Тоқаев: Қазақстан тергеуге қатысуға дайын
Наталья Садықова Азаттыққа берген сұхбатында "Бәсе" арнасы Ақорданың тамағына қадалған қылтанақтай болды" дей келе, қастандық артында билік тұр деп есептейтінін айтты. Азаттық Садықованың бұл сөзін тәуелсіз тұрғыдан тексере алмайды. Қазір қылмысты тергеу жалғасып жатыр.
19 маусымда Ақордада су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды марапаттау рәсімінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сейсенбіде Киевте Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты мәлімдеме жасаған. Тоқаев дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы "оқыс оқиғаға байланысты ресми сауалдар жолдау жөнінде нақты тапсырма бергенін" айтты. Ол Қазақстанның ресми органдары "қажет болса істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеуге қатысуға дайын екенін" де мәлімдеді.
"Қоғамдағы барлық қарама-қайшылық пен келіспеушілік тек құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн" деген Тоқаевтың сөзін Ақорда сайты жариялады.
"Оқ самайына тиіп, миын жанап өткен"
Айдос Садықовқа кеше, 18 маусымда Киевтегі аурухананың біріндегі нейрохирургия бөлімінде жасалған операция екі жарым сағатқа созылған. Бұл жөнінде Айдос Садықовтың әйелі, журналист Наталья Садықова Азаттыққа берген сұхбатында айтты.
– Оқ самайына тиіп, миын жанап өткен. Кеше жансақтау бөліміне кіріп шықтым, жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер екіұдай болжам жасап отыр. Бүгінгі түннен аман қалса, тағы бақылаймыз деді. Жансақтау бөліміне кіргенімде Айдос естімеді, бірақ оған өлмеші деп жалындым. Мені естіген сияқты, себебі бүгін [19 маусымда] таңертең Киев уақытымен [таңертеңгі] 7-де ауруханаға хабарласқанымда, "түннен аман шықты" деп айтты, – деді Наталья Садықова.
Оның сөзінше, Украина ұлттық полициясының басшысы Иван Выговский жағдайды жеке бақылауына алатынын айтқан.
ПІКІРЛЕР