«Жас Қазақ» газетіндегі Раушан Баударбектің мақаласында соңғы жылдары экономикалық көрсеткіш бойынша республикада алға шығып жүрген Оңтүстік Қазақстан облысының өткен жылғы қарызының 16 миллиард 654 миллион теңге болғаны айтылыпты. «Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының» тығырыққа тірелуінен пәтер сатудың көрсеткіші небәрі 28,3 пайызды құрап, 5 миллиард 383,5 миллион теңге бюджетке құйылмай қалған екен.
Мақала авторының айтуынша, Айдос Сарым мен Алексей Лобанов дауласып, оның аяғы төбелеске ұласып кете жаздапты
«Айқын» басылымында Алматыда «Мигрант» операциясының аяқталғаны туралы мақала жарық көріпті. Мақала авторының айтуынша, осы операция барысында Қазақстан заңын бұзып, ақша тауып жүрген мыңнан астам шетелдік мигрант елден шығарылған. Тексеру кезінде 1357 заңсыз мигрант анықталған. Олардың 1145-і көрші республикалардан, ал 212-і алыс шетелдерден жұмыс іздеп келгендер көрінеді.
«Айт-парк» пікір-талас клубының маусымдық соңғы отырысы даумен аяқталды"- деп жазады «Central Asia Monitor» басылымы. Мақалада қалалар мен көшелердің атауын өзгерту, тарихи әділеттілік, отаршылдық, «империялық ой» төңірегінде болған пікірсайысқа қатысқан Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың президенті Айдос Сарым мен «Светоч» қоғамының төрағасы Алексей Лобановтың дауласып, оның аяғының төбелеске ұласып кете жаздағаны баяндалыпты. Оларды ажыратуға отырыстың модераторы Нұрлан Ерімбетовтің де шамасы жетпепті.
«Деловой Казахстан» газетінде премьер министр Кәрім Мәсімовтың «Қашаған» мұнай кенінде жұмыс істеп жатқан «Agip» KCO консорциумының басшыларымен телеконференция өткізгені хабарланыпты. Амина Жалилованың «Мың жылдық жоба» деп аталатын бұл мақаласында, келіссөздің жабық есік жағдайында өткендіктен, онда қандай мәселелердің талқыланғанының белгісіз болып қалғаны сөз болыпты.
Сондай-ақ мақалада «Agip» KCO баспасөз қызметі мен Энергетика және минеральды ресурстар министрлігінің осы жағдайға байланысты қысқа хабарлар таратумен шектелгені тілге тиек етіліпті. «Дегенмен, баспасөз мәліметінде премьер-министрдің «қашағандық жоба дұрыс жолға түсті» деген сөзінен үзінді жазылыпты, соған қарағанда, екі тарап бір мәмілеге келе бастаған сияқты», -дейді мақала авторы.