды танымаймын да, көрген де жоқпын. Бізде ондай адамдар болған жоқ" деді.

Дегенмен Құнанбаев екеуінің күдікке ілінгенінен "хабардар" екенін жеткізді.

17:17 21.6.2024

HRW Киев пен Астананы Садықовқа шабуылды тыңғылықты тергеуге шақырды

Human Rights Watch ұйымы Украина және Қазақстан билігі оппозициялық белсенді Айдос Садықовқа жасалған шабуылды тыңғылықты тергеуге шақырды.

"Садықовқа тапа-тал түсте Киевтің орталығында шабуыл жасалғаны қатты алаңдатады. Украина билігі Садықовтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шабуылдаған адамдарды және тапсырыс бергендерді анықтап, жауапқа тартқаны жөн. Ал Қазақстан процесс кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз еткені дұрыс" деді Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.

14:22 21.6.2024

Қазақстан прокуратурасы да тергеу бастады

Қазақстан Бас прокуратурасы Тоқаевтың тапсырмасымен Киевте Айдос Садықовқа жасалған қастандықты тергеуді бастады.

Прокуратура қылмыстық іс бойынша жедел тергеу тобы құрылды, олар қылмысты ашуға және күдіктілерді ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізеді деп хабарлады.

Ақпарат бойынша, Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов Украинаның бас прокурорына осы қылмысты ашуға қазақстандық тәжірибелі тергеушілерді тартып, көмек көрсетуге ұсыныс жасаған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG