Accessibility links

Грузия демократиясының сипаты


Тамыз қақтығысында қаза болған грузин жауынгерлеріне ескерткіш, Гори, 4 тамыз 2009
Тамыз қақтығысында қаза болған грузин жауынгерлеріне ескерткіш, Гори, 4 тамыз 2009

Бір жыл бұрын Ресеймен арада қақтығыс болғанда талайлар үшін Грузияның раушан төңкерісі тұсында берілген уәделер тұйыққа тірелгендей көрінген еді. Тұрақты да демократиялық елді қалыптастыру арманы алыстағандай болған-ды.

Совет үкіметі ыдырағаннан кейінгі Грузия тарихы Ресей мен Құрама Штаттар арасындағы геосаяси күрестер нысанасы ретінде сипатталуда. Сондай-ақ энергия тасымалы жолдары үшін күрес пен Кавказ аймағына ықпал етуге ұмтылушылық та бар.

2008 жылдың 7 тамызында Ресей танктері Грузияға басып кірген кезде тәуелсіз де демократиялық Грузия мемлекетін құру туралы мақсат тұншыға бастағандай еді.

Президент Михаил Саакашвили үкіметі ол соғыстан аман шықты. Алайда, оның қызметттен кетуін талап еткен, оппозиция бастаған қарсылықтар саяси дағдарысқа алып келген болатын.

Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап оппозиция өкілдері Саакашвилидің қызметтен кетуін талап етіп, пәрменді шерулер өткізген тұста ел саясаткерлері дәрменсіз боп қалған еді. Ресеймен арадағы соғыста дұрыс бағыт ұстанып, елді лайықты басқара алмады деген айып президентке тағылған болатын.

Дей тұрғанмен өткен апталарда сол теке-тірестердің беті қайта бастағандай сыңай білінді. Атап айтқанда оппозиция басшылары көшедегі шерулерін тоқтататыны жөнінде шілденің 24-де мәлімдеді.

Саакашвили елде демократиялық реформалардың жүргізілетіні жөнінде, АҚШ вице-президенті Джо Байденның Грузияға сапары қарсаңында, жариялаған болатын.

Ол реформалар қатарында мамыр айында жергілікті ерте сайлаулар шақыру және заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында сайлау туралы заңға өзгерістер енгізу, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы басшысын тағайындау ісінде оппозиция пікірімен санасу сауалдары да бар болатын.

Парламенттің бұрынғы спикері Нино Буржанадзе мен президенттікке бұрынғы үміткер Леван Гачечиладзе сияқты оппозиция басшылары Саакашвилидің қызметінен кетуін табанды түрде талап етуде.

Дей тұрғанмен, Грузияның БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі Иракли Аласаниа сияқты кейбір оппозиция басшылары болса, президент және оның командасымен келісімге келуге бейіл болып отыр. Мақсат-президентті қызметінен кетіру емес, елдің саяси саласын реформалау дейді олар.

Грузия сыртқы істер министрінің орынбасары Гига Бокерианың Азаттық радиосына айтуынша, Ресей қазір Грузия жерінің 20 пайызын басып алған. Сондай-ақ Ресей әскерлері Тбилисиден 30 шақырым жерде орналасқан екен.

Сыншылардың айтуынша, мәселеге Ресейдің араласуы раушан төңкерісі жоспарларының жүзеге аспай қалуына тікелей әсер етуде. Алайда ол уәделердің жүзеге аспауына Саакашвили айналасындағы басшылардың барлық билікті өз қолдарына шоғырландырып, қызмет бабын асыра пайдаланғандары айрықша әсер еткен дейді оппозиция.

Ел үкіметі мен оппозиция арасындағы қақтығыс 2007 жылдың қарашасында шырқау шыңына жеткені белгілі.
Дауыс санын есептеуде заңсыздықтар орын алуда деген айыптау 2008 жылғы президенттік және парламенттік сайлауларда қайта көтерілген болатын.
XS
SM
MD
LG