Украина прокуратурасы күдіктілердің суретін жариялады
Украина прокуратурасы Айдос Садықовқа жасалған қастандық бойынша тапанша мен күдіктілердің суретін жариялады.
Бұған дейін прокуратура ресми сайтында Садықовқа қастандық жасады деп күдікке ілінген адамдар туралы ақпарат жариялаған. Тергеу дерегінше, олар – 1988 жылы туған Алтай Жақанбаев пен 1991 жылы туған Мейрам Қаратаев. Екеуі де Қазақстан азаматы.
Прокуратура жариялаған құжатта "Қаратаев пен Жақанбаев дыбыс шығармайтын арнайы жабдығы бар тапаншаны Киевтегі хайуанаттар бағы қоршауының іргесіне лақтырып кеткен" деп жазылған.
Наталья Садықованың айтуынша, Айдос Садықов қазір реанимацияда жатыр.
"Жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер енді не болатынын айтпады. Бірақ мен күйеуіме сенемін. Ол мықты, батыл, бұл жағдайдан шығуға тиіс" деді Садықова "Бәсе" каналында.
Екі күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды
Украина бас прокуратурасы Садықовқа қастандық жасады деп күдікке ілінген Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевқа халықаралық іздеу жарияланғанын мәлімдеді. Ведомство екі ер адам Садықовты өлтіруге "тыңғылықты түрде дайындалған" дейді.
Прокуратураның ақпаратынша, екеуі Украинаға 2 маусымда Польша-Украина шекарасынан өтіп келіп, Киевте пәтер жалдап, көлік алған. Біраз уақыт олар Садықовты аңдыған.
"18 маусымда қылмыс жасалған күні күдіктінің бірі көлікке келіп, оқ атқан. Ал екіншісі жағдайды үйдің маңында аңдып тұрған. Кейін қылмыстан соң олар оқиға орнынан кеткен. Күдіктілер сол күні Молдова шекарасын кесіп, Украинадан кетіп қалған. Киевтегі Голосеевский аудандық соты екеуін қамауға алу туралы қаулы шығарған. Тергеу қазір күдіктілерді ұстау шараларын жүргізіп жатыр" деді Украина бас прокуратурасы.
Бірақ Украина бас прокуратурасы бұған дейінгі хабарламасында "Жақанбаевқа процессуалдық құқығы мен күдіктінің міндеті түсіндірілді" деп жазған еді.
Қазақстан прокуратурасы да тергеу бастады
Қазақстан Бас прокуратурасы Тоқаевтың тапсырмасымен Киевте Айдос Садықовқа жасалған қастандықты тергеуді бастады.
Прокуратура қылмыстық іс бойынша жедел тергеу тобы құрылды, олар қылмысты ашуға және күдіктілерді ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізеді деп хабарлады.
Ақпарат бойынша, Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов Украинаның бас прокурорына осы қылмысты ашуға қазақстандық тәжірибелі тергеушілерді тартып, көмек көрсетуге ұсыныс жасаған.
HRW Киев пен Астананы Садықовқа шабуылды тыңғылықты тергеуге шақырды
Human Rights Watch ұйымы Украина және Қазақстан билігі оппозициялық белсенді Айдос Садықовқа жасалған шабуылды тыңғылықты тергеуге шақырды.
"Садықовқа тапа-тал түсте Киевтің орталығында шабуыл жасалғаны қатты алаңдатады. Украина билігі Садықовтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шабуылдаған адамдарды және тапсырыс бергендерді анықтап, жауапқа тартқаны жөн. Ал Қазақстан процесс кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз еткені дұрыс" деді Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.
ПІКІРЛЕР