Accessibility links

ТМД елдері мұнай-газ экспортына қаншалықты тәуелді?


Мұнай мен табиғи газ бағасының өсе түсуі - энергия көзін экспорттаушы Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан және Түркменстан үшін жақсы жаңалық болған еді.

Алайда жақында энергия бағасы айтарлықтай түсіп кетті, кейбір сарапшылар бұл энергия экспортының бағасын төмендетіп жіберуі мүмкін деп болжап отыр.
Ресей, Әзірбайжан, Қазақстан және Түркіменстан елдерінің мұнай мен табиғи газ қоры айтарлықтай. Сондай-ақ бұл елдер әлемдегі екі үлкен энергия көзін тұтынушы Еуропа Одағы мен Қытайдың ортасында тұр. Бүгінде олардың болашағы жарқын болғанымен, бұл елдердің көмірсутегі байлығына барынша иек арта беруіне мүмкіндік бар ма? Бұл тұрғыда итальяндық сарапшы Федерико Бордонаро былай дейді:
“Мәселен, Ресейді бір жағынан Әзірбайжан, Қазақстан және Түркіменстан сияқты елдерді басқаша алып қарайық.
Соңғы үш ел мұнай мен табиғи газ экспортына тәуелді болуы мүмкін, сондықтан біз соңғы аздаған жылдар ішінде олар өз экономикасын жақсылап таныта алады деп, әсіресе олардың табысы мұнай-газ экспортына тәуелді болып отырғандықтан айта аламыз”.
Сарапшы Бордонароның пікірінше, Ресейдің жағдайы бұл үш елден басқаша. Оның елге үлкен кіріс әкелетін қару-жарақ сияқты басқа да экспорттары бар.
Десе де, Брюсселдегі Халықаралық дағдарыс тобының сарапшысы Чарльз Эссердің айтуынша, Ресейдің де экономикасы мұнай мен газға байланған.
“Мен мұнда Ресейдің мемлекеттік бюджетінде мұнай мен газ кірістері елдің жалпы табысының кемінде үштен бірін құрайтынын көріп отырмын. Сондықтан бұл ел мұнай-газ кірісіне аса тәуелді болып отыр. Президент Дмитрий Медведев "Газпромның" федералдық бюджет кірісіне 20 пайыз үлес қосып отырғанын айтты. Ол мұны осы жылдың мамыр айында айтқан еді,”-дейді сарапшы Чарльз Эссер.
Бірақ Әзірбайжан, Қазақстан және Түркіменстанның көрсеткішімен салыстырғанда Ресейдің үштен-бірі көп те емес. Азия даму банкінің есебінше, Әзірбайжанның жалпы ішкі өнімі 2005 жылы 26,4 пайызға көтеріліп, сол жылы мұнай-газ секторы жалпы ішкі өнімнің 42 пайызын құраған. 2006 жылы Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры күніне 1 млн баррель мұнай тасымалдай бастады.
Қазақстанның жағдайы да мұнай экспортына байланысты қатты дамыды. Халықаралық дағдарыс тобының сарапшысы Эссердің айтуынша:
“Орталық Азияда Қазақстанның экономикасы басқа ортазиялық 4 елдің экономикасын қосқандағыдан ауқымдырақ”.
2005 жылы Қазақстанның мұнай-газ секторы ел экспортының 70 пайызын құраған.
Түркменстанның экономикалық көрсеткіштерін тәуелсіз тұрғыда анықтау мүмкін болмай келеді, дегенмен бос жатқан құрғақ далалы елдің аздаған басқа да экспорты бар екен.
Қыркүйектің ортасында мұнай бағасы барреліне 100 доллар шамасында, әрі бері толқып тұрды. Табиғи газ бағасы 50 пайызға өседі деп күтілгенде ТМД елдері үміттеніп қалған еді.

Бірақ сарапшы Эссердің пікірінше, ескеретін бір нәрсе бұл тауарлардың бағасы елдің бюджетін тепе-теңдікте ұстайтындай болуы керек. Оның сөзіне қарағанда, Әзірбайжан бюджетінде мұнайдың бір баррелі 70 доллар деп есептелген болса, Қазақстанда ол тіпті төмен, бір баррелі 61 доллар деп көрсетілген. Ал Ресей болса оптимистік тұрғыда 2009 жылғы мұнай бағасын бір барреліне 95 доллар деп есептеп отыр.
Дәл осы жыл мұнай бағасына қатысты ерекше жыл болды деген сарапшы Бордонаро, 1998-1998 жылдары мұнайдың бір баррелі 9-10 доллар шамасында болғанын еске алады. Одан кейін мұнай бағасы бірден көтеріліп, 40-50 доллар болғанда, көптеген экспорттаушы елдер мұны өте жоғары баға деп қараған.
Сөйтіп, екі сарапшы Бордонаро мен Эссер мұнай-газ бағасы жақын арада кенеттен төмендеп кете қоймайтын шығар дегенді айтады. Десе де Ресейдің жағдайында басқа да факторлармен қоса мұнай бағасының түсуі тез арада экономикалық проблемаларға әкелуі мүмкін дейді Бордонаро. Осы тұрғыдан келгенде мұнай бағасының түсуі ТМД-ның энергия экспорттаушы елдерін өз экономикаларын түрлендіруге шақырады дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG