Қазақстан Компартиясының соңғы идеология хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің "Социалистік Қазақстан" газетінде жарияланған мақаласына 1991 жылы Азаттық радиосы кеңінен шолу жасаған. Бұл мақалаға Азаттық неліктен назар аударғанына тоқталамыз.
САЯСИ БАҒЫТЫ МЕН ТАНЫМЫ БӨЛЕК ТҰЛҒА
Советтік Қазақстанның мемлекет қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы туған. Еңбек жолын мектеп мұғалімдігінен бастаған ол кейін Қазақ ССР-інің мәдениет министрі, сосын Компартия хатшысына дейін өскен. 1991 жылы биліктегі қызметі тоқтатылды. Жоғарғы кеңес депутаты болған.
Қазақстан коммунистік партиясының идеология саласына жауапты хатшысы болған Өзбекәлі Жәнібеков Қайта құру жылымығы кезінде ұлттық дәстүр мен ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға атсалысты.
Ол коммунистік идеология кесірінен 60 жылдан аса аталмай кеткен Наурыз мерекесін қайтаруды ұйымдастырған, совет дәуірінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін реставрациялауға күш салған, эрмитажға әкетілген ірі экспонат – тайқазанның Түркістанға қайтарылуына себепші болған. Қуғын-сүргін мен Ашаршылық құрбандары, Алаш қайраткерлерін ақтауда белсенді әрекет еткен. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасаған. Мәдениет, этнография мен фольклор саласында қолтаңбасы қалды, осы бағытта бірқанша зерттеу еңбектерін жазған. Ол 1998 жылы өмірден озды.
Қысқаша өмірбаяны Өзбекәлі Жәнібековке Азаттық радиосының неліктен назар аударғанын байқататын сияқты. Қазақстан коммунистік партиясының идеология саласына жауапты функционері Өзбекәлі Жәнібеков компартия тарап кеткен соң да "Лениннің әкелік қамқорлығын" еске алып, ұйым туралы өз еңбектерінде ілтипатпен атап отырған.
"СОЦИАЛИСТІК РЕВОЛЮЦИЯНЫҢ ЖАҢА САТЫСЫ"
1990 жылғы 20 желтоқсанда сол кездегі компартия органы "Социалистік Қазақстан" газетінде Өзбекәлі Жәнібековтің "Жалпыадамзаттық игіқасиеттер және адамды имандылыққа тәрбиелеу мәселелері" деген көлемді мақаласы жарияланды.
"Тағы да бір 10 жыл өтер. Тарих күмбірі бізге адамзаттың жаңа дүниеге тоғыз тарау түгіскен 21 ғасыр әлеміне қадам басқанын да жария етер. Бәрімізді діңкелетіп отырған қазіргі дағдарысқа, кемтарлық қалпымызға қарамастан, шынын айтсақ, біз уақыт керуенінің осынау бір шегіне өзгеше үміт артатын сияқтымыз" деген Жәнібеков сол кезеңдегі қоғамның жағдайын дағдарыс ретінде сипаттайды. Ескісі кетпеген, жаңасы қалыптаспаған өліара кездегі ахуал.
"Қазіргідей аумалы-төкпелі ұйытқуларға қарсы тұра алатын жалғыз ғана құдірет бар, – деп жазды Жәнібеков. – Ол ғасырлар бойы мысқалдап жиналған мәнді қазына жалпыадамзаттық игіқасиеттер". Осылай деген коммунистік идеология хатшысы қоғамда жаттанды ұғымды жақтайтындарды сынға алған. "Шамасы, социалистік революцияның жаңа бейбіт сатысы – қайта құрылуға біз жеңісқой революционердің мінез-құлқымен кірген болуымыз керек", – деген автор.
АЛАШОРДАНЫ АҚТАҒАН КОММУНИСТ
Қазақстан компартиясының хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков сол мақаласында жаңаша ойлаудың ел тарихы мен мәдениеті үшін маңызын ерекше атап өткен.
