Футболдан Еуропа чемпионатының F тобында Португалия Түркиядан басым түсіп, плей-офф кезеңіне шығу мәселесін шешіп қойды. Азаттық тілшісі Руслан Меделбек ойын өткен Дортмунд қаласынан хабарлайды.
Түркия мен Португалия да топтық кезеңнің алғашқы кездесуінде жеңіске жетіп, үш ұпай иеленген. Түріктер тартысты ойында Грузияны 3:1 есебімен жеңген еді. Ал Португалия Чехиядан 0:1 есебімен жеңіліп жатып, ойын соңында жеңісті жұлып алған. Ал топтағы екі лидердің текетіресінде Португалия басым болды.
Ойынның 21-минутында Бернарду Силва есеп ашып, Португалияны алға шығарған еді. Ал матчтың 29-минутында Түркия ойыншылары өз қақпаларына күтпеген жерден гол соғып алды. Португалия ойыншысы Канселу Роналдуға пас берген. Бірақ бұл пасқа Роналду үлгермей қалды. Ал Түркия қорғаушысы Акайдин айып алаңындағы допты қақпашы Алтай Байындырға берген еді. Байындыр да допқа үлгермей, Түркия қақпасына автогол кіріп кетті.
56-минутта Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналдудың оң қапталдан шығарған добын Бруну Фернандеш голға айналдырды.
Ойыннан соң Португалия құрамасының ойыншысы Бернарду Силва "Топтан бірінші орынмен келесі кезеңге шыққанымызға қуаныштымыз. Еуропа чемпионы болу деген мақсатымызға бір қадам жасадық. Әрине, мақсатымызға дейін әлі алыс, дегенмен бір қадам жасадық" деді.
Түркия құрамасының бас бапкері Винченцо Монтелла Акайдин салып алған автоголды "футболдағы сәтсіздік" деп атап, "дәл осы екінші гол ойынның ритмын өзгертіп жібергенін" айтты.
Ал Португалия бас бапкері Роберто Мартинес "әр матч сайын ойынымыз дамып келе жатыр, бұл - қуантатын жайт" деді.
ТҮРІК ЖАНКҮЙЕРЛЕРІ, РОНАЛДУДЫ ӘУРЕГЕ САЛҒАН ФАНАТТАР
Матч басталар алдында Дортмунд қаласында Түркия құрамасының жанкүйерлері өте көп жүрді. Көшелерде Түркия туын көтерген, көліктерін сигналдатқан жанкүйерлер қаланы басына көтерді. Қалада полиция қарасы да көп болды. Азаттық тілшісі сөйлескен жанкүйерлердің біразы германиялық түріктер екенін айтты. Түркиядан арнайы келген жанкүйерлер де бар. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сай, Германияда 3 миллионға жуық түрік (жұмысқа келгендер мен Германия азаматтығын алған түріктерді қосқанда) тұрады.
Бұл матчта Португалия құрамасының 39 жастағы футболшысы Криштиану Роналду Еуропа чемпионаттарында қатарынан 19 матч қатар ойнап, рекорд орнатты. Бұған дейінгі рекорд италиялық Леонардо Бонуччиге (18 матч) тиесілі еді. Бұған қоса, Роналду Еуропа чемпионатына алтыншы рет қатысып жатыр. Бұл да рекорд.
Бір қызығы, Португалия-Түркия ойынында кемі он жанкүйер алаңға жүгіріп шығып, Роналдумен фотоға түсуге тырысты. Роналду алғаш жүгіріп шыққан баламен ғана сельфиге түсіп, кейінгілерінің әрекетіне ашуланып жатты. Португалия ойыншысын матч соңында оннан аса күзетші алаңнан қоршап алып кетті.
F тобында Португалия алты ұпаймен көш бастап тұр. Екінші орында үш ұпайы бар Түркия келеді. Ал Чехия мен Грузияда бір-бір ұпай бар (екі құрама бүгін, 22 маусымда ойнап, 1:1 есебімен тең түсті). Бұл топтағы үшінші тур ойындары 26 маусымда өтеді. Португалия Грузиямен, Түркия Чехиямен ойнайды. Түркия келесі кезеңге шығу үшін Чехияны жеңуі керек. Сондай-ақ Грузияның да, Чехияның да келесің кезеңге шығуға мүмкіндігі бар.
ТҮРКИЯ МЕН ПОРТУГАЛИЯНЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ
Түркия Еуропа чемпионатына алтыншы рет қатысып жатыр. Бұл құраманың Еуродағы ең үздік нәтижесі – 2008 жылғы жартылай финал. Бір қызығы, Түркия Еуро-2008 додасының ширек финалында Португалияны 3:2 есебімен жеңген еді. Ал жартылай финалда дәл осындай есеппен Германияға жол берген. Түркия құрамасының ең үздік нәтижесі – 2002 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдесі.
Португалия Еуропа чемпионатында тоғызыншы рет қатысып жатыр. Бұл ел 2016 жылғы Еуропа чемпионатының финалында Францияны жеңіп (1:0) чемпион атанған. Ал 2004 жылғы Еуропа біріншілігінің финалында Грекиядан жеңілген қалған еді.
ПІКІРЛЕР