Accessibility links

"Халық алтын талап етуге хақылы". Париж ойындары Қазақстан үшін қаншалықты маңызды?


Боксшы Бекзат Нұрдәулетов Токио-2020 олимпиадасында жеңілген сәт. 28 шілде 2021 жыл.
Боксшы Бекзат Нұрдәулетов Токио-2020 олимпиадасында жеңілген сәт. 28 шілде 2021 жыл.

Токио-2020 олимпиадасында сәтсіздікке ұшырап, бірде-бір алтын алмаған Қазақстан үшін Париж олимпиадасы сынақ болмақ. Бюджеттен 2023 жылы спортқа 330 млрд теңге бөлінгенін ескерсек, Парижде Қазақстаннан чемпион шықпаса, бұл ақшаның да сұрауы күшеймек. Азаттық сөйлескен сарапшылар халық салықтың ақшасына дайындалған спортшылардан алтын күтетінін айтады. Ал халықаралық Nielsen аналитикалық компаниясы Қазақстан Парижде екі алтын алады деп болжаса, америкалық Sports Illustrated сайтының болжамынша, Қазақстан "алтынсыз қалады".

СПОРТТАҒЫ СӘТСІЗДІКТЕР СЕРИЯСЫ

2021 жылы Токиодағы олимпиадада (пандемияға байланысты 2020 жылы өтпей қалған) Қазақстан спортшылары бірінен соң бірі жеңіліп жатты. Әсіресе жанкүйер үміт артқан бокс құрамасы екі қола медальмен (52 келіде Сәкен Бибосынов, +91 келіде Қамшыбек Қонқабаев) шектелді.

2019 жылы бокстан әлем чемпионы атанған Бекзат Нұрдәулетов (81 кг) екінші кезеңде жеңілді. Рио олимпиадасында күміс медаль иеленген Василий Левит (91 кг) Кубада туып, Испания атынан жарысқа қатысқан Энмануэль Рейестен нокаутпен жеңіліп қалды.

Боксшы Василий Левит (көк формада) Токио олимпиадасында нокаутқа түскен сәт. 27 шілде 2021 жыл.
Боксшы Василий Левит (көк формада) Токио олимпиадасында нокаутқа түскен сәт. 27 шілде 2021 жыл.

Соңғы үміт каратэшілерде болған. 60 келіде олимпиадаға рейтинг лидері болып барған Дархан Асадилов та, әйелдер құрамасының лидері Софья Берульцева да (+61 кг) жартылай финалда жеңіліп қалды.

"Қоланы қанағат тұтпаймын. Елге алтын керек еді. Соған жұмыс істегенбіз. Кішкене жетпей қалды. Кешірім сұраймын бәрінен..." деген еді сол кезде Асадилов Азаттық тілшісіне.

Құраманы олимпиадаға бастап апарған Ұлттық олимпиада комитеті сәтсіздікті (ол кезде комитетті экс-президент Назарбаевтың күйеубаласы, миллиардер Тимур Құлыбаев басқаратын) коронавирус шектеулеріне, спортшылардың дайындығының аздығына сілтеген.

Каратэші Софья Берульцева Токио олимпиадасында алтын ала алмай жылап тұр. 7 тамыз 2021 жыл.
Каратэші Софья Берульцева Токио олимпиадасында алтын ала алмай жылап тұр. 7 тамыз 2021 жыл.

Бұдан соң, Қазақстан 2022 жылы Пекинде өткен қысқы олимпиада ойындарында медальсыз қалды. Жанкүйерлер қысқы олимпиадада кемі бір қолаға үміттенген еді.

"Қазспорт" телеарнасының комментаторы Шалқар Естен "жанкүйерлер бұл олқылықтардың орны Париж олимпиадасын толады деп күтіп отырғанын" айтады.

- Тәуелсіздік алған соң Қазақстан спортта жақсы жетістікке жетті. Мұның бәрі Совет одағының базасындағы нәтижелер деп айтуға болады. Сол жетістіктерге халық үйреніп қалған. Сондықтан нәтиже болмаса, наразылық күшеймек. Бірақ алтын болмай қалса сын айтылып, қоғам шулап қоюы мүмкін. Негізі мемлекет құлдыраса, спорт та құлдырайды. Сондықтан мемлекетке де, спортқа да реформа қажет, - дейді ол.

