Жұмаға қараған түні Ресей әскері Харьковқа 500 килолық авиабомбалармен кезекті рет соққы жасады. Бұл жөнінде облыстық әскери әкімшіліктің жетекшісі Олег Синегубов мәлімдеді.
Бір бомба 12 қабатты тұрғын үйге түсіп, төменгі үш қабат жартылай қираған. Кейінгі ақпарат бойынша, 25 адам зардап шеккен. Арасында үш айлық нәресте де бар.
Синегубовтың сөзінше, зардап шеккендердің кейбірі жеңіл жарақат алған, бір бөлігі орташа дәрежеде жарақаттанған. Бес адам ауруханаға жатқызылған.
30 адам эвакуацияланған, арасында төрт бала бар. Құтқару операциясы жалғасып жатыр деп хабарлады аймақ басшысы.
Харьков орталығына екі авиабомба түсіп, тарихи ғимараттар, көп қабатты тұрғын үйлер, дүкендер, сауда павильондары, көлік, метро станциялары бүлінген.
Одессада ресейлік дрондардың шабуылынан бір адам мерт болып, тоғыз адам жарақаттанған. Бұл жөнінде жұма күні таңертең облыстық құтқару қызметі хабарлады.
Қала және қала маңына бірнеше дрон құлаған, олар атып түсірілген болуы мүмкін. Соның салдарынан екі тұрғын үй, қойма және бірнеше көлік өртенген.
Киев облысында атып түсірілген ресейлік қанатты зымыранның бөлшектерінен төрт адам зардап шеккен, біреуінің жағдайы ауыр. Бұл жөнінде Киев облыстың әкімшілігінің жетекшісі Руслан Кравченко хабарлады. Оның сөзінше, зардап шеккендер – бөлшек құлаған кезде сол маңда болған көлік жүргізушілері.
ПІКІРЛЕР