"Жасыратыны жоқ, бізбен жасап келе жатқан кесел – жұрттың жан-дүниесін, әдет-ғұрпын, мінез-құлқын өзара қарым-қатынасындағы ерекшеліктерді жете түсінбеушілік. 30-40-ыншы жылдарғы қазақ зиялыларының қырғын-сүргінге көбірек ұшырауының рухани бейшаралықтан туғанына күмәндануға болмайды. Оларды асқан қатігездікпен жәбірлеу біздің Қазақстанда да болды. 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында Алматыда болған атышулы оқиғаның кезінде өкімет пен тоқырау кезінің баукеспелігіне қарсылық білдіру үшін алаңға шыққан жастар арасында тілтабыс болмауының өзі жиналғандардың ой-сезімін түсінуге тырыспағандықтан туған", – деген Өзбекәлі Жәнібеков. Яғни, биліктің Желтоқсан оқиғасында алаңдағы жастарды түсінуге тырыспай күш қолдануын сынап отырғандай.
"Бар болғаны осыдан үш жыл ғана бұрын Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, әсіресе, Міржақып (Мир-Якуб) Дулатов секілді аса көрнекті мәдениет қайраткерлерін ақтаудың бізге қанша күшке түскені де есімізде. Тіпті Алашорда қозғалысына байланысты оның бір де бір құжатын қолға ұстамаған кейбір жолдастардың бізге айдар таққысы келгендігін қалай ұмытарсыз. Ал кейіннен бүкіл Қазақстан болып олардың шығармаларын қандай құштарлықпен оқыды десеңізші", – деп жазды Өзбекәлі Жәнібеков.
КОМПАРТИЯ ҚАУЛЫЛАРЫН ЖОЮҒА ҰСЫНЫС
"Жалпыадамзаттық игіқасиеттер және адамды имандылыққа тәрбиелеу мәселелері" мақаласының авторы ежелгі әдеби мұраларды атай келіп, қазақ жеріндегі тарихи ескерткіштер жайына да тоқталған. Қазақстандағы 25 мың тарихи-мәдени ескерткіштің 10,5 мыңы Маңғыстауда жатқанын айтқан Жәнібеков оны қорғау мен зерттеудің маңызын айтып, сол ескерткіштерді ЮНЕСКО қарамағына алу мәселесін көтерген.
Ғылым мәселесіне тоқталған Жәнібеков әр салада Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан қалыптастырған ғылыми мектептерді атап өткен. Ол қайта құру, демократияландыру кезінде де коллективтендіру мен Ашаршылыққа баға берудің кешеуілдегенін сынаған.
"Республиканы Орталыққа тәуелді шикізат қорына айналдыруға тікелей жол ашқан индустрияландыру саясатының сипаты мен бағыттарын ғылыми тұрғыдан сараптау да орынсыз кешеуілдеп кетті" деген Өзбекәлі Жәнібеков 1930-50 жылдардағы кейбір қаулылардың күшін жоюды ұсынған. Мақала авторы жаңа оқулықтар жазу қажет екенін айтып, тәлім-тәрбие мен елдегі экология мәселесіне де тоқталған.
ЖӘНІБЕКОВ НЕНІ ЖАСЫРДЫ?
Азаттық радиосы 1991 жылдың қаңтарында Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің осы мақаласына шолу жасаған. Радио қызметкері Әбдіқайым Бірғазыұлы былай хабарлаған:
"Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков өз мақаласында қазіргі заман өмірінің жаңаша ойлауды, соның ішінде маркстік көзқарасқа жат деп келген кез келген бөтен пікірді терістеп тастау сияқты дағдылардан бой жазудың, арылудың қажет екенін ерекше атап өтеді. Ол ұраншыл, сыңаржақ келетін байырғы дәстүр, көзқарастардың, дағды-салдардың бүгінде әлеуметтік-мәдени өмірде қандай келеңсіздікке ұрындырып жүргенін ашық жазады".
Азаттық радиосы компартия хатшысы Жәнібековтің білім саласындағы кемшіліктерді сынап, кейбір жастардың ана тілінде сөйлей алмауын ерекше атап көрсеткеніне де назар аударған.
"Өзбекәлі Жәнібеков ашық айтпаса да, мұның ондаған жылдарға ұласқан орыстандыру саясаты шараларының кері салдары екені анық" деген шолу авторы ендігіде биліктің "жойылып кете жаздаған қазақ тілін, мәдениетін қайта қалыпқа келтіруге" міндетті екендігін айтқан. Бұл ретте Азаттық "осы салада жұмыс атқарған қазақ қайраткерлері мен жекелеген ұйымдарға көмектесуді ескерген жөн сияқты" дейді.
Аталған хабарында Азаттық радиосы Өзбекәлі Жәнібековтің мақаласында суы тартылған Арал апаты мен Семейдегі ядролық сынақ алаңының зардабына назар аударғанын да айтқан. Экологиялық апат аймағында халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартқан күннің өзінде қоршаған ортаны қалпына келтіруге ондаған жылдар керек болатынын, экологиялық апаттардың компартия басшыларының тек пайда көздеген мүддесінің салдары екенін атап көрсеткен.
"Ендеше, коммунистік партияның өтміштегі ағаттығын мойындап, халық өміріне қауіпті жағдайлардың жойылуы үшін іске белсене кіріп, орталыққа табанды талаптар қойғаны жөн шығар", – деп қорытқан Азаттық радиосы. Яғни, Қазақстан компартиясы хатшысы мақаласында кемшіліктерді айтып қана қоймай, оны реттеуді СССР астанасы Мәскеу, Кремльде отырған КПСС басшыларынан талап етуі керек дегенге саяды. Бірақ содан көп ұзамай алдымен коммунистік партия таратылды, артынша Совет одағы да құлап тынды.
ИДЕОЛОГИЯДАН КЕЙІН – ИДЕОЛОГИЯ?
1991 жылы коммунистік партия тараған соң, Өзбекәлі Жәнібековке лауазымды қызмет ұсынылмады. Сайып келгенде ол саясат сахнасынан компартиямен бірге ысырылды. Оның айтқандары мен көтерген мәселелері тәуелсіздік тұсында көбірек қажет болғанымен, билік оны ескермеді. Әйткенмен Жәнібеков өз еңбектері мен естеліктерінде әлгі мақалада аталған жайларды еске салып, сол кезде өзі айтқандай дағдарыстан шығу жолдарын ұсынды. Реті келген тұстарында айтып, талдап жүрді.
1993 жылғы мемлекеттік арнадағы хабарлардың бірінде Өзбекәлі Жәнібеков жаңа қоғамның бағыт-бағдары қандай болу керек деген мәселе жайында пікір білдірген.
"Қандай қоғам құрып жатырмыз дегенге қазір жауап беріле бермейді. Әркім әртүрлі нәрсені айтып жүр. Кейбіреулер уақыт тезінен өткен ата жолына оралайық дейді. Дінге қарай бет бұрайық дегендер де бар. Жалпыадамзаттық ұлттық игіқасиеттер төңірегінде сөз болып жүр. Мұның барлығы – коммунистік идеологиядан бас тартқаннан кейінгі кезде босаған орынды толтыратын идеологиялық құрылымның болмауынан туған нәрсе. Осы бағытта жұмыс істеп жүрген мемлекеттік орындарды да, ғылыми мекемелерді де көрмей отырмыз", – деген ол. Яғни, Жәнібеков қоғамның дамуын бір идеологияның орнын екінші идеология толтыруы керек дегенмен байланыстырады.
ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАРҒА КӨЗҚАРАСЫ
Өзбекәлі Жәнібеков қоғамдағы демократиялық ұйымдар мен саяси партиялардың да орнын жоққа шығармайды.
"Олар алдымен Қазақстан Совет одағынан шығуы керек, тәуелсіз мемлекет болуы керек деген ұрандар көтерді" деген Өзбекәлі Жәнібеков қоғамдық ұйымдардың демократиялық қоғам орнатуды бағыт еткенін айтады. Бұл тұста ол қоғамдық-әлеуметтік құбылыстарды зерттейтін мекеменің жоқ екенін де айтқан.