2022 жылы Қытайдың Хуанжоу қаласында өткен Жазғы Азия ойындарындағы сәтсіздік Қазақстан спорты үшін "нокдаун" болды. Азиадада Қазақстан 10 алтынмен алғаш рет жалпы есепте ТОП-10 елдің қатарына енбей қалды. Тәуелсіздік алғалы Қазақстан Азияда Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореядан кейінгі спорт державасы ретінде қаралатын. Бірақ кейінгі он жылда Қазақстанның олимпиададағы және Азия ойындарындағы нәтижесі күрт төмендеп кетті.

"СПОРТҚА БӨЛІНЕТІН ҚАРЖЫ – ХАЛЫҚТЫҢ САЛЫҒЫ"

Спорттағы жеңілістерге қоғамда сын көбейіп, парламентте, қоғамда спортқа мемлекеттен бөлінетін қаржы жайлы көп айтыла бастады. Осы тұста спорт және туризм министрлігі 2023 жылдың өзінде бюджеттен спортқа 660 млн доллар (310 млрд теңге) бөлінгенін мәлімдеді.

"Спорт+" телеарнасының комментаторы Рауан Оқас бюджеттен спортқа миллиардаған қаржы жұмсалып жатқанда халықтың олимпиадада алтын талап етуге толық құқығы бар деп есептейді.

- Қазақстанда спортқа көп қаржы бөлініп, спортшыларға көп жағдай жасалады. Спортқа деген мемлекет тарапынан ерекше ден қойылған. Сондықтан қоғамның алтын талап етуі заңды. Ал Парижде алтын болмаса қоғамда реакция қатты болары сөзсіз, - дейді ол.

Ал спорт комментаторы Шалқар Естен де "спортқа бөлінетін ақша – халықтың салығы. Сол себепті халықтың талап ететіндей жөні бар" деп санайды.

Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасына спорт және туризм министрлігін Ермек Маржықпаев басқарып тұрған тұста бармақ. Ал биыл ақпанда Тимур Құлыбаев ҰОК президенті қызметінен кетіп (2015 жылдан бері басқарды), оның орнына кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин тағайындалды. Жалпы елде 2014 жылдан бері спорт саласына жауап беретін министрлер жиі ауысты.

Спорт саласын 2014-2019 жылдары Арыстанбек Мұхамедиұлы, одан соң Ақтоты Райымқұлова (2019 жылдың маусымы - 2022 жылдың қаңтары), Дәурен Абаев (2022 жылдың қаңтары – 2023 жылдың қаңтары), Асхат Оралов (2023 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін) жауапты болды.

Спорт шолушысы Рауан Оқас Париж олимпиадасында алтын болмаса, спорт саласында тағы да өзгеріс болуы мүмкін екенін айтады.

- Спорт саласында министрлер жиі ауысқаны сонша сәтсіз нәтижеге кімнен жауап сұрарыңды білмейсің. Ал бұл жолы Парижде алтын болмаса, әрине, министр орнынан кетуі керек болады. Бірақ министр ғана емес бүкіл спорт саласында жүргендердің бәрін ауыстыру керек деп ойлаймын. Ал Головкин ҰОК президенті болып биыл ғана тағайындалғанын ескерсек, оның нәтиже көрсетуі ертерек деп ойлаймын. Бірақ соның өзінде Головкиннің келуі боксшыларға сенімділік беріп, бокс құрамасы олимпиадада алтын алып қуантады деп ойлаймын, - дейді Рауан Оқас.

ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНА БОЛЖАМ ҚАНДАЙ?

Олимпиада алдында америкалық Nielsen аналитикалық компаниясы мен америкалық Sports Illustrated сайты болжам жасаған. Nielsen Қазақстан Парижде 2 алтын, 3 күміс, 5 қола медаль алады деп болжайды. Sports Illustrated "Қазақстан бір күміс, бес қола медаль алады" деп топшылайды.

Nielsen компаниясының болжамы:

  • 2 алтын: Боксшылар – Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай
  • 3 күміс: Милад Карими – спорттық гимнастика, Азамат Дәулетбеков – еркін күрес, Карина Ибрагимова – бокс.
  • 5 қола: Елена Рыбакина – теннис, Қамшыбек Қоңқабаев – бокс, Сәкен Бибосынов – бокс, Махмұд Сабырхан – бокс, Нариман Құрбанов – спорттық гимнастика

Sports Illustrated сайтының болжамы:

  • 1 күміс: Азамат Дәулетбеков – еркін күрес.
  • 5 қола: Асланбек Шымбергенов пен Карина Ибрагимова - бокс, Мария Дмитриенко – стенд ату, Милад Карими – спорттық гимнастика (сайт екі қола алады деп болжайды).

Париж олимпиадасы 26 шілде - 11 тамыз арасында өтеді. Қазақстаннан 80 спортшы 25 спорт түрінен жүлдеге таласады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG