Accessibility links

Зейнеткер белсенділер: Сауал көп, жауап жоқ


Зейнеткерлер қозғалысының жетекшісі Райхан Әлімбекова. Алматы, 8 қазан, 2008 жыл
Зейнеткерлер қозғалысының жетекшісі Райхан Әлімбекова. Алматы, 8 қазан, 2008 жыл

ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінен қолдау таппаған зейнеткерлер қала әкімшілігіне барды. Олар зейнетақы жүйесін өзгертуді және қалалық коммунальдық қызметті ретке келтіруді талап етті.

Зейнеткер белсенділерді қала әкімі емес, оның орынбасары Мәулен Мұқашев қабылады. Азаттық радиосының редакциясына келген қазақстандық зейнеткерлердің атынан президентке үндеу жолдауға бастамашы болып жүрген Райхан Әмірбекова әкімнің орынбасарымен болған кездесуден ешқандай нәтиже шықпағандығын айтты.
Зейнеткерлер президент Назарбаевқа жолдағысы келіп жүрген үндеуінде Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуден бас тартуын сұрапты. Олар жемқорлыққа белшесінен батқан, кедейлік жайлаған, зейнетақысын өмір сүруге жеткізе алмай отырған қарттары бар мемлекеттің мұндай беделді ұйымға басшылық етуге құқы жоқ деп есептейді.
- Сейсенбі күні түс қайта қала әкімінің орынбасары Мұқашевпен кездескенімізде, бұны ғана емес, коммунальдық қызметтегі және Жекеменшік пәтерлер кооперативіндегі (ЖПК) шешімі кезек күттірмейтін мәселелерді де айттық. Біздің есептеуіміз бойынша, Алматының коммунальдық қызметтері бағаны тым аспандатып жіберген. Ал зейнеткерлердің арасында жоғары дәрежедегі заңгерлер мен экономистер аз емес, біз солармен бірге аталмыш мәселені зерттедік. Мәселен, жылу жүйесіне әкімшілікпен белгіленбеген және әділет департаментінде тіркелмеген 0, 53 көрсеткіші қолданылады. Және, жылу саласындағы қызметкерлердің бірде-біреуі бұл санның қайдан пайда болғанын айта алмайды. Біз осының жауабын сұрап, хат жолдағанымызда олар бізге түсініксіз жауаптар қайтарады, - дейді Райхан Әмірбекова.
Осыдан соң зейнеткерлер коммунальдық қызмет саласындағы келеңсіздіктерді анықтау мақсатымен қалалық прокуратураға өтініш білдіреді. Райхан Әмірбекованың айтуынша, қалалық прокуратура да сырғытпа жауаптармен шектелген. Бұған көңілі толмаған зейнеткерлер Бас прокуратураға шағымданса, ол жақтағылар аталған мәселені анықтауды қалалық прокуратураға жолдаған.
- Сонымен, осы мәселелерді шешу керектігін айту үшін әкімшілікке барғанымызда қала әкімінің орынбасары қабылдады дедім ғой жаңа,- деп әңгімесін жалғастырды Райхан Әлімбекова. – Бізді қабылдаған қала әкімінің бірінші орынбасары Мәулен Мұқашев жоғарыда айтқан сұрақтарымызға жауап беретін мекемелердің өкілдерімен таныстырды. Бір таңғаларлығы, әкімнің орынбасарының қасында бізге жалтарма жауап қайтарған адамдар отырды. Бұл адамдар біздің көтеріп отырған проблемамызды түсінгісі де келмейді. Олардың арасында қалалық прокурордың орынбасары Бағбан Тайымбетов та болды. Ал оның алдында түсініксіз жауаптары үшін Бас прокуратураға Бағбан Тайымбетовтың үстінен шағым түсіргенбіз. Сонымен бірге, монополияға қарсы комитеттің және энергетика департаментінің өкілдері болды. Шынын айту керек, олардың барлығы біздің арыз-шағымдарымызға осы уақытқа дейін тек жалтарма жауаптар қайтарып келді. Сол адамдар біздің мәселемізді қайта қарамақ па?.
Сонымен қатар, Райхан Әмірбекова Жекеменшік пәтерлер кооперативінің мүлдем керек емес екенін айтты. Зейнеткерлердің пікірінше, аталған мекеме заңға томпақ келетін іспен айналысып отыр. Сондай-ақ, олар қалалық әкімшіліктен ЖПК-ны жоюды талап етіпті:
- Жалпыға ортақ жерді пайдалану үшін ЖПК қала тұрғындарынан қыруар ақша алып отыр. Ал бұл жерлер мемлекеттік бюджеттің есебінен қаржыландырылуы керек. Неліктен мемлекеттің өкілі болып саналатын әкімшілік қайдағы жоқ қоғамдық ұжымдарға өзінің стратегиялық мүлкін сеніп тапсырады? Ал ЖПК болса, өздерінің тіршілігі үшін бір тиын да төлемей, халықтың мойнына масыл болып отыр.
Сонымен осы уақытқа дейін Президентке арнап 68 үндеу дайындаған зейнеткерлер қалалық әкімшіліктен де өздерін мазалап жүрген сұрақтарға жауап таба алмай қайтты.
-Біз әкімнің бірінші орынбасары Мұқашевке 30 қазанға дейін осы мәселелерді түгел зерттеп, жауап беруін талап еттік. Ол орындалмаған жағдайда қала әкімінің өзіне баратындығымызды жеткіздік. Ал бізді Ахметжан Есімов қабылдаудан бас тартар болса, қолымыздағы үндеумен президенттің резиденциясына барамыз дедік. Бұл сөзіміз әкімнің орынбасарына ұнамай қалса керек, «сіздерге менің креслом керек болса, онда босатып берейін, бірақ былайша мені қорқытпаңыздар» деп, бірақ мәселенің байыбына баруға тырысатынын айтты, – деді Райхан Әмірбекова.

Азаттық радиосы тілшілерінің қалалық әкімшіліктен бұл мәселеге орай қандай да бір түсініктеме алмақшы болған әрекетінен нәтиже шықпады. Дегенмен, көпшілікке зейнеткер белсенділердің көтеріп жүрген проблемалары мен олардың қалалық әкімшілік басшыларымен көптен күткен кездесуінің қорытындысы жөнінде ақпарат жетеді ғой деген үміттеміз
Айта кету керек осы зейнеткер белсенділер 30 қыркүйек күні президенттің атына жазған үндеулерін ЕҚЫҰ-ның өкілдігіне тапсырмақ болған еді. Бірақ аталған ұйымның өкілдері олардың үндеуін алуға құқықтары жоқ екенін түсіндіріп, қалалық әкімшілікке баруға кеңес берген болатын.
XS
SM
MD
LG