Accessibility links

Баспасөзге шолу 13.08.2008 жыл


Сәрсенбі күнгі басылымдарда олимпиадалық есеп бойынша Қазақстанның 22-ші орынға табан тірегені айтылыпты. Сондай-ақ, Алматыдағы метро тоннелінің үстіңгі қабаты опырылып, құлап түскені баяндалыпты.

«Айқын» газетінде Бейжің Олимпиадасының төртінші күні қазақ спорты үшін аса сәтті болғаны айтылыпты. Нұрғазы Сасаевтың «Қоржында – қос медаль» деген мақаласында, алғашқы медальды ауыр атлет Ирина Некрасова жеңіп алса, бұдан соң ақ түйенің қарны жарылып, грек-рим күресінің майталманы Нұрбахыт Теңізбаевтың қола медальге қол жеткізгені хабарланыпты. Сондай-ақ, осы екі жүлденің арқасында Қазақстанның жалпы командалық есепте 22-орынға бір-ақ көтерілгені тілге тиек етіліпті. «Әзірше бұл тізімге спортшылары кем дегенде бір медель алған 46 мемлекет енді»-деп жазады мақала авторы.
«Время» басылымында Абай мен Гагарин көшелерінің қиылысындағы жердің үлкен бөлігінің опырылып, метро тоннелінің ішіне құлап түскені cөз болыпты. Мақала авторы Руслан Бақтыгереевтің айтуынша, сол маңда болған адамдардың ешқайсысы зардап шекпеген. Тек Алматы тұрғыны Дина Гаитованың сол мезетте автокөлігімен бірге төбесі ойылған тоннельдің ішіне түсіп кете жаздапты. Бұл оқиға құрылыс жоспарынан ауытқунан болған. Жердің үстіңгі қабатын тіреп тұратын бағаналардың арасы бір-бірінен тым алшақ салынған. «Бізге жеткен ақпарат көздерінің айтуынша, метро құрылысын салушылар 4 метрдің орнына, әр бағананы 20 метр сайын орнатқан», - деп жазады мақала авторы.
«Аргументы и факты» газетінің қазақстандық қосымшасында, Шығыс Қазақстан облысының 29 жасар тұрғыны жезөкшелік бизнес құрғаны үшін құқық қорғау органдарының тарапынан тұтқындалып, оған қарсы Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексіне сәйкес, үш қылмыстық іс қозғалғаны айтылыпты. Мақалада, оның қарамағында тәнін сату арқылы ақша табуға бел буған Өзбекстанның 26 қызы болғаны баяндалыпты. Және, осы қыздардың ішіндегі үшеуінің әлі кәмілет жасқа да толмағаны тілге тиек етіліпті. Автордың айтуынша, жезөкшелердің барлығы бір бөлмелік екі пәтерде тұрған. Тіпті, олардың бірде- біреуінде төл құжат болмаған. Ал қолға түскен 29 жасар әйел, кәсіптің бұл түрімен 2006 жылдан бастап айналыса бастаған. Алматыда жылдың басынан бері жезөкшелікті ақша табудың көзіне айналдырған 14 адам жауапқа тартылған.
«Егемен Қазақстан» басылымындағы «Президенттердің бейресми кездесуі» деген мақалада, Нұрсұлтан Назарбаев пен Құрманбек Бакиевтің Ыстықкөл жағалауында кездесетіндігі хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, мемлекет басшысы кеше Қырғыз республикасына, Ыстықкөлге келді. Мұнда Қазақстан мен Қырғызстан президенттерінің бейресми кездесуі өтеді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Құрманбек Бакиев екі жақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, сондай-ақ өз ара қызығушылық туғызатын халықаралық проблемаларды талқылайды.
Қарағанды облысындағы ауылдардың бірінде мал қырылды. Бұл туралы «Литер» газетіндегі Айнұр Балакешованың мақаласында айтылыпты. Мақалада, төрт түліктің қырылуына геологиялық-зерттеу мекемесінің жарыластар жасауынан соң, жайылымдық алқаптар мен жақын маңдағы өзен суының улануы әсер еткендігі баяндалыпты. Мақала авторы құдай сақтап, адам шығыны болған жоқ, әйтепесе дәл мал қырылыған жерде кішкентай балалар көп ойнайды деп жазыпты. Сондай-ақ, өлген малдың барлығын санитарлық дәрігерлер зерттеуге алып кеткен. Дәрігер Бекболат Зауыттың айтуынша, оқиға болған жайылымдық жердің маңында жерасты байлықтарын зерттеумен айналысатын жекеменшік «Нұрқазған» кәсіпорыны бар. Солар өз жұмыстарында жарылғыш заттарды көп пайдаланады. Олардың кезекті жарылыстары шөп пен суды улаған болу керек.
XS
SM
MD
LG