Accessibility links

АЭС бойынша референдумға ЕҚЫҰ/ДИАҚБ бақылаушылары қатыспайды


Референдум учаскесінде дауыс берген сәтін смартфонға суретке түсіріп жатқан адамдар. Шымкент, 5 маусым 2022 жыл.
Референдум учаскесінде дауыс берген сәтін смартфонға суретке түсіріп жатқан адамдар. Шымкент, 5 маусым 2022 жыл.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) миссиясы Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша 6 қазанда өткелі отырған референдумға бақылаушы жібермейді. Бұл туралы 1 қазанда Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман айтты.

Хатшының сөзінше, 30 қыркүйекте референдумға шет елдер мен халықаралық ұйымдардың бақылаушыларын аккредитациялау аяқталған. Оның қорытындысына сәйкес, 30 ел мен 4 халықаралық ұйымнан 177 бақылаушы ресми тіркеуден өткен.

Мұхтар Ерманның айтуынша, Қазақстан сыртқы істер министрлігі бес халықаралық ұйымға шақыру жолдаған. 17 қыркүйекте Еуропа қауіпсіздік ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросынан "алдағы айларға жоспарланған сайлауларға байланысты іс-шаралардың көптігін айта келе, 6 қазандағы референдумға миссия жіберу мүмкіндігі жоқ" деген жауап түсті деді Орталық референдум комиссиясының хатшысы.

Алдағы референдумды бақылайтын халықаралық ұйымдар қатарында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес бар.

Мұхтар Ерман АЭС бойынша референдумға Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстан Орталық сайлау комиссияларының төрағасы келеді деді.

Орталық референдум комиссиясының мәліметіне сәйкес, бақылаушылар АҚШ, Әзербайжан, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Бразилия, Венгрия, Венесуэла, Ұлыбритания, Грузия, Египет, Үндістан, Индонезия, Иордания, Иран, Испания, Қырғызстан, Қытай, Молдова, Моңғолия, Нидерланд, Палестина, Ресей, Словакия, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Филиппин, Франция және Жапониядан қатысады.

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко референдумға 37 елден 200 шетел журналисі қатысады, оның ішінде 162 журналистің тұрақты аккредитациясы бар, 38 тілші оны референдумға арнайы алды деп мәлімдеді.

Қазақстандағы сайлауларды бақылап келе жатқан ЕҚЫҰ елдегі сайлау науқандарын "демократиялық талаптарға сай емес" деп бағалаған.

Ұйым "2022 жылғы қарашада өткен сайлауға шынайы оппозиция өкілдері, Тоқаевқа сын айтатын саясаткерлер қатыстырылмады" деген. Сол сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев 81 пайыз дауыспен жеңіске жетті.

ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы науқанды "Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы бәсекесіз саяси ахуалда өтті", "сайлау күні бейбіт митинг өткізу және пікір айту еркіндігі тағы шектелді" деп сынады.

Қазақстан билігі бұл сынға келіспейтінін мәлімдеп, ЕҚЫҰ құжатын "объектив емес" деп есептейтінін айтқан.

2021 жылы Қазақстандағы парламент мәжілісі және мәслихат сайлауын қадағалаған ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясы елдегі саяси науқанда "шынайы бәсеке болмады, сайлау демократиялық талаптарға сай болмады" деп бағалады. Халықаралық ұйым "Конституцияда көрсетілген еркіндіктерді жүйелі түрде шектеу сайлаушыларды шынайы таңдаудан айырды" деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG