Accessibility links

Баспасөзге шолу 12.08.2008 жыл


Сейсенбі күнгі басылымдарда Қап тауында болып жатқан соғыстың салдарынан 2 мыңға жуық адамның қаза тапқаны айтылыпты. Сондай-ақ, ауыр атлет Анатолий Храпатыйдың жол апатынан көз жұмғаны баяндалыпты.

«Айқын» газетінде Айхан Шәріптің «Кикілжіңнің кесірі тимесін» деген мақаласында, Грузияда болып жатқан оқиғалар Қазақстанды да алаңдатып отырғаны хабарланыпты. Мақалада, Грузиядағы қақтығыстың кесірі Қазақстанға да тигелі тұр, үкіметтің байламынша, шиеленістің ширыға түсуі қазақ елінің сондағы экономикалық мүддесіне де нұқсан келтіруі мүмкін екені туралы айтылыпты. Сондай-ақ, кешегі үкіметтегі кеңесте премьер-министр Кәрім Мәсімов Оңтүстік Осетиядағы жағдайдың салдарынан Қазақстанның оңтүстік тасымал бағытының жабылып қалғандығы туралы айтқаны тілге тиек етіліпті. «Ал кеңес отырысының қорытындысында үкімет Грузиядағы Батуми айлағы арқылы шетелді бетке алған қазақ мұнайын кері қайтарып, бұл бағытта «қара алтын» айдаудан бас тарту туралы шешім қабылдады», - деп жазады мақала авторы.
«Жас Алаш» газетінде өткен аптада, бейсенбіден жұмаға қараған түні Оңтүстік Осетия аумағында басталған әскери кикілжің әлі жалғасып жатқаны баяндалыпты. Мақалада соңғы мәліметтер бойынша Ресей мен Грузия арасындағы қақтығыстар кезінде 2 мыңға жуық адамның қаза тапқаны жазылыпты. Мақала авторы Мұхтар Жанұзақұлының айтуынша, 1999 жылы шешен соғысынан бері ТМД аумағында мұндай ірі көлемдегі соғыс болып көрмепті. Нағыз соғыс алпауыт елдердің арасында жатқаны мәлім болды. АҚШ-тың ізін ала Украина, Латвия, Литва, Польша сияқты елдер Ресейді айыптап, «Грузияның аумақтық тұтастығына құрметпен қарау керек» десе, Ресей «осетин халқын қырып-жоюға жол бермейтінін» қайта-қайта шегелеп айтты. «Тіпті, Грузиямен жақсы қарым-қатынаста болып келген Қазақстан президенті Михаил Саакашвилидің дәл Олимпиада ойындары басталған күні кикілжіңді бастағанына өкініш білдірді», - деп жазады мақала авторы.
«Егемен Қазақстан» басылымында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 9 тамызда Олимпия қалашығында болып, қазақстандық олимпиадашылармен кездескені хабарланыпты. Сондай-ақ, президенттің «мен мұнда сендерге жанкүйер болу үшін, сендер біздің қолдауымызды, бүкіл Қазақстан халқының қолдауын сезінулерің үшін келдім. Сендердің Олипиадада лайықты өнер көрсететіндеріңе сенімдімін. Жеңістер міндетті түрде болады», - деп айтқан сөзі жазылыпты. Мақалада, мемлекет басшысы тарапынан көңіл бөлінуі спортшыларды қатты тебірентті деп айтылыпты. Ашық-жарқын және көңілді ахуалда өткен кездесу бірлесіп суретке түсумен аяқталғаны тілге тиек етіліпті.
Өткен жексенбі күні Алматы-Екатеринбург тас жолында, Ақмола облысына қарасты Степногорск қаласының маңында өте үлкен жылдамдықпен келе жатқан «Тойота-Виндом» авто көлігі қазақстандық ауыр атлет, Қазақстан қорғаныс министрлігінің подполковнигі, Халықтар достығы және «Құрмет» орденінің иегері Анатолий Храпатый жүргізіп келе жатқан «Ямаха» мотоцикліне соқтығысқан. Бұл туралы «Время» басылымында Тохнияз Кучуков пен Михаил Васильевтің мақаласында айтылыпты. Сондай-ақ, мақалада ауыр жарақаттар алған чемпионның оқиға болған жерде көз жұмғаны жазылыпты. 45 жасар Анатолий Храпатый еңбегі сіңген спорт шебері, Еуропаның бес дүркін чемпионы, әлем чемпионы, Сеуілдегі Олимпиаданың алтын және Атлантада өткен Олимпиаданың күміс жүлдегері болған.
Сонымен қатар, газеттің 10-шы бетінде 14 маусым күні есік алдында ойнап жүріп, із-түссіз жоғалып кеткен 7 жасар Томирис Исраилованың мәйіті табылғаны хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, Томиристі іздеп табуға полиция қызметкерлерінен бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен Ішкі әскер де атсалысқан. Кішкентай қыздың мәйіті 5-ші тамыз күні кезекті рет болған іздестіру шаралары кезінде Алматы облысының Колхозшы ауылының маңынан табылған. Ал алтыншы тамыз күні қыздың өліміне қатысы бар деген күдікті де ұсталды. Ол Томирис Исраилованың анасының інісі болып шықты. Полицейлердің айтуынша, күдікті 14 маусым күні Томиристі зорлаған соң, оны өлтіріп, мәйітін ауылдың шетіне жасырып қойғанын мойындаған.
XS
SM
MD
LG