"Жақсы ма, жаман ба – бұрын осы іспен ғылыми зерттеу институттары айналысушы еді. Мәселен, партия тарихы институты болды. Партия мектебі болды. Қазір бұлардың орнын толтыратын ешкім жоқ, сондықтан әркім әртүрлі әңгіме айтады. Әркім өзінің түсінігінше бағдарлағысы келеді", – деді Өзбекәлі Жәнібеков.
Бұл жерде айта кететін бір жайт – сол кезде Қазақстанда Желтоқсан оқиғасынан кейін құрылған ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер белсенді жұмыс істеп жатқан. Солардың бірі, "Азат" қозғалысының теңтөрағасы Сәбетқазы Ақатай осы қоғамдық ұйымдардың өзін "қазақтың ақыл-ой, демократиялық мекемелері" деп те атаған кезі болған.
Өзбекәлі Жәнібеков сол кездегі қоғамдық ұйымдарды "қоғамның дені сау күштерін" біріктіруге тырмысқан қозғалыстар" ретінде таниды. Ол өз естеліктерінде қоғамдық ұйымдармен үнемі бетпе-бет келетінін жазады.
"Азат", "Желтоқсан" секілді қозғалыстардың Бостандық, Теңдік, Туысқандық идеяларын өздеріне айбар тұтып көшбастаушы болғаны құптарлық. "Невада – Семей", "Әділет", "Табиғат" сияқты ұйымдар да 90-жылдардағы халықтық қозғалыстың қалың ортасынан көрініп жүрді. Өз басым қызмет бабын пайдаланып, ешқашан да оларға қарсы әрекет жасап, қысымға алған емеспін. Керісінше, Орталық комитеттің хатшысы ретінде жылдар бойы жұрттың жігерін құм етіп, сана-сезімін матап, тұншықтырып келген ой тұсауы алына бастаған тұста олардың арасында бағдарламалары елдің конституциясына қайшы келмейтіндеріне тікелей қолдау жасап келдім. Мұны біреу дұрыс түсінсе де, екінші біреулер ұғына бермейтін", – деп жазды ол.
Өзбекәлі Жәнібеков сондайда "демократиялық қозғалыстардың өзара бірлесіп, қоғамның дені сау күштерін қазіргі заманғы ұлттық идея төңірегіне топтастыра алатын бірыңғай саяси партия дәрежесіне көтеріле алмағанын" айтты.
"Шамасы біздегі қозғаушы күштерге әлі де болса ымыраласа түсуді талап ететін негізгі бағытта қажырлы қимыл жасауға тура келетін шығар", – деп түйіндейді ол.
ӨЗБЕКӘЛІ ӨЗГЕРДІ МЕ?
Өзбекәлі Жәнібековтің жазғандарына қарасақ, ол өзгерісті төменнен күтпейді. Ол даму жолын жоғарыдан, яғни, билік тарапынан көргісі келеді. Оның компартия хатшысы кезінде "экстремист" деп бейресми ұйымдар, неформалдар, немесе қоғамдық бірлестіктерді меңзегені, олардың әрекетіне "митингілік демократия" немесе "бейпілауыз демократия" деп айдар таққан кездері де болған.
Жәнібековтің басқа функционерлердей емес, партия, коммунистік қоғам қызметінде жүріп мемлекеттің тарихы мен мәдениетіне жанашырлық, қамқорлық, жоқты түгендеу тұрғысынан қарауы да назар аудартады. Саяси көзқарасы жағынан алғанда Өзбекәлі Жәнібековтің бертінге дейін коммунизм идеяларынан ажырамағаны байқалады.
Өзбекәлі Жәнібековтің мақаласы мен Азаттық радиосының ол жайлы шолуын "Азаттық толқынында" подкасының алтыншы эпизодынан толығырақ тыңдай аласыз.
Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.
ПІКІРЛЕР