«Айқын» газетінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошунның қыркүйек айынан бастап Астана қаласындағы 11 тұрғын үйдің құрылысын жалғастыруды қолға аламыз деген мәлімдемесі жазылыпты. Сөз болған баспаналарды пайдалануға тапсыру келесі жылдың екінші тоқсанына жоспарлануда.
Ләззат Биланның «Тоқтаған құрылысқа жан бітті деп» аталатын бұл мақаласында, Астанада 36 үлескер қатысқан 200-ге жуық үйдің тағдыры шешіліп жатқанға ұқсайды деп айтылыпты. «Сондай-ақ, Сергей Хорошунның айтуына қарағанда, сот процессі аяқталған соң, құрылысты жалғастыруға мүмкіндігі жоқ компаниялардың мүліктері жаңадан құрылған «Жаңа құрылыс» компаниясының меншігіне өтетін болады», - деп жазады мақала авторы.
Жол апатынан 1984 жылы туған бір азамат бірден көз жұмды
Сонымен қатар, газеттің бірінші бетінде Гүлбаршын Айтжанбайдың «Тағы да автобус аударылды» деп аталатын мақаласы жарық көріпті. Кеше Шымкенттен Астанаға бет алған автобустың Балқаш тұсында аударылғаны хабарланыпты. Жол апатынан 1984 жылы туған бір азамат бірден көз жұмған. Ал әртүрлі дәрежедегі жарақат алған 15 жолаушы Балқаш қаласындағы ауруханаға жеткізілгені баяндалыпты.
«Алматы ақшамы» басылымында метро құрлысының аяқталғаны туралы мақала жарық көріпті. Кеше метро жолдары Абай мен Ахмет Байтұрсынұлы көшелерінің қиылысында тоғысып, жер астындағы ұңғыма жұмыстарына нүкте қойылғаны тілге тиек етіліпті. Автор Ержан Байтілестің айтуынша, қос тоннельдің түйісер тұсын тамашалауға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов барып, жұмысшылардың қуанышына ортақтасыпты. Сонымен қатар мақалада, Алматы қаласының тұрғындары жұмысы 20 жылға созылған метроның қызығын енді бір жылдың көлемінде көретіндігі жазылыпты.
«Время» газетінде бейсенбі күні «Алматыинвестстрой» құрылыс компаниясының үлескерлері кезекті рет наразылық акциясын өткізгені хабарланыпты. Компанияның бас директоры Сергей Дмитриенконың үстінен қозғалған қылмыстық істің материалдары сотқа өткізілсе де, алданған үлескерлер компанияның басқа да қызметкерлерін жауапқа тарту туралы талап еткені баяндалыпты. «Үлескерлер мұнымен қоса, Дмитриенконың үстінен қозғалған қылмыстық іске қосымша ретінде оған ұйымдасқан қылмыстық топ құрғандығы үшін айып тағылу керек деп айтты»,- деп жазады мақала авторы Мадина Айымбетова.
«Экспресс К» басылымында соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстан азаматтарының сібір жарасы ауруына шалдыққан 173 оқиғасының тіркелгені баяндалыпты. Мақала авторы Наталья Терентьеваның айтуынша, көп жағдайда ауруды жұқтыру адамдардың немқұрайлығынан болған: «Олар сойған малдың жай-күйі аса жақсы емес екенін көре тұрып, етін далаға тастағанша, жей салғанды мақұл көреді». Үстіміздегі жылы бұл дертке шалдыққан адамдардың саны үшеуге жетіпті. Оның біреуі медициналық көмекке он күн өткен соң барып жүгінгендіктен, асқынған аурудың оған ешқандай мүмкіндік қалдырмағаны тілге тиек етіліпті.