Accessibility links

Оқушы Ямаль Пеленің рекордын бұзды. Испания Еуроның финалына шықты


Испания құрамасы жеңіске жеткенін тойлап жатыр. Мюнхен, 9 шілде 2024 жыл.
Испания құрамасы жеңіске жеткенін тойлап жатыр. Мюнхен, 9 шілде 2024 жыл.

Футболдан Испания құрамасы Еуро-2024 додасының финалына шықты. Бұл елдің футболшылары жартылай финалда жарыс фаворитінің бірі Францияны жеңді. Матч қалай өтті, қос құрама ойыншылары ойыннан кейін не айтты?

Мюнхенде өткен матчтың 9-минутында Коло Муани есеп ашып, Францияны алға шығарған. Ал 21-минутта Испанияның 16 жастағы ойыншысы Ламин Ямальдың 16-17 метрден тепкен добы қақпаға кіріп, есеп теңескен.

Ламин Ямальдың голы. Мюнхен, 9 шілде 2024 жыл.
Ламин Ямальдың голы. Мюнхен, 9 шілде 2024 жыл.

Араға үш минут салып, испан Дани Ольмо екінші голы салып кетті. Негізі Ольмо тепкен доп франциялық қорғаушы Жюль Кунденің аяғына тиіп барып кірген. Бірақ ойын инспекторы голды Ольмоның атына жазды. 2:1 есебі ойын соңына дейін өзгерген жоқ.

16 жастағы Ямаль мектепте оқиды, Еуропа чемпионаты кезінде ойындар арасында емтихан тапсырып, үй тапсырмаларын орындап, аттестат алғаны айтылды. Енді ол футболдан Еуропа чемпионатында я әлем кубогында гол салған ең жас ойыншы ретінде тарихқа енді. Осылайша ол 17 жасында әлем чемпионатында гол салған бразилиялық әйгілі футболшы Пеленің рекордын бұзды. Бұған қоса, ол Еуропа чемпионаттарында ойнаған ең жас футболшы. Осылайша бұл турнир "Барселона" клубында ойнайтын жас Ямальдың жұлдызын жақты.

Ойыннан соң Ямаль "финалға шыққанымызға қуаныштымын, енді маңызды бір іс қалды, ол – турнирде жеңіске жету. Мен тек жеңіске жеткім келеді, тек жеңіс керек. Енді мен туған күнімді (13 шілде) командаммен бірге Германияда тойлаймын" деді.

Ламин Ямаль (оң жақта) мен Ольмо (ортада) Франция қақпасына салынған екінші голды тойлап жатыр. Мюнхен, 9 шілде 2024 жыл.
Ламин Ямаль (оң жақта) мен Ольмо (ортада) Франция қақпасына салынған екінші голды тойлап жатыр. Мюнхен, 9 шілде 2024 жыл.

Ал Ольмо "Бірінші гол өткізіп алғанымызға өкінсек те, барымызды салдық. Кейін Ламинь ғажап гол салды. Біз үшін финалда кіммен ойнағанымыз маңызды емес, бізге бір қадам ғана қалды" деп қорытындылады матчты.

Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам Испания құрамасының жеңісін мойындады.

"Испания өте жақсы команда екенін бүгін дәлелдеді. Есеп ашқанымызбен, олар ойынды толығымен өз бақылауына алды. Бүгін олар өте сапалы ойнады" деді ол матч соңында.

Биылғы Еуропа чемпионатында Франция құрамасының жұлдыздары Килиан Мбаппе, Антуан Гризманн жанкүйерлер күткендей ойын көрсете алмады. Дешам екі жұлдыздың сәтсіз ойынын маусымның ерте аяқталуымен, Мбаппенің турнир барысында жарақат алып қалғанымен түсіндірді.

Франция ойыншысы Килиан Мбаппе Испаниямен ойында.
Франция ойыншысы Килиан Мбаппе Испаниямен ойында.

Испания 2012 жылдан бері Еуропа біріншілігінде бірінші рет ойнайды. Финалға дейін бұл елдің футболшылары ширек финалда жарысты ұйымдастырушы ел Германияны да жеңген.

Испания құрамасы 2008, 2012 жылы қатарынан Еуропа чемпионы атанған еді. Ал Еуро-2020 додасының жартылай финалында Италиядан пенальти сериясынан жеңіліп қалған. Франция 1984, 2000 жылы Еуропа чемпионы болған. 2016 жылы финалда Португалиядан 0:1 есебімен жеңілген еді.

Екінші жартылай финал Англия мен Нидерланд арасында ертең, 10 шілдеде өтеді. Ал финал 14 шілдеге жоспарